Денсаулық

Орталық саябақ жөнделуде

Орталық саябақ жөнделуде

Ауданда саябақтар қайта жаңғыртылуда. Соның бірі – аудан орталығындағы орталық саябақ. Ол 1,6 гектар аумақты алып жатыр. Бұл саябақ 2013 жылы ағымдағы жөндеуден өткен еді.

Қордай ауылының әкімі Б.Сахатовтың айтуынша, алдағы уақытта саябақ аумағына үлкен сахна қойылып, мәдени шаралар өтетін орынға айналдырылмақ. Осылайша саябақ ауыл тұрғындарының серуендейтін орны ғана емес, сонымен бірге бір мезгіл концерттік іс-шаралар мен сахналық қойылымдар тамашалайтын орынға айналмақ. Орталық саябақ аумағында жарық бағаналары орнатылып, жаяу жүргінші жолдарына асфальт жабыны төселіп, плитка тастары жаңартылып, жаңа орындықтар мен қоқыс тастайтын құтылар орнатылып, сыртқы қоршауы толығымен ауыстырылуда. Демалушылардың қауіпсіздігіне де көңіл бөлініп, саябаққа бейнебақылау камерасы мен полиция пунктін де салу ойластырылған.

Осыдан үш ай бұрын басталған саябақтағы құрылыс жұмыстары аяқталып келеді. Құрылысын мойнына алған мердігер демалыс орнының сыртқы қоршауын биік темір қоршаумен қоршап, қураған ағаштарын кесіп, жаяу жүргіншілер жолын төсеп үлгерген. Ауыл тұрғындары көптеп жиналатын саябақ маңынан және ішінен сауда нүктелерін ашуға ниет білдірген азаматтар қатары да артқан.

Қазірдің өзінде саябақтың дәл ортасынан жеке кәсіпкер «Inzhu Terrassa» атты дәмхана мен балаларға арналған ойын алаңшасын ашып, маусым айынан жұмысын бастаған.  Қордай ауылдық округі әкімі аппаратының мәліметіне сәйкес, жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін толықтай аяқталады деп күтілуде.

Ләйлім ДОСЫМБЕКОВА, журналист. Қордай ауданы