- Advertisement -

Тараздық тұрғындардың тілегі орындалуда

153

- Advertisement -

Жас отбасылардың байлығы – баспана, әрине. Жайлы пәтер кім-кімге де қуаныш сыйлайтыны рас. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударылады» деп атап өтуінің маңызы зор. Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік бағдарламалар арқылы көпқабатты тұрғын үйлердің салынуы қарқынды жүргізілуде.

Оның ішінде біздің өңірде де тұрғын үй құрылыстары едәуір ілгері басып отыр. Кеше ғана көне шаһардағы 15-шағынауданынан 80 пәтерлі тұрғын үйдің пайдалануға берілуі осы сөзімізге дәлел. Жаңа салынған пәтерден заң аясында баспана алғандарды алғаш болып Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил құттықтап, пәтер кілтін табыс етті.

«Баспана – бақыт шамы» десек, тұрғындардың қолжетімді баспаналы болуы жолында мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар көрсетілуде. Былтыр тараздық 1890 тұрғын пәтерлі болса, биылғы жылдың соңына дейін 2820 тұрғын жаңа салынған үйлерден баспана алады деп күтілуде. «Асар» жобасы аясында Тараз қаласында былтыр 15 үй берілсе, бұл жұмыс биыл да қарқынды жүріп жатыр. Мұндай игі істер алдағы уақытта жалғасын таба бермек, – деді қала әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаил өз сөзінде.

Пәтер кілтін алған тұрғындардың жүздерінен ерекше қуаныш, таусылмас шаттық көрдік. Мұнан соң пәтер кілтін алушы Есімхан Темірғалиев, Кәрім Медеубаев (Ауған соғысының ардагері) сөз сөйлеп, облыс әкіміне, қала басшыларына өздерінің шынайы алғыстарын білдірді.

Жалпы айта кетерлік нәрсе «ҚР Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң аясында кезекке тұрған азаматтардың ішінде ата-анасынан айырылған жетім балалар, әлеуметтік жағынан қорғалған әлсіз топтарға, Ұлы Отан соғысына қатысушылармен теңестірілгендерге, мүгедек жандарға, толық емес отбасыларға пәтер беріледі. Осы салтанатта пәтер алушылар да – аталған талапқа сай келгендер.

Біз жаңа пәтер алып, қуаныштан шаттанған тұрғындарды сөзге тарттық. Асқар Көшербаевтың тұрғын үй кезегіне тұрғанына 12 жыл болған екен. Бүгін екі бөлмелі пәтерге қолы жетіп, бақытқа бөленуде. Ол өзінің жан жадыратар жаңалығын бөлісуге әжесі Жанар Айболатованы ертіп келіпті.

– Менің немерем Асқар 12 жылдан бері кезекте тұрды. Бүгін баспаналы болып жатыр. Өте қуаныштымыз. Жастардың баспаналы болуын – мемлекеттің қамқорлығы деп білемін. Барша пәтер алғандарды құттықтаймын, – деді Жанар Айболатова.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support