Денсаулық

Мейірімді маман

Мейірімді маман

Облыс аймағында жүрексырқаттарын зерттеп, емдейтінбеделді клиникалардың бірі және бірегейі Тараздағы «Ғылыми- клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» екенін көпшілік жақсы біледі. Оның беделін көтеріп отырған, әрине майталман басшысы ғалым-кардиохирург, академик Сейітхан Жошыбаев пен оның жұдырықтай жұмылған, еңбекпен ысылған мамандар тобы, клиникада қолжетімді заманауи диагностикалық аппараттары мен жаны мейірімге толы медбикелер және шаруа қызметкерлері. Бұл клиниканың елге қызмет етіп жатқанына 15 жылдай уақыт болыпты. Сол мезгілде клиниканың аты тек республикада ғана емес, қатар жатқан Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей Федарациясының маман-дәрігерлеріне, пациенттеріне кең танымал болды. width=

Жанына шипа іздегендер алыс-жақыннан ат терлетіп арнайы келіп, қажетті ем-дом қабылдап жатады. Ұжым қызметкерлері осы клиниканың алғашқы күнінен басы-қасында, «ыстығына күйіп, суығына тоңып» жүрген белсенді азамат-дәрігер, ғалым иммунолог-иммуногенетик, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбай Төлебекұлы жайлы, оның қосып жатқан үлесіне, игілікті істеріне жақсы, жағымды пікір айтып, ризашылығын білдіріп отырады. – Курстас-замандасым, профессор Бейсенбай Төлебекұлын 65 жылдан астам уақыт білемін. Ол мына Жамбыл ауданының Бірлесу-Еңбек ауылының тумасы. Бейсенбай досым қай жерде қызмет жасасын, өзін қажырлы да сауатты ұйымдастырушы, жоғары білікті маман, қоғам белсендісі ретінде танытты. Еңбегі бағаланбай қалған жоқ. Мысалы, денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан қомақты үлесі үшін 1998 жылы Бейсенбай Төлебекұлына «ҚР денсаулық сақтау саласының үздігі» құрметті атағы беріліп, 2001 жылы ол Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталды. Үкімет наградаларына қоса ғалымның халықтан алғыс алуы, қызметте әріптестерінің ыстық ілтипаты оны абырой асқарына, бедел биігіне көтерді. Ғалымның ғылыми зерттеулерінің құндылығы, алуан қырлылығы, ғылыми еңбектерінің медицинада кеңінен қолданысқа енгізілуі, Қырғыз Республикасында ғалымдар мен дәрігер кадрларын дайындауға қосқан өлшеусіз үлесі Қырғызстан Республикасындағы клиникалық иммунология және аллергология бойынша профессор ғылыми атағын алуына толық негіз болды. 1973 жылы оның іздену-талабымен КСРО-да бірінші болып Бішкекте инфекциясыз иммунология зертханасы ашылып, бір топ маман ғылыми жұмыстармен айналыса бастады. Бейсенбай Төлебекұлының ғылыми еңбектері сөз болғанда алдымен оның Қырғыз Республикасы Денсаулық Сақтау Министрлігінің Қырғыз акушерлік және педиатрия ғылыми зерттеу институты ғылыми кеңесінің шешімімен баспаға ұсынылып, 2003 жылы орыс тілінде жарық көрген “Қырғызстан халқы денсаулығының иммунологиялық және иммуногенетикалық негіздері” атты монографиясы ойға оралады. Кітапта Республиканың түрлі климаттық- географиялық аймақтарында тұратын халықтық иммундық мәртебесінің ерекшеліктері ұзақ жылғы зерттеулер негізінде егжей-тегжейлігі көрініс берген. Тейкоциттердің тән үйлесімділігін анықтау тәсілін Республикада тұғыш рет енгізген ғалымның бұл кітаптағы материалдарының теориялық маңызы жоғары, қолданылу аясы кең. Монография қалың оқырманға, оның ішінде иммунологтар мен аллергологтарға, экологтар мен дәрігерлерге, биологтар мен ғылыммен айналысатын қызметкерлерге, медициналық жоғарғы оқу орындарының білімгерлеріне арналған. Бұл еңбек әдістемелік және қолданбалы құрал ретінде пайдалануға болатын дайын әрі құнды құрал екені даусыз. Кітап «Қырғызстанның түрлі климаттық- географиялық аймақтарындағы адам организмінің иммунологиялық реактивтігі» және «Адам лейкоциттерінің тін үйлесімділігі антиделерін зерттеудің иммунологиялық аспектілері» деп аталатын 2 бөлімнен және бірнеше тараудан тұрады. Бірінші бөлімдегі Қырғыызстан балаларындағы иммунды жүйенің ерекшеліктері, биік таулы аймақта тұратын байырғы халық иммунитетінің ерекшеліктері, барокамералық тіндердегі оттектің азаюының иммунологиялық механизмдері терең зерттеліп, талданған. Автордың пікірінше, иммунды жүйе жағдайының өзгеруіне сол ортадағы әлеуметтік экономикалық ахуал, қоршаған ортаның зиянды факторлары және экологиялық қолайсыздықтар тікелей әсер етеді. Осыдан барып адамдар организмінің бактериалды, вирусты, түрлі жұқпалы ауруды қабылдамау қабілеті төмендей түседі. Адам организміне табиғи факторлардың тигізетін әсерін ескере отырып, ғалым иммундық мәртебесін анықтау үшін түрлі аймақтарда тұратын түрлі жастағы балаларды зерттеген. Географиялық аймақтар қатарына теңіз деңгейінен 760 метр биік жатқан Бішкек қаласын, 1770 метр биіктіктегі Қаракөл қаласын, 960 метр биіктіктегі Кеңес-Анархай жайылымын, биік таудағы Сусамыр (2200 метр) алған. Ірі өнеркәсіп, ғылым және мәдениет орталығы саналатын Шу жазығында қоныс тепкен ауасында зиянды заттар көп кездесетін Бішкек қаласында екі топтағы балалар – 7 мен 14 жастағы жеткіншектердің иммундық мәртебесі тексерілді. Ал Кеңес-Анархай жайлауының мал өсірумен айналысатын елді мекенінде үш топтағы балалар – 7-11 жастағы, 12-14 және 15-17 арасындағылардың иммундық жүйесінің функционалдық жай күйі бағаланды. Мұнда кіші жастағы балалардың иммунограммасы төмендегі параметрлермен сипатталды. Ауылдағы балаларда лейкоциттер мөлшері Бішкектегімен салыстырғанда біршама жоғары болып шықты. Жетілген Т-лейкоциттер құрамы екі жақта шамамен тең болғанымен, Т-жасушаларының деңгейі бойынша ауылдық балаларда едәуір жоғары нәтиже болды. Осылайша Сусамырдағы және Қаракөлдегі балалардың да иммундық мәртебесі тексеріліп, басқа өңірдегілермен салыстырылып, көрсеткіштер жинақталды. Өнерәсібі дамыған қала мен малды ауылдағы балалардағы иммундық мәртебенің айырмашылығы жасы кішілер арасында едәуір байқалды. Автор бұдан соң биік таулы аймақтарда тұратын байырғы халықтың иммунитет ерекшеліктерін және биік таулы аймақ жағдайына өз бетінше бейімделу үдерісін зерттеу қорытындыларын жасады. Бұл тарауда ғалым биік таулы аймақ жағдайына бейімделу барысында адам иммунитетінің Т-тобының функциясын, биік таулы аймақ жағдайындағы адам иммунитетінің B-тобының функциясын талдай келіп, организмді қорғаудың табиғи факторларын түйіндеп береді. Монографияда баракамералық гипоксия жағдайында адам организмінің иммунологиялық реактивтігі турасында жан-жақты түсінік беріледі. Зерттеу негізінде ғалым мынадай қорытындыға келді: иммундық жүйеге қысқа мерзімді гипоксия әсер еткенде Тлимфоциттердің функицоналдық белсенділігі азаяды және төзімділіктің табиғи факторлары төмендейді. Бұл өзгерістер гипоксиялық әсерден соң біршама уақыт өткенде барынша анық байқалады және ол сол кезең аралығында иммунологиялық белсенділіктің төмендегі туралы хабар береді. Ал жіті барокамералық гипоксия әсер еткен 60- шы минутқа адам қанының қышқылдық жағдайы қозғалысына алып келеді. Сол ізденістердің нәтижесінде бірнеше иммуномодуляторлар (В-актовегин, Т-актовегин) жасалды. Бұдан соң гипоксия күйзелісті фактор ретінде қанның өзіне тән қорғаныс функияларын реактивті өзгерістерге ұшыратады. Гемостаз жүйесінде бұл өзгерістер өте жылдам байқалады, тамыр ішіндегі ұйылған қанды ыдыратуға белгі береді. Иммундық жүйе өзгерістің бастапқы кезеңінде лимфоциттер қайта сараланады да, бұдан кейін Т-лимфоциттерінің функционалдық белсенділігі бірте-бірте азаяды және организм қорғанысының табиғи факторлары уақыт өткен сайын төмендейді. Иммунитет пен гемостаз арасында өзара функционалдық байланыстың болуы қан жүйенің физиологиялық қорғанына реакцияларының жалғасу тізбегін анықтайды және гипоксия кезінде гоместазды бір қалыпта ұстауға септігін тигізеді. Мен Бейсенбай досымның ғылымдағы ізденімпаздығын ерекше атағым келеді. Әйгілі ғалым А.Эйнштейн өзінің ізденісі туралы айта келіп:  «Бұл мая шөп ішінен инені іздеумен тең, бірақ көп адамдар бір ине табады да тоқтап қалады. Ал мен екінші, үшінші инені іздеймін, сәті түссе төртіншісін, бесіншісін тамабамын» депті. Сол айтылғандай Бейсекең әркез ізденумен жүреді. Бұл – оның ғылыми ізденістері, жетістіктері жайлы. Енді, ол неге үлкен ғылыми ортаны тастап, бойы үйренген Бішкек шаһарын қиып туған жері, кіндік қаны тамған өңірі, атажұрты Таразға қоныс аударғаны туралы әңгімеге көшейік. Оған мен тікелей себепкер болғаным рас. Жас келген сайын адамды туған топырағы өзіне ынтықтырып, сағынышқа батыра береді екен. Сол әсер менде де болды. Өскен топырағымызға, ел-жұртымызға қолымыздан келіп жатса көмек берейік, халық денсаулығын жақсартуға үлесімізді қосайық деген оймен 2007 жылы мен, 2009 жылы Бейсенбай Әулиеата жеріне табан тіредік. Міне содан бері бір шатыр астында беріле еңбек етіп келеміз. Профессор Бейсенбай Төлебекұлы клиника жетекшісінің орынбасары ретінде тындырымды еңбек етіп келеді. Ол жастарға бағыт-бағдар беріп отыратын ақылшы-ұстаз, көрген-білгені мол ғылыми қызметкер, қолынан көп іс келетін қабілетті ұйымдастырушы», – деген пікір білдіреді клиника басшысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сейтхан Жошыбаев ағынан жарылып. Адам туа сала ерекшеленіп ел-жұрт алдында шешен, ақыл айтатын данышпан, белгілі ғұлама, ғалым бола салмайды. Әрине, жақсы адами қасиеттер ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен (генетика бойынша тұқыммен) берілетінін теріске шығаруға болмас, сірә. Адамды отбасы, өскен ортасы, қызмет орны тәрбиелейді, мамандығы қалыптастырады. Адамның басты қасиеті – адамгершілік. Сол қасиетті ардақтаса, жоғалтпаса ол сыйлы, абыройлы болады. Әрине, әркімнің өз биігі бар. Ол биікке әркім әрқалай шығады. Таза еңбекпен, маңдай термен сол биіктерді бағындырған адам еңбектің қадірін ұғады. Хакім Абайдың «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға», «...Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деген қанатты сөздері орынды айтылған. Күн тәртібінің тым тығыздығына қарамай, бірер сәттік уақыт тауып Бейсенбай Төлебекұлымен дидарласып отырмыз. – 2003 жылы өзімнің көп жылғы ғылыми зерттеулерімнің негізінде «Қырғызстан халқы денсаулығының иммунологиялық монографиямды жарыққа шығардым. Осы баспадан шыққан монографияға байланысты менің атыма сол жылы академик Р.И. Сепиашвили мен медицина ғылымдарының докторы, профессор И.Г.Сидоровичтен оңды пікірлер түсті. Пікірлердің бірі «Аллергология и иммунология» журналында, екіншісі «Аллергия, астма и клиническая иммунология» журналында жарияланды. Ресей Федерациясының алдыңғы қатарлы ғалым иммунологтары мен иммуногенетиктері өз рецензияларында иммунологиялық зерттеулердің әдістемелік деңгейі өте жоғары екендігі және организмнің өзіндік ішкі ортасының динамикалық тұрақтылығын танып-білумен айналысатын мамандар үшін бұл аса құнды болып табылатынын атап көрсетті. Бұл мәліметтер ғалымның «Қырғызстандағы балалар мен жасөспірімдер денсаулығының иммунологиялық және иммуногенетикалық аспектілері» атты докторлық диссертациясында да көрініс тапты. Жоғарыда асталған зерттеу материалдары ғылыми басылымдарда кеңінен жарық көрді, халықаралық және бүкілодақтық конгрестерде, республикалық ғылыми- практикалық конференцияларда талай мәрте баяндалып, талқыланды, пікірлер айтылды. Қатар жүрген ғалым-әріптестерім, мені басқаларға таныстырғанда: «Бейсенбай Төлебекұлы – түрлі жастағы иммунология және иммуногенетика саласының білікті маманы. Оның еңбектері үлкен теориялық жаңашылдығымен ғана емес, кең қолданысқа ие болып отырғанымен ерекшеленіп, дараланады. Ол – ТМД аллергологтар мен клиниканың иммунологтар одағы басқармасыың және ҚР Ғылым Академиясы эксперттік кеңесінің мүшесі. Белгілі ғалым ғылыми-зерттеу және диссертациялық жұмыстарды эксперттік бағаларға белсене қатысады, кандидаттық және докторлық диссертация қорғаушылар алдында ресми өкіл (оппонент) ретінде алады, жоспарланып отырған және аяқталған ғылыми- зерттеу жұмыстарына тұрақты түрде рецензия жазып, орынды пікір айтады, диссертация рефераттарына пікір білдіреді, дәрігер және ғалым кадрларды аттестаттайды» деп мақтап, мадақтап жатады. 2009 жылдың қыркүйек айында туған жерім Таразға көшіп келгенімен Қырғызстан үшін ғылыми кадрлар даярлауын жалғастырып келемін. 2011 жылы менің басшылығыммен А.Токоева кандидаттық диссертациясын, М.А. Ащералиева пен Т.Тологонов докторлық диссертациясын қорғап шықса, олардан басқа менің жетекшілігімен тағы бір адам кандидаттық, екі адам докторлық диссертациясын қорғауға жақын тұр. Басылым беттерінде 217 ғылыми еңбегім жарық көрді, олардың ішінде 2 монографиям бар. «Физиология жөніндегі басшылық» еңбегім жеке тарау болып шықты, орталық және шетел басылымдарында мақалаларым жарияланды, Ресей Федерациясының өнертапқышы патентім де бар. 2 докторлық диссертацияға ғылыми кеңесші, 7 кандидаттық диссертацияға ғылыми жетекші болдым. Біздің зертхана материалдарын ғылыми негіздеп, 11 докторлық, 7 кандидаттық диссертация қорғалды. Қазір де талапты, ізденімпаз жастарды білімге жұмылдырып, магистрлік, докторлық ғылыми жұмыстарына кеңесші болып жүрмін. Біздің ғылыми топтың зерттеу нәтижелерін талай мәрте биік мінберлерде тұрып баяндадым. Атап айтқанда, Венгрия, АҚШ, Испания, Израиль, Ресей сияқты алпауыт елдерде өткен халықаралық беделді конгресстерде, съездерде, симпозиумдарда баяндалған ғылыми тұжырымдар әлемнің маңдайалды ғалымдарын бейжай қалдырмады. Оған шүкіршілік етемін. Барлық бұралаңдарға толы өмір жолымды, ғылымда ізденумен өткен өмір баспалдақтарын санамда жаңғыртып, қол жеткізген жетістіктеріме, отбасымдағы берекеге, бала-шағамыз бен ағайын-жұрттың амандығына «Тәубе!», – дейді Бейсенбай Төлебекұлы артта қалған жылдарын сағынышпен еске алып. «Ұлтарақтай болса да ата-қоныс, атамекен қымбат. Ат төбеліндей болса да, туып-өскен ел қымбат» деген қанатты сөз бар. Сол айтылғандай, ұзақ жылдар көрші Қырғыз елінде қызмет етіп, ғылымда біраз жетістіктерге жетіп, өсіп-өніп, ұл- қыздарымды дүниеге әкелсем де, көпшіліктің сый- құрметіне бөленсем де туған жерді, кіндік қаным тамған мекенді, ағайын-жұртты сағынады екенсің. Бұл, сірә, әрбір саналы адамның жүрегінде болатын сағыныш, ел-жұртыңды аңсау болу керек. Сөйтіп, «тәуекел!» деп 52 жылдан кейін туған жерім, киелі де қасиетті Әулиеата (Жамбыл- Таразға) өңіріне оралдым», – деп жазыпты Бейсенбай Төлебекұлы өз қолжазбасында. Расында да солай, жүректен лықып шыққан асыл сөз көңілді толқытып, жүрегіңді елжіретеді. Ия, әр қазақтың бойынан туған жерге деген сүйіспеншілік, туған топыраққа деген перзенттік парыз, ел-жұртыңды қадірлеу, аялау деген асыл қасиет табылып жатса, шіркін! Туған жердің тартылу күшін сезінудің өзі бір ғанибет дүние екен ғой...

Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.