Денсаулық

Бекзат болмыс иесі

Бекзат болмыс иесі

Тарихы тым тереңде жатқан Тараз топырағы таланттар мен елге тұтқа болған тұлғаларға кенде емес. Шыбық қадасаң, шынар шығатын осынау шырайлы өлкенің төсінде батыр да, ақын да, алып та, дана да ғұмыр кешіп, елінің тыныштығы, болашағы үшін күресті, еңбек етті. Ол үрдіс бүгін де жалғасып келеді. Тегінде халықтың сенімін арқалап, сол сенімнің үдесінен шыға білгеннен асқан абырой да, бедел де жоқ қой. Біз бүгін Әулиеата жерінің адал перзенті, кәсібімен нәсібін теріп жеп, ел арасында жомарт жан атанған кәсіпкер Асаубай Майлыбаев туралы әңгіме қозғамақпыз. width=

Сарысудың сары топырағын бұрқ- бұрқ кешіп, самалына қақталып өскен Асаубай ағаның балалық шағы ауыр болды. Ол кезде дала түгілі қаланың өзінде медицинаның дамымаған уақыты... Мал бағып жүрген әкесі аяқастынан жеңіл-желпі операцияға түсіп, жарық дүниеде татар дәмі таусылған екен, бір күнде о дүниелік болып жүре берді. Одан «жұт жеті ағайынды» деген, соғыстың лаңынан еңсесін тіктей алмай тұрған ауылға қызылша кеп қырғидай тиеді. Құлдырыңдап ойнап жүрген Асаубай аға қызылшадан мұрттай ұшып, екі бірдей қарындасымен ауруханаға түсіпті. Үшеуінің де жағдайы өте қиын, өлім аузында жатыр. «Сол жылдары шешем марқұм «Е, Алла, екі қызымды алсаң да, осы ұлым аман қалса екен» деп күні-түні Құдайға жалбарынады екен», – дейді Асаубай аға. Асекеңнің көрер жарығы, татар дәмі таусылмаған екен, екі қарындасы қайтыс болып кетеді де, өзі аман қалады. Осылайша, Асаубай аға әке алақанының ыстық табын сезінбей өсті. Қазір ғой, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге «алда-ай, байғұс-ай» деп мүсіркеп, аянышты көзбен қараймыз. Ал кешегі сұрапыл соғыстан кейін екінің бірі жетім-жесір қалды емес пе? Сөйтіп, ол кездің балалары өздері өсті, өздері жетілді. Бес жасында Байқадамдағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1962 жылы үздік бітіріп шықты. Жоғары оқу орнына баруға қол қысқа, барған күнде де қалада құшағын айқара ашып, жөн-жоба сілтер бір жамағайыны жоқ. Содан амал жоқ, қой бағып кетті. Қаршадайынан қара жұмысқа пісіп, қиындыққа төзе білген бозбала төрт жыл бойы қоймен бірге ой бақты. Жайлаукөлдің жиегінде қой жайып жүріп, арманға берілмеген бір күні де жоқ шығар, сірә... Арманы алдамады. Іштей бір Аллаға сыйынып, білімі мен ақылын серік еткен Асекең төрт жылдан кейін «Сарысу» совхозының жолдамасымен Қазақ политехникалық институтының құрылыс факультетіне оқуға түсті. Ауылдан Алматыға мамандық алуға жалғыз аттанған жас жігіт бес жылдан кейін екеу болып оралды. Келіншегінің қолында да табақтай дипломы бар. Бұл совхозға прораб, келіншегі мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасып, қайнаған еңбектің ортасына қосылған сол бір сағынышты күндер, сірә, естен шығар ма?! Бірақ өмір жолы сан тарау... «Адамның басы Алланың добы» деген, институтты бітірген аға еңбек жолын туған ауылында құрылысшы болып бастағанымен, өмір- өзеннің толқыны Асекеңді мүлдем басқа жағаға ығыстырып шығарды. Үлкен ұлы Бағлан мектепке баратын жылы бұлар облыс орталығына қоныс аударып, Асаубай аға алдымен жобалау институтында, кейінірек банк саласында еңбек етті. Ауыл шаруашылығы институтында сырттай оқып, қаржыгер мамандығын алған Асаубай  Майлыбаев бұл салада да табысты еңбек ете білді. Ол елімізде туы жаңа желбіреп, жекеменшік банктердің енді-енді ашыла бастаған кезі. Асекең алдымен «Агробанк» бастығының орынбасары қызметін атқарды. Көп ұзамай жемісті еңбегінің арқасында «Игілік», «Темірбанктің» және «Қазкоммерцбанктің» Жамбыл облысындағы бастығы болды. «Бастық болды» деп айтуға оңай ғой, әйтпесе, қашанда бір тірліктің іргетасын қалап, оны аяғынан нық тұрғызу үшін қаншама тер төгіп, еңбек ету керек екені бесенеден белгілі. Асекең жекеменшік банктердің негізін қалап, соның ыстығы мен суығына төзе білген қаржыгер. Ұзақ жылдар қаржы саласында жинаған тәжірибесі кейінірек Асекеңнің бизнес саласында да үлкен табыстарға жетуіне көп әсерін тигізді. Басқа-басқа Жамбыл жұрты Асаубай ағаны жақсы танитыны анық. Әсіресе облыстық мәслихаттың депутаты кезінде Асекең нағыз жұлдызға айналды десе де болғандай. Сессияда Майлыбаевтың сөйлемей қалған кезі өте сирек. Ол кісі мінберге шыққаннан залдағы жұрт: «Міне, қазір басталады, Асекең қазір шындықты айтады», – деп қозғалақтап, бір дүрлігісіп қалады. Шынында, Асаубай аға басқа әріптестері сықылды сылап- сипамай, мәселені төтесінен қойып, шындықты бетке айтқан депутат. Мәселен, Асаубай Майлыбаев 2008 жылғы 6 маусымдағы сессияда сөйлеген сөзінде: «Бұл барып тұрған масқара! Қазақ баяғыда ата жауына «итаяқтан сары су ішкіземін» дейтін еді. Сарысу ауданындағы Маятас пен Жайылма ауылының 4 мың халқы итаяқтан «сары су» ішіп отыр. Өйткені олардың ағынды су деп ойлағаны ағынды су емес, аудан орталығы Жаңатастан барып жатқан кәдімгі шайынды су. Былтырдың өзінде Жаңатас қаласында сексенге жуық адам сары аурумен ауырған. Оның 45-і-ақ есепке алынған. Сары ауру – ертеңгі «цирроз», арғы күнгі «рак». Шыңғыс хан ХII ғасырда ағын суға көйлегін жуған адамның басын кескен. Біз не істеп отырмыз? Шайынды суды жұртқа ішкізіп отырмыз, ағайын. Бұл, керек болатын болса, үлкен қылмыс. Жаңатастың маңында 2000 жылға дейін, кешіріңіздер, «Боқкөл» деген көл жататын. Ол қазір жоқ. Сонда шайынды су қайда кетті? Шайынды су жайлап, Маятас өзені арқылы 8000 текшеметр су жинайтын «Маятас» су қоймасына барып жатыр. Оның аумағындағы ауылдар онымен бақшасын суарады, соны ішеді», – дегені ел есінде. Міне, сізге керек болса! Бұл шынымен сұмдық қой! Сонда елге жаны ашиды деген басшылардың істеп отырған әрекеті осы ма?! Сонда елдің тағдыры, денсаулығы қайда қалды?! Кісінің құйқасы шымырлайтын мұндай жауыздықты биік мінбеден халықтың жанайқайын терең түсінген парасат иесі ғана айта алса керек. Асаубай аға осы жағдайды айтып қана қоймай, сол кездегі облыс әкімінен жоғарыдағы мәселенің тез арада өз шешімін табуын да талап еткен болатын. Ал 2008 жылғы 8 ақпандағы сессияда: «...Көкдала ауылында әлі электр жарығы жоқ. Бөрібай Биқожаұлы, осыны мен 4 жылдан бері қайта-қайта айтып жүрмін. Осы мына ЖЭС деген мекеме «2 миллион теңгеге бітіріп береміз» деген уақытта біз оны істемедік. Өйткені осы мінберде сын айтылса, оған міндетті түрде сол ауданның әкімі қарсы тұрады. Ал енді осы шаруаға 30 миллион ақша бөлініп жатыр. Ақша табу деген жеңіл емес екендігі бәрімізге аян. Өйткені ол – қасиетті зат. Сол сияқты ауыз суға жұмсалған Ақкөлдегі, Қордайдағы, Мойынқұмдағы қаражат суға кеткендей. Мойынқұмдағы каналға кеткен ақша қайда? Солардың бірде-біреуі пайдалануға берілген жоқ. Соған жауапты адамдардың біреуінің шашы ағарыпты дегенді мен естігенім жоқ. ...Біз ұлы бабамыз Төле бидің «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген аталы сөзін сіздің аузыңыздан кейде әрбір жиын, түрлі деңгейдегі басқосулар сайын еститін болдық. Мен осыны түсінбей-ақ қойдым. Ұлы бидің сөзін қолданатын өз орны бар, ағайын. Ашып айтайық, кім алалық танытып жүр?! Кейде осы мінберден сын айтсам, сол алалық болып па? Ол алалық емес!!!», – деп еді. Мемлекет қаржысының желге ұшып жатқанына халық қалаулысы Асаубай Майлыбаев осылай күйзеледі, сын айтады. Ел мүддесі үшін айтылған сыны облыс әкімі тарапынан «алалық» болып табылғанына күйінеді. Бірақ күйремейді. Себебі біз білетін Асау ағаның мінезі кесек, тарпаң, дархан! Және бір мысал. «Бүгін кім жемқор? Бірінші кезекте, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері. Оларды осы күйге жеткізген кім деген сұраққа қандай жауап беруіміз керек. Олардың міндеті бала тәрбиелеу, мектептерде тиянақты білім беру процесі екені – аксиома. Неге біз оларды мектепке керекті құрал-жабдықты сатып алуда, жөндеуде, тағы басқа білім беруден тыс әрекеттері үшін «Мемлекеттік сатып алу» заңын дұрыс орындай алмағаны үшін сыбайлас жемқор немесе қылмыскер етуіміз керек? Міне, облыстық мәслихаттың сессияларында «жемқорлық» мәселесін ашық айтып, батыл түрде көтерген осы Асаубай аға болатын. «Сын айтқанның бәрі оппозиционер емес. Өзімді осы елдің патриотымын деп есептеймін. Алайда биліктің тірлігіндегі алшақтықты көргенде шыдай алмай, шындықты айтып жібересің. Барлық нәрсені мен ғана көріп, мен ғана айтып отырмын десем, оным үлкен қателік. Бірақ көріп, көзім жетіп тұрған нәрсені айтпауға арым жібермейді. Және мәселені бақай есебі үшін ғана айтатындар да бар. Былай қарасаң, елдің, жұрттың мәселесін көтеріп-ақ отырған сияқты, алайда астарына үңілсең өзінің жеке мүддесі, жеке бизнесінің мақсаты андағайлап көрініп қалады», дейді Асекең бұл жөнінде. Жалпы, депутат деген қандай болуы керек? Жасыратыны жоқ, қарапайым жұрт депутат дегенді ауылға балабақша соғып беріп, мектептің жөндеуіне көмектесетін қалталы азаматтар деп ойлайды. Былайша айтқанда, депутаттың міндеті тек демеуші болу сияқты. Бірақ шындап келгенде, халық қалаулысының бар бедел-абыройы оның қалтасының қалыңдығына байланысты емес қой. Мектеп, балабақша салу – ол билік өкілдерінің міндеті. Соған жұмсалған қаржының талан таражға түсіп кетпей, тиынына дейін өз мақсатына жұмсалуын қадағалау – депутаттың міндеті. Әрине, «Батыр болсаң, жауға найзаң тисін, бай болсаң, елге пайдаң тисін» дегендей, елге жақсылық жасап, қол ұшын созғанға не жетсін?! Асаубай аға да үнемі ел ішінде болып, тұрмысы нашар отбасыларға жәрдем беріп отырды. Қайбір жылдары ел бір қап ұнға зар болып жатқан кезде ауылға «КамАЗ»-бен ұн таратты, басқа да тұрмыстық жағдайларына көмектесті. Ел жаппай Байқадамнан көшіп жатқан кезде ауылға мешіт салды. Төбесінде айы бар осы Алланың үйі адамдардың үмітін оятып, көші-қонды тоқтатуға септігі тигенін де жасырмаймыз. Сол мешітке әлі күнге дейін қамқорлық жасайды. 2015 жылы Жамбыл жерінде Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өткенде Асаубай Майлыбаев өзі бас болып кәсіпкерлерді осы іске атсалысуға шақырып, өзі алдымен қорға 550 мың теңге салып, үлгі көрсеткені бар. Бірақ Асекең ешқашан да «Мен елге жақсылық жасадым, осымен халық қалаулысы ретіндегі міндетімді адал атқардым» деп көңілін тоқ санап, мәслихаттағы белсенділігін жиыстырып қойған жоқ. Елге қандай жақсылық жасаса да кейбір әріптестері сықылды демеушілік пен депутаттықты шатастырмады. Демеуші ретінде де белсенді, депутат ретінде де белсенді. «Депутат болу маған не үшін керек болды? Жоқ, бизнесімді қорғау үшін депутат болғаным жоқ. Халыққа қызмет еткім келді. Құдайға шүкір, ел маған сенді, қолдады. Сондықтан мен де сол елдің алдындағы депутаттық парызымды ешқашан ұмытқан жоқпын. Жиырма жыл депутаттың жүгін арқалаппын. Әрине, қаншалықты халыққа жақын болдық, қаншалықты елдің мәселесін тіліп айта алдық, одан қандай нәтиже болды, оның бағасын көпшілік берер. Осы өңірді басқарған әкімнің бірі бірде мені облыстық мәслихаттың сессиясында мақтауымды өтінді. Жап-жақсы сыйласып жүрген әкім еді. «Көрейік» деп екіұшты жауап бере алмадым. «Егер жұмысың жақсы болса сен өтінбей-ақ, өзім-ақ көпшіліктің алдында мақтау айтар едім, алайда әл-әзірге сенің іліп алатын жақсы тірлігіңді көрмей тұрмын. Сондықтан ренжіме, мақтай алмаймын» деп бірден бетімді ашып алдым. Мінбеге шығып, мәселе көтеріп, шындықты айтудағы басты мақсатым – атымды шығару, ел ішінде жақсы атты болу емес еді.  Мен жай тұрғанда бір өтірікке де шыдамаймын. Мәслихатта ненің не екені көзі қарақты адамға көрініп тұрады. Шындықты депутат айтпағанда кім айтады? Сондықтан шындықты айтпай қалуды жігіттігіме намыс деп санаймын», – дейді Асаубай Майлыбаев. Иә, шынында, «Ерім дейтін елің болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?!» демекші, ел-жұрты, ер-азаматы елінің қамын жеп жатса, бұдан асқан бақыт жоқ шығар, сірә...– Қазақта кие деген ұғым бар. Қазақ киені – ие көреді. Сонау ашаршылық жылдары ел жаппай босып кеткенде, жұртта қалған Рәзия әжеміз де бесіктегі баласын сүйрелеп, атасы Ықыластың қасиетті қара қобызын көтеріп, жаяу- жалпылап, көшкен елдің шұбырған ізіне түседі, – дейді тарихтан сыр шерткен  Асаубай Майлыбаев. – Өзі аш, әл- дәрмені құрыған күйеуі Ақынбай: «Осы қу ағашты арқалаймын деп өлер болдым ғой» деп қобызды лақтырып жібергенде, сексеуілге соғылып басы сынып қалыпты. Сонда Рәзия әжеміз: «Өй, мұның не, Ақынбай? Қасиетті қобыздың киесі атады ғой» деп, қобызды жерден көтеріп алып, сынған жерін шүберекпен таңып, тағы алға жылжиды. Бірақ діңкелері құрып, қарға адым жер жүру мұң болады. Ақыры екеуі қобызды алады да, сәбиін бесігімен далаға тастап кетеді. Жарты шақырымдай жылжыған кезде Рәзия әжеміздің аналық жүрегі шыдамай, емшектегі баласына қайта барады. Барса, бесік орнында тұр, бірақ қасқыр жеп кеткені, иә, адам алып кеткені белгісіз, бала жоқ. Міне, осындай сұмдық оқиғалар болған. Бауыр еті баласын құрбандыққа шалса да, қасиетті қара қобызды айдалаға тастамаған. Қандай ерлік десеңізші. Бүгінде Рәзия әжейдің немерелері Тараз қаласының айналасында тіршілік етуде. Ал талай қасіретті бастан кешкен Ықылас Дүкенұлының қасиетті қара қобызы қазір дін аман, Тараз мұражайында тұр. Жалпы ата қуып келсем, Шәмшінің жақын туысымын. Ол кісі Бозбет деген атасынан, мен Есен деген атасынан тараймын. Оның атасының ең кіші інісі, Социалистік Еңбек Ері Қалмақбай деген кісімен көрші тұрдық. Өмір бойы мал баққан, сондай жақсы кісі еді. Сол кісінің айтуы бойынша Шәмшінің ата-бабасы о баста Созақта тұрған екен. Шымкенттегі Оңтүстік-Батыс ғылыми зерттеу орталығының директоры Әбдірахман Омбаев пен осы Шәмшінің әкелері «Созақ көтерілісіне қатысты» деген айыптан қорқып, бір күнде, көтеріліп көшкен көрінеді. Содан Отырар жеріне барып қоныстаныпты. Қайбір жылдары Шәмші Жамбыл қаласының іргесінде біраз жыл тұрды ғой. Араласып тұрдық. Бірақ шынын айту керек, Шәмшімен үнемі бірге жүрдік, керемет дос болдық деп айта алмаймын. Осында Шоқан Исмайлов деген ағамыз бар еді. Шәкең сол кісімен қатты араласты. Екеуінің жастары да қатар еді. Шәмші үйімізде де болды. Әзілқой, әңгімешіл, әзілді табанда тауып айтатын жан болатын. Дауысы қырылдап қалған, бірақ әнді өте бабымен айтатын. Ол кісінің домбыра тартқанын көрмеппін, көбінесе әнді мандолинамен айтатын. Шәкең қайтыс боларының алдында ауырып жатқан кезде Шоқан ағаға ілесіп мен де бардым. Соның алдында ғана Шәкеңе бір атақ берілген екен. Жастығының астынан суырып алып, сол дипломын көрсетті. «Шоқан, мынаны мен бір апта бұрын алдым, осы маған енді керек пе?» – деді мұңайып. Тура өстіп айтты... Сол кезде композитордың көзінде мұң тұнып тұрды. Бұл күндері Шоқан аға да қайтыс болып кетті. Міне, жақында Шәмші Қалдаяқовқа да, Мұхтар Шахановқа да «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді ғой. Өте дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Жалпы алғанда Жамбыл жерінде Шәмші аға туралы естеліктер көп айтылады. Соңғы жылдары Шәкеңнің өмірі, өнері кеңінен насихатталып жатыр. Өте қуанарлық жағдай. Сөз соңында Асаубай ағадан: «Соңғы кездері сізді жиналыстардан, мінбелерден көрмейтін болдық. Сіз қайда жүрсіз?» деп сұрадық. – Қарттық, ақсақалдық кезең өмірден көргені, түйгені, тоқығаны көп, үлкен мәні мен мазмұны бар жас санатына жатады. Ежелден «Өмір кез келген адамға беріледі, ал қарттық тек таңдаулылардың ғана үлесіне тиеді» деген тәмсіл бар. Жасыратыны жоқ, мені әлі де жиындарға шақырып, төрге шығарып сөз беріп, пікірімді тыңдап, белсенді қылуға тырысатындар бар. Бірақ, мен жақсы қартайғым келеді. Әдемі қартаю да бір өнер. Ол да бір бақыт. Жас ұрпақ – біздің келешегіміз. Міне, солар біздің ісімізді жалғастырушылар, – деп толғанды Асаубай Майлыбаев. Иә, отбасы – өмірдің тұтқасы. Үй-ішінің қызыққа, қуанышқа толы болуы – отбасындағы бауырмалдық, береке-бірлікке байланысты. Асаубай аға мен Оралкүл жеңгей екеуі бүгінде Алладан ұрпағының амандығын сұрап, шаңырақтың көз қуанышына айналған немерелері мен шөберелерінің бағындырар асуы биік болса екен деген ата-аналық тілекпен күн кешіп жатыр. Адамның бақыты деген осы емес пе?

Оралхан ДӘУІТ, «Aulieata-Media» ЖШС бас директоры.