Денсаулық

Ислам дінінің тарихы терең, тағылымы мол

Ислам дінінің тарихы терең, тағылымы мол

Дін дегеніміздің бір тармағы – тарих. Діннің тарихын білген адаспайды да, шатаспайды да. Басқа ағымға да түсіп кетпейді. Екі дүниеге қажетті дүниелерді бойына сіңіре алады. Тарихты терең білудің бұл жерде де маңызы жоғары. Ұлы Дала тарихынан ойып тұрып орын алған, Алтын Орда мемлекетін зерттеп тарихи еңбектер жазбаған тарихшылар кемде-кем.

Олай дейтін себебіміз, өзінің өмір сүрген екі жарым ғасырға созылған тарихында батыс пен шығысқа тісін батырып, үстемдік құра білген санаулы мемлекеттердің бірегейі Алтын Орда еді. Сол кездегі тарихи оқиғалардың көпшілігі Алтын Орда мемлекетімен тікелей байланыста болды. Сол себептен де Алтын Орда мемлекетін зерттеу, тарихшылардың аса қызығушылығын оятты. Талай әлемдік деңгейдегі тарихшылар Алтын Орда тарихын зерттеп, ашылмаған талай тың дүниелерді жарыққа шығарды. Алтын Орда тарихына қалам тартқан тарихшылар, жылнамашылар көп жағдайда мемлекетті басқарған хандар жайлы, Алтын Орда төңірегіндегі соғыстар, тақ төңірегіндегі талас- тартыстарға көп басымдық береді де, мемлекеттің құрамындағы халықтардың мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, ұстанған сенім-нанымдары, діндері қамтылған жазбалар аз екенін көреміз. Жалпы алғанда дінсіз адам болғанымен, дінсіз қоғам болмайды. Әр халықтың өзінің ұстанған сенім- нанымдары, діндері болады. Халықтың ұстанған дініне байланысты мемлекетте сол дінді мемлекеттік дін ретінде бекітеді. Ислам діні келгенге дейін түркі тілдес халықтардың көбісі көк тәңіріне сыйынса, кейбірі христиан дінін ұстанғанын білеміз. Ислам дінінің түркі тілдес халықтарының арасына таралуына 751 жылғы болған Атлах шайқасы көп әсерін тигізгені белгілі. Сол кезде Қарлұқтардың ислам дінін қабылдағаны басқа түркі тілдес халықтардың жайлап болса да ислам дінін қабылдауына әсер етті. Қарахан мемлекеті тұсында ислам діні мемлекеттік дін мәртебесіне дейін көтерілді. Ал Алтын Орда мемлекеті құрылғанда оның құрамындағы көптеген тайпалар әлі де болса көпшілігі ислам дінін қабылдамаған қыпшақтардың басым бөлігі, моңғолдар, басқа да түркі тілдес халықтар құрады. Алтын Орда тағына Берке хан отырғанда ислам дінінің мәртебесі мемлекет арасында көтеріле бастады. Берке хан өзі мұсылман болғандықтан өзінің төңірегіне мұсылман ғалымдарын көптеп топтастыруға көп көңіл бөлді. Мемлекетті мұсылман заңдарымен басқаруға көп күш-жігерін жұмсады. Осы мақсатта сол кездегі мәмлүктердің басшысы Бейбарыс сұлтанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, сол кезде Шығыс мұсылман мемлекеттеріне соғыс ашып жатқан Бейбарыс сұлтанмен одақ құрып, өзінің қандас бауыры Құлағуға ислам мемлекеттерін жаулауына қарсы шығады. Сол кездегі мұсылмандардың жүрегі болған Аббасилер мемлекетін құлатып, сол заманның білім ордасы болған Бағдат қаласын талқандап, бүкіл байлығын тонаған Құлағудың іс-әрекетіне қатты ашуланып оның жіберген тарту-таралғысын қабылдамай қояды. Берке хан өзінің иелігіне кіретін қалаларға көптеп мешіттер, медреселер салдырып, алыс-жақын жерлерден шариғатты жетік білетін ислам оқымыстыларын, хадис білгірлерін көптеп шақыртып, Алтын Орда мемлекетінде ислам дінінің халық арасында тез таралуына көп ықпал етеді. Көптеген тарихи еңбектерде Берке ханның негізгі сарбаздары мұсылман әскерінен жасақталғаны және жұма намазы ұйымдастырылатыны айтылады. Әрбір сарбаздың өзімен бірге намазды уақтылы оқулары үшін, жайнамаз алып жүрулері тиіс болған. Сарбаздардың арасында ешкім шарап ішпейтін болған дейді тарихи еңбектерде. Өзбек хан Алтын Орда мемлекетінің тағына отырғанда ислам дінін мемлекеттік дін деп жариялау еш қиындық тудырмады. Себебі Алтын Орда мемлекетінің құрамындағы тайпалардың көпшілігі ислам дінін қабылдаған болатын. Алтын Орда мемлекетінің құрамындағы тайпалардың ислам дінін қабылдау процесі Берке хан тұсында басталып, Өзбек хан тұсында өзінің кемеліне жетеді. Халықтардың ислам дінін қабылдауы күшпен емес, қылыштың жүзімен емес, ислам дінінің шынайы таза, әділ, хақ дін екенін біліп көздері ақиқатты көргендіктен ислам дінін қабылдаған болатын. Алтын Орда мемлекетінің құрамындағы тайпалардың ислам дінін қабылдау процесі Берке хан тұсында басталып, одан кейін ел билеген Мөңке Темір, Тудай Мөңке, Төле Бұқа, Тоқтай хандар тұсында жалғасын табады. Ал Берке ханнан басқа бұл хандар нағыз моңғолдың салт-дәстүрін берік ұстанған өздерінің діндеріне берік хандар болатын. Ал өздері басқа дінді ұстанып халықты ислам дініне күштеп кіргізу ақылға сыймайтын нәрсе. Алтын Орда мемлекетінің құрамындағы тайпалардың барлығы ислам дінін кейіннен қабылдаған деген жаңсақ пікір де болмауы керек. Бұрыннан Алтын Орда мемлекеті құрылмай тұрып та ислам дінін ұстанатын түркі тілдес халықтар Алтын Орда мемлекетінің құрамында болғаны белгілі. Алтын Орда мемлекетіне ислам дінінің тез тарауының екінші жағы мұсылман мемлекеттерімен жасалған сауда-саттық, алыс-беріс, қарым-қатынастар елеулі септігін тигізді. Үшінші себеп Алтын Орда сарбаздарының көпшілігі мұсылман әскерінен жасақталғандықтан ислам дінінің тез орнығуына өз әсерін тигізді. Өзбек ханнан кейін таққа отырған Жәнібек ханның тұсында Алтын Орда мемлекеті толық ислам мемлекеті мәртебесіне көтерілді. Халықтың барлығы толық ислам дінін қабылдап, заңдардың барлығы ислам шариғатымен жүргізілді. Мешіттер, медреселер көптеп салынды. Ислам мемлекеттерінен ислам шариғатын білетін оқымыстылар көптеп келе бастады. Осылай Жәнібек хан тұсында Алтын Орда мемлекеті өзінің гүлденген дәуірінің соңғы кезеңін бастан кешірді. Одан кейін Алтын Орда мемлекеті құлдырап, әлсіреп, соңында құлап өмір сүруін тоқтатқаннан кейін де, оның құрамындағы халықтар ислам дінін берік ұстанып қалды. Осылай Орта Азия мен қазақ жеріне ислам дінінің қалыптасуына Алтын Орда мемлекетінің қосқан үлесі өте үлкен болды.

Зұлфухар ТҮЗЕЛБАЕВ, «Төртбай ата» мешітінің қызметкері. Талас ауданы.