Бөрібай Жексембин,Қазақстан Республикасының Өзбекстан РеспубликасындағыТөтенше және өкілетті елшісі. Қасиетті Жамбыл жері үлкен тойдың қарсаңында тұр. Бұл жүз жасаған Жамбыл бабаның атын абыроймен алып келе жатқан облыстың 75 жылдық тойы. Барша облыс тұрғындарын осы қастерлі өлкенің өмір айнасындағы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Дана халқымызда «Елін сүйгеннің еңсесі биік» деген аталы сөз бар. Осы бір баталы сөз менің жадымнан ешуақытта шыққан емес. Өйткені, осы өлкеде туып-өстік, ат жалын тартып азамат болдық, жаны жомарт, пейілі кең, ынтымағы жарасқан халқына адал қызмет атқардық. Облыста ұзақ жылдар қызмет атқару, оның ішінде өңір басшысы болған жылдар мен үшін ең бақытты, ең табысты жылдар болғаны ақиқат. Жамбыл жері менің табан тірер тірегім, өскен ортам, сыртта жүргенде қуат алып, күш беретін бойтұмарым, арқа сүйер тұрағым, топырағына тағзым етер темірқазығым. Өйткені, татулығы бірлігіне тірек, достығына көрік болған, құт қонып, бақ дарыған Әулиеата өңірі дәстүрі қалыптасқан, берекесі жалғасқан ел. Жамбыл облысы бүгінде елімізде өндірісі өркендеген, ауылшаруашылығы қарқынды дамыған, шағын және орта бизнесі қанат жайған өңірлердің бірі екенін мен мақтан етемін. Өйткені, облыс осы 75 жыл, 75 белесте үлкен тарихи өркендеу жолынан, шежірелі асулардан өтті. Сол тарихты қолымен жасаған еңбек десе жанып тұратын, бірлік десе қолын созатын, парасат десе басын иетін ынтымаққа ынтызар облыс халқының арқасы деп білемін. Өрнегін алысқа шашқан шуақты өлкеден Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Асанәлі Әшімов және Қайрат Рысқұлбеков сынды ұлт мақтанышына айналған тұлғалар шыққан. Ал еңбекті еселеген ерен ерлеріміз қаншама?! Қазыналы қарт Қаратаудың қойнауындағы табиғи байлық қашан да облыс экономикасының артуына мол үлес қосып, халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруына үлкен ықпал еткені сөзсіз. Жамбыл жұртшылығы қиындықты көтере, қуанышты бөлісе білетін, достыққа адал, сенімге берік қарайтын ерекше жаралған халық. Бұл өңірдің басқа өңірлерден тағы да бір керемет ерекшелігі, ғасырлар қойнауынан мәнін жоғалтпай келе жатқан ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына деген адалдығы, тілінің тазалығы, ділінің мөлдірлігі, мақалды сөздің мәйегін сақтауы және шешен сөйлеуі. Киелі Әулиеата топырағы, қасиетті Жамбыл елі сыртында жауы, ішінде дауы жоқ ел, Тәңір берген ұлы тәрбиенің мектебі. Ал тәрбие деген ұғымның мәні терең, мағынасы шексіз дүние. Бұл мерейтойдың да тәлімі мен тәрбиесінің бөлек болары ақиқат. Өйткені, облыстың 75 жылдық тарихы – үлкен тәрбие мен тәлімнің оты сөнбеген ордалы ошағы. Алдағы уақытта ел игілігі, ұлт болашағы, мемлекет келешегі үшін атқарылар ұлы істер өзінің жарасымды жалғасын табады деп сенемін. Өйткені, еліміздің іргелі аймақтарының бірі Жамбыл облысының жүріп өткен жолы, бүгінгі шыққан биігі, өңірде атқарылып жатқан сан-салалы жұмыстар көңілге қуаныш ұялатып, мерейіңді өсіреді. Баһадүр бабалардан «Жер – адамның бесігі, ел – бақыттың есігі» деген ұлағатты сөз қалған. Ал менің тербелген бесігім де, табалдырығын аттар есігім, керегемді кең жайған өлкем де осы қасиетті Әулиеата жері. Сондықтан да, мен үшін абыздар мен ардақтылардың өлкесі кербез Жамбыл облысының 75 жылдық мерейтойының орны бөлек, мәртебесі айрықша. Өңір жұртына бірлік пен береке, ынтымақ пен татулық тілеймін. Дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын.
Той ортақ, қуаныш бір болғай!