- Advertisement -

ЕЛІ ДАРХАН, ЖЕРІ БАЙ

132

- Advertisement -

69Серік ҮМБЕТОВ,
облыстың 1999-2004 жылдардағы әкімі.

Айбынды әрі асқақ Алатау мен қарт Қаратаудың түйіскен алқабында кең көсіліп, Шу мен Талас, Аспара мен Мойынқұм аясында өсіп-өнген бұл өлке мен үшін де өте ыстық, жүрегімнің түкпірінен айрықша орын алған қастерлі жер. Мен ұзақ жылғы мемлекеттік қызметімнің Жамбыл облысында өткен кезеңіне дән ризамын. Жігіт адамның жолын ашар халқы бар болса, онда тасы өрге домалайды. «Береке-бірлігі болмаса – елге сын, ел үшін жасар тірлігі болмаса – ерге сын» демекші, облыс халқының береке-бірлігін, ауызбіршілігі мен өзара ынтымағын ерекше құрметтеймін. Мен бұл ғажап қасиетті бірінші басшы болып қызметке келген күннен бастап қатты сезіндім. Сол ықылас-пейіл ел мен қоғам үшін нәтижелі де табысты еңбек етуге керемет күш-жігер қосты.
Жетісу өлкесі Жамбыл облысымен іргесі бөлінбеген, ағайын-бауыр аралас-құралас болып келгені де жергілікті халықпен тез тіл табысып, олардың жандүниесін терең түсініп, арқа тұтар жұртшылықпен қоян-қолтық араласып қызмет етуіме өз септігін тигізгенін де айтуға тиіспін. Әрине, мен облысқа басшылық еткен жылдардың (1999-2004) өз аясында, егемендіктің елең-алаңында түрлі әлеуметтік қиындықтар болды. Оңтүстік өлкенің өндірістік алыбы – Жамбыл фосфор зауытының жұмысы ақсап, оның салдарынан Жаңатас, Қаратау секілді шағын қалаларды жұмыссыздық жайлап, уақытында жалақы алмай, көп қабатты тұрғын үйлерде электр жарығы жиі сөніп, көгілдір оттың берілуі де сирексіп, жұрттың мұң-мұқтажы көп болып тұрған-ды. Сол уақытқа дейін әлеуметтік-мәдени, білім және спорт саласында жүргізілген оңтайландыру науқанының кемшіліктерін де түзеуге тура келді. Асығыс-үсігіс жабылып қалған клубтар мен кітапханалар есігін қайта ашты, білім және денсаулық саласы бойынша жергілікті басқарудың тиімді жақтары қайта қалпына келтірілді. Ауыл шаруашылығында еңсе тіктететін көп іс атқарылды.
Қалың бұқараны алаңдатқан өзекті мәселелер бірте-бірте шешіліп, өз арнасын тапты. Мен бұл орайда көрсеткіштер тізбегін келтіріп, пайыздық өсу деңгейін айтып жатудың қажеті бола қоймас деп ойлаймын. Елге жасалған жақсылықтар мен игіліктерді халық өз өмірінен сезінуі қажет.
Егемен Қазақстан қалай өркендесе, сол мезгіл өлшемімен алып қарасақ, Жамбыл аймағы да көп қиындықтарды еңсеріп, әлеуметтік-экономикалық және рухани салада түбегейлі жаңа өзгерістерге қол жеткізді. Облыс әу бастан өзінің рухы мықты, ниеті мен пейілі үйлесімді ақ батамен құт дарыған жұртымен мақтана алатын. Сол абырой биігінен бұл жолы да көрінді. Абыройдың ең үлкені сол тұста қызмет пен билік мансабында жүрген азаматтар мемлекетшіл белсенділігімен ерекшеленіп, ұлтымызды ұйыстырған көп тірлікті жүзеге асырды.
Сол бір жылдары ел аса зәру болған «Амангелді газ» кен орнының пайдалануға берілуі, Тараз қаласының 2000 жылдығы тойлануы және басқа да зор игіліктер Жамбыл елінің ыстық ықыласы мен Елбасының қолдауы арқасында жүзеге асты. Жақсының қадіріне жеткен жұрт өзінің де қадіріне жетеді. Биыл облыстың құрылғанына 75 жыл толуына орай халық жадында ұзақ сақталған дүниелер қайта жаңғырып, өткен тарихи жолдар тағылымы айтылар. Солай болуы керек. Өткен тарихты ұмытуға болмайды. Тақыр жерден ештеңе өніп, өсіп шықпайды. Жұртты игілікке ұйыта білетін идеологиялық іс-шаралар жасампаздық жолға бастайды. Ал мұндай ұлттық тарихи жәдігерлер Жамбыл жерінде молынан кездеседі. Өйткені, елін ойлап өскен азаматтарымыз көп.
Мәселен, Тәуелсіздіктің тұғырын баянды ету мақсатында орталық алаңға орнатылған Бәйдібек баба мен Бауыржан Момышұлы ескерткіштерін, басқа да аймақтың әр өңірінде бой көтерген рухани-мәдени құндылықтардың барлығын сол ел азаматтары жасады.
Мен де сол тектілік тірлікті кісіліктің қайнар бастауы деп білемін. Азаматтарының бағын ашып, маңдайынан сипаған халқымның аялы алақанын күн сайын сезінемін. Бұл мен үшін зор бақыт!
Жамбыл – дархан елдің алтын бесігі. Мен оны өмір бойы құрметтеймін әрі сағынып жүремін.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support