Прокуратура органдары 8000-ға жуық кәсіпкердің құқығын қорғаған

66

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов облыс прокуратурасы жанындағы бизнесті қорғау жөніндегі сараптамалық кеңестің отырысына қатысты. Жиын барысында Нұржан Молдиярұлы шағын және орта бизнес үшін қарсы міндеттемелерді енгізу, олардың жауапкершілігін күшейту мәселелеріне жеке тоқталды.

– Бизнес қауымдастық қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты сақтауда маңызды рөл атқарады. Мәселен, азық-түлік бағасын реттеу мәселесін алайық. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату кезінде сауда үстемесін 15 пайызға дейін шектеу жөніндегі нормалар бекітілді. Бірақ барлық бизнес субъектілері бұл талапты сақтамайды. Әсіресе көпқабатты үйлердің аулаларындағы дүкендердің иесі ойына келген бағаны қояды. Мұндай болмауы тиіс. Бұл мәселеде отандық бизнестің ортақ ұстанымы маңызды. Ал адал кәсіпкерлер әрқашан мемлекеттің қолдауына ие болады, – деді Н.Нұржігітов.

Ағымдағы жылдың 1 мамырындағы деректерге сәйкес, облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 76208. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 8,5 пайызға артық. Ал 124 мыңға жуық адам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыс істейді. Атап өтерлігі, биыл «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында 13,5 миллиард теңге қарастырылған.

Жалпы, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында өңірлік кәсіпкерлер палатасына 140 өтініш келіп түскен. Оның ішінде қорғау желісі бойынша 37 өтініш болса, бүгінгі таңда оның 11-і оң шешімін тапқан. Сондай-ақ 15 өтініш берушіге жазбаша түсініктеме берілсе, 10 мәселе қаралу үстінде.

Отырыс барысында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау прокуратура органдары қадағалау қызметінің негізгі басым бағыттарының бірі екендігін атап өтті.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында отандық бизнес өкілдерімен өткен кездесуінде прокуратура органдарының алдына бірқатар міндеттер қойды. Соның ішінде осы саладағы бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және кінәлі тұлғалардың іс-әрекеттеріне қағидатты баға беру. Сонымен қатар олардың қызметіне заңсыз араласу фактілері бойынша шұғыл шаралар қабылдау, – деді Н.Әбдіров.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыстық прокуратура тарапынан кәсіпкерлік саласына байланысты 30 ұсыныс, 23 наразылық енгізілген. Бұдан бөлек, ҚР ҚК-нің 365-бабына сай (заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кедергі келтіру) 1 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылған. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібін бұзған 3 лауазымды тұлға ҚР ӘҚБтК 17-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Есепті кезеңде 30 тұлға тәртіптік, 1 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 1 адам 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

Жалпы, шағын және орта бизнес субъектілеріне қатысты 251 заңсыз тексеру тіркеліп, прокуратура органдары 8000-ға жуық кәсіпкердің құқығын қорғаған.
Басқосуда сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мемлекеттік сатып алулар, субсидияларды бөлу, жарнама орналастыру және салық заңнамасы, балалар спорты мен шығармашылығын дамыту үшін мемлекеттік тапсырысты жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруды енгізу кезіндегі бұзушылықтар да назарға алынды.

Ашық диалог форматында өткен отырыс барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сұрақтарына тұшымды жауап алып, туындаған мәселелерді шешу бойынша ұсынымдар әзірленді. Енді барлық аудандарда субсидияларды бөлу тетіктерін реттеу үшін мобильді топтар жұмыс істейтін болады.

Жиын соңында Нұржан Молдиярұлы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының ортақ күш-жігерінің арқасында бизнесті құқықтық қорғау жүйесі құрылғанына тоқталып, заңсыз әрекеттердің барлық фактілері анықталған жағдайда кінәлі тұлғалар заң алдында жауапқа тартылатынын қадап айтты.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.