Экономика

ЕУРОПА МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ «АЛТЫН КӨПІР»

ЕУРОПА МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ «АЛТЫН КӨПІР»

Елбасының тапсырмасымен 2010 жылдан бастап жүзеге асып жатқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық жолының 495 шақырымы облыс аумағынан өтеді.  Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік қауымдастықтағы зор беделінің арқасында дүниежүзілік қаржы институттары төрткүл дүниені жайлаған қаржы дағдарысына қарамастан ғасыр жобасын жүзеге асыруға қолдау көрсетуде

Ержан ЖАСЫБАЕВ, «Қазақавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалының директоры.

Біздің облыста жобаға «Азиялық» даму банкі, Исламдық даму банкі және Жапонияның «Джайко» агенттігі қаржы құюда. Жалпы жобаны іске асыруға 170,4 миллиард теңге қарастырылса, бүгінге дейін оның 154,2 миллиард теңгесі игерілді. Еуропа мен Қытай арасын жалғайтын жолдың облыс аумағынан өтетін тұсы «Алматы-Ташкент-Термез» халықаралық автомобиль жолы бағытының бойымен, Көрші Қырғыз елінің аумағын айналып өтеді. «Қордай», «Күйік», «Шақпақ» асуларының, Тараз қаласының және Қордай, Құлан, Айша бибі, Б.Момышұлы және Шақпақ ауылдарының маңынан өтетін еларалық жолдың рахатын қалалықтар мен ауылдықтар қазірдің өзінде сезініп жатыр. Бүгінге дейін 296 шақырымына төрт жолақты жол салынды. «Қордай» асуын айналып өтетін 80 шақырым жол ел игілігіне берілді. Ел арасында «Еуропа мен Қытай арасындағы «алтын көпір» аталып кеткен ғасыр құрлысы келер жылы толық аяқталады. Жол бойынан жолаушыларға әлемдік талаптарға сай сегіз сервистік кешен орнатылу жоспарланған. Қазір аудандық, қалалық әкімдіктер тарапынан жер телімдері беріліп, кешен құрлысын салатын инвесторлар тарту мәселесі шешілуде. Кешенде қонақ үйі, кафе, жанармай құю бекеті, автожөндеу шеберханасы, басқа да жолаушыларға қызмет көрсететін орындар салынады. Сонымен қатар, 100-ге жуық тауарлы сүт және ет фермалары салынып, ауыл фермерлері сапарға шыққан жолаушыларға қызмет көрсетеді. Ғасыр құрлысы аяқталып, пайдалануға берілгенде шағын және орта бизнес кеңінен қанат жайып, талай жұмыс орындары ашылады, облыс бюджетіне қыруар қаржы түседі.