Денсаулық

Шерхан Мұртаза ескерткішінің орны белгілі болды

Шерхан Мұртаза ескерткішінің орны белгілі болды

Биыл туғанына тоқсан жыл толып отырған қазақ руханиятының абызы Шерхан Мұртазаның мерейтойына орай облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің тікелей тапсырмасымен еңселі ескерткіш орнату басшылыққа алынған-тын. Күні кешеге дейін ел арасында қызу талқыға түскен қаранар қайраткердің ескерткіші енді қай жерге қойылатыны белгілі болды. Жазушының кіндік қаны тамған Әулиеатада белгілі қаламгерлер, зиялы қауым өкілдерінен құрылған жергілікті комиссия мүшелері ескерткішті облыс орталығындағы Жамбыл даңғылының бойында орнатылсын деген шешім шығарды.

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ел перзентінің ескерткішін орнату мәселесінің әуелден басы-қасында жүрген «Көне- Тараз» қоғамдық қорының президенті, комиссия төрағасы Мұратбек Әзімов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен жүздесіп, комиссияның шешімін жария етті. – Осыдан екі айға жуық уақыт бұрын облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Шераға мерейтойына орай еңселі ескерткішін орнату туралы тапсырма берді. Десек те өңір басшысы ескерткіштің қандай болатынын және қай жерде орналасатынын халықпен кеңесіп шешуді міндеттеді. Содан ескерткіштің үлгілері арасында байқау ұйымдастырдық. Өз елімізбен қоса Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен де үміткерлер осы байқауға қатысты. Нәтижесінде 17 мүсіннің үлгісі келіп түсті. Арнайы комиссия мүшелері солардың арасынан үздік деген үш мүсіннің үлгісін анықтады. Енді осы ескерткіштерді орналастыру жағы үлкен мәселе болды. Орындар арасында Төле би даңғылының бойындағы «Астана» ықшамауданындағы көзі тірісінде Шерағаның өзі тұрған үйдің жаны, «Шахристандағы» қайраткердің атымен аталатын руханият және тарихтану орталығының алды, Ы. Сүлейменов көшесінің бойындағы «Жастар аллеясы» және осы Жамбыл даңғылының бойындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты жатақханасының алды ең көп талқыға түсті. Нәтижесінде арнайы құрылған комиссияда 20 мүше бар болса, соның 12-сі Халықаралық Тараз иннновациялық институты жатақханасының алдына қою туралы оң пікір білдірді. Алдағы бірер күнде осы шешім мен үш үздік мүсіннің үлгісін Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік комиссияға жібереміз. Соңғы әрі нақты шешімді мемлекеттік комиссия қабылдайтын болады, – деді Мұратбек Қоханұлы. Комиссия төрағасы өз сөзінде өскелең ұрпақ үшін маңызды шешім қабылдауға бір кісідей атсалысқан қоғам белсенділеріне, БАҚ өкілдеріне алғысын жеткізді. Мемлекеттік комиссиядан хабар келсе, ескерткіштің құрылысы кезек күттірмей, бірден басталып кететінін, оған қажет қаражат демеушілер есебінен бөлінетінін жеткізді. Ал ескерткіштің нақты орны Жамбыл даңғылы №75 А мекенжайы болып таңдалыпты. Шерағаның ескерткішін бедерлеуде белсенді атанған үш мүсін Алматы және Шымкент қалалары авторларының туындылары екен. Сөз соңында Мұратбек Қоханұлы БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Нұржан ҚАДІРӘЛІ