Таразда түзеу мекемесіне есірткі алып кірмек болған ер адам ұсталды

199

Жамбылда қатаң режимдегі ЖД-158/4 мекемесіне есірткі алып кірмек болған азамат ұсталды. «Еңбек Тараз» РМК-ға тиесілі көлік жүргізушісі Е есімді азамат көліктің артқы қаңқасына жалпы салмағы 46,95 грамм болатын 2 қаптама кептірілген марихуананы алып өтпекші болған.

Заңға қайшы әрекет мекеменің жедел бөлімінің қызметкерлері әділет майоры Әділғазы Төлебаев, әділет аға лейтенанты Қуандық Қуанышұлы және тексеру тобының бақылаушысы әділет сержанты Ержан Ақпанбетовтың қырағылығымен әшкереленіп отыр.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Енді жүргізушінің кінәсі дәлелденсе, ол да жазасын өтеушілердің қатарынан табылуы мүмкін.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың І жартыжылдық қорытындысына сәйкес, заңсыз әрекеттерді әшкерелеуде ерекше көзге түскен мекеме қызметкерлері мекеме және облыстық ҚАЖ департаменті басшылығы тарапынан марапатқа ұсынылатын болады.

Айгүл АБДЫБАЕВА,
ЖД-158/4 мекемесінің режим бөлімінің аға жедел уәкілі, әділет майоры

Comments are closed.