Қайраткерлігі – қадірлі, адамшылығы – ардақты еді
Қайраткерлігі – қадірлі, адамшылығы – ардақты еді
Сарыбай Сұлтанұлымен алғашқы танысуым – 90-шы жылдардың басы, ол кісі ҚР Мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, арада үш жыл салып оның төрағасы болған кезең еді. Мен сол жылдары Жамбыл облыстық мемлекеттік мүлік жөніндегі комитетті басқаратынмын. Бұл өзі Елбасының нұсқауымен меншік қатынастарын реформалау арқылы мемлекеттік меншікті меншіктің басқа нысандарына айналдыру үдерісі қызу қолға алынып жатқан, бұрын практикада кездеспеген ұңғыл-шұңғылы көп тың құбылыс болатын. Оның мақсаты – нарықтық экономиканың негізгі субъектісі – өндіріс орындарының өндіргіш күштерін жекешеге айналдыру негізінде шаруашылық жүргізуді коммерцияландыру және оған дербестік беру. Сонау кеңес өкіметі коллективтендіру кезінде жекеменшіктегі малды сыпырып алып ұжымдық меншікке айналдырып жатқан кезде халық арасында «Ортақ өгізден оңаша бұзауым артық» деген уәж бекер айтылмаса керек. Өйткені заңды жекеменшігі бар адам ғана шын мәнінде ерікті. Бұл шараны Елбасының алдағыны қатесіз болжай алатын көрегендік қасиетінің іс жүзіндегі көрінісі деп бағалаған жөн. Осы сәтте егемен еліміздің аумағында жекешелендіруді заң талаптарына сай жүргізуге қабілетті, оқығаны мен тоқығаны көп кадрлар аса қажет еді. Президент осы жауапты да күрделі жұмысты кезінде Мәскеудегі Экономика-статистика институтының, КСРО Министрлер Кеңесінің жанындағы Халық шаруашылығы академиясының түлегі, білікті жас ғалым, бұған дейін республиканың орталық статистика органында жауапты қызметтерді абыроймен атқарып келген Сарыбай Қалмырзаевқа сеніп тапсырған-ды. Облыстарда жекешелендірумен айналысып жатқан біз сияқты әлі тәжірибе жинақтай қоймаған кадрларға Сарыбай Сұлтанұлының бағыт-бағдары ауадай қажет болатын. Ол ақыл айтуда, кеңес беріп жолға салудан аянып қалған жоқ. Көп жағдайда өтпелі кезеңде нарықтық экономиканың тұғырнамасын жасаған арнайы комиссияның жұмысын барынша ширатып пысықтаған, оған құқықтық негіз жасаған қазақтың біртума азаматы Қаратай Тұрысовтың еңбегін ерекше бағалайтын еді. Сарыбай Сұлтанұлы Қалмырзаевтың тұсында республикада кең ауқымды жекешелендіру оның іргетасы – экономика саласына терең реформалар жүргізілді. Осының нәтижесінде тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан өндіретін жалпы ішкі өнімнің шамамен 75 пайызға жуығы жекеменшік сектордың үлесіне тиді. Барлық шаруашылық жүргізуші субъектілердің 80 пайызы жекеменшік нысанына негізделді. Ауылда да нақты меншік иесінің пайда болуына, жерді меншіктеу құқығына егемендіктің алғашқы жеті жылында 2,4 миллион мемлекеттік актінің берілгені айғақ. Түйіп айтқанда, Сарыбай Қалмырзаевтың қарымды қайраткерлік қасиеті оның әрбір ісінен, жүріс-тұрысынан көрініп тұрушы еді. Бұл жөнінде әлі де алда айтарымыз бар. Сарыбай Сұлтанұлын 1998 жылдың басынан жақыннан танып білдім. Сол жылдың 2 қаңтарында Президент Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен С.Қалмырзаев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды. Оны Тараз жұрты жылы қарсы алды.
Оңласын Есіркепов, «Құрмет» орденінің иегері, Тараз қаласының Құрметті азаматы.