Әулиеата –киелі өңір
Әулиеата –киелі өңір
Бақытжан САҒЫНТАЕВ, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.
Барша облыс жұртшылығын облыстың 75 жылдық торқалы тойымен шын жүректен құттықтаймын! 75 жылдық тарихы бар Жамбыл облысы бүгінде елімізде экономикасы дамыған, әлеуеті өскен өлке. Қандай жауапты қызметте жүрмесем де, мен өміріме өзек, көңіліме серік, жаныма тірек болған асыл ауылымды, қанаты кең, құшағы ашық, меймандос пейілді қасиетті Жамбыл жерін әрқашан сағына да, аңсай да жүремін. Өйткені, әрбір төбесі тарих, әрбір биігі шежіре Әулиеата өңірі киелі өңір. Бұл өлкелі өңірден небір айтулы ғалымдар мен өнер саңлақтары, ақын-жазушылар, аттары әлемге танылған спорт шеберлері, ірі мемлекет және қоғам қайраткерлері шыққан. Атағы алысқа кеткен Жамбыл жері ұлты ұлықтаған осындай ұлы тұлғалардың құт мекені. Өмірдің есігін ашқан, дүние табалдырығын аттаған әрбір азаматқа оның туған өлкесі – атамекенінің орны ерекше екені өмір ақиқаты. Мен үшін де қасиетті Жамбыл жері мен киелі Әулиеата өлкесінің тарихы мен тағдыры, табысы мен жетістігі, қуанышы мен шаттығы әрқашан да бөлек. Өйткені, мен Талас ауданы Үшарал ауылында туып-өстім, ер жеттім. Білім іздеп Алматыға аттанғанда біз бұрынғы Жамбыл, қазіргі Тараздан алғаш рет дербес сапарға аттанған едік. Бұл мен үшін жастық өмірдегі тұңғыш қадамым, ұмытылмас шақтарым еді. Кейін өзім өскен ортама оралып, облыс әкімі орынбасары қызметін атқарып, өңірдің дамуына қолымнан келгенше атсалысып, өз үлесімді қосуға ұмтылдым. Алдыңғы буын ағалардың ақ пейілін көріп, жүрекжарды ақылын естідім, таза шынайылықтың өнегесін көріп, үлкен өмір мектебінен өттім. Ал облыс орталығына ежелгі Тараз шаһары атауының ғасырлар қойнауынан қайта оралуы Ұлт Тәуелсіздігінің алғашқы рухани жетістіктерінің ішінде шоқтығы биік оқиға болғанына шын жүректен қуанған ел азаматтарының қатарында болғанымды өзіме зор мәртебе санаймын. Бүгінгі Жамбыл облысының келешегі кемел, болашағы баянды болары сөзсіз. Өйткені, Жамбыл жұрты бақытын еңбектен, байлығын бірліктен, татулығын ынтымақтан тапқан ел. Бұл атадан қалған ұлы жол, мәңгі жалғасын жоғалтпас даңғыл сілем. Біз сол бабалар салған ізгілігі мол игі жолмен келеміз. Осы жолда жолымыз болғай! Мерейлі мереке құтты болсын. Той тойға ұлассын.