- Advertisement -

Балалар демалысы бақылауда ма?

206

- Advertisement -

Қазіргінің баласы Қожадай қырықтыққа немесе шөп шабуға шабылып жатпаса да, кекiлiн күнге сүйдiрiп, табанын құмға күйдiре алатын үлкен мүмкіндікке ие. Санасын сабақтан арылтқан балаларымыз демалыстың дәмін татып үлгерді ме? Дәл қазір облыстың 290 мыңнан астам оқушысы қайда жүр? Қалай демалуда? Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте осы мәселе кеңінен талқыланды. Сондай-ақ жиында цифрландыру саласындағы бірқатар мәселелер де сөз болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялағанын ескерсек, ел болашағының ертеңі саналатын жасөспірімдердің бірде-бірі қараусыз қалмауы керек. Мектеп жасындағы балалардың шығармашылық әлеуетін дамытып қана қоймай, денсаулығын нығайтуға, сауықтыруға, олардың бойында саламатты өмір сүруге ынтасын қалыптастыруға, тіпті балалардың ересектер тарапынан қараусыз қалған бос уақытын қысқарту үшін бұл демалыстардың маңызы зор. Еліміз бойынша бұл мезгілде өңірдегі оқушыларды сыртқы жазғы лагерьлерде тынықтыру қалыптасқан кестеге сәйкес іске асырылады. Бұл бағытта облыс аумағында атқарылған жұмыс аз емес. Шикі тұсы да баршылық.

Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозовтың айтуынша, бүгінгі таңда облыстағы қала сыртындағы 11 сауықтыру лагерінің 8-і кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр. Басқарма басшысы келтірген деректерге көз жүгіртсек, аз қамтылған отбасылардың 7683 бал асының 2864-і сыртқы лагерьде демалу мүмкіндігіне ие болған. Сондай-ақ 390 мектеп жанындағы жазғы лагерьлерде 31940 бала қамтылған. Бұған түрлі демалыс алаңдары мен мектептен тыс мекемелердің ұйымдастырған шараларын қосқанның өзінде балалардың жазғы демалысы жеткілікті дәрежеде ұйымдастырылмағанын байқауға болады.

Жазғы сауықтыру кезеңіне өңірдегі үш бірдей лагерь атсалыса алмаған. Мәселен, «Кооператор» лагері күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты балаларды маусымдық сауықтырудан сырт қалса, «Бәйтерек» лагері конкурс нәтижесіне сәйкес, «Рауан» лагері Қырғыз Республикасынан алатын электр энергиясына байланысты жұмысын жүйелемеген. Осылайша жекеменшік үш лагерь өз міндеттерін орындамай отыр.

Ал Шу ауданындағы С.Мұқанов атындағы жазғы сауықтыру лагері соңғы үш жылдың бедерінде балаларды қабылдауға қауқарсыз болып тұр. Оны іске қосудың жалғыз жолы – күрделі жөндеу жүргізу керек. Сондықтан өңірдің 300 оқушысы жыл сайын алыстағы Жуалы ауданында орналасқан лагерьге барады. Әлеуеті жағынан басқа аудандардың алдында тұруы тиіс Шудағы бұл жағдайға не себеп?

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов өңірдегі білім алушылардың барлығы да білім беру ұйымдары қызметкерлерінің назарынан тыс қалмауы керектігін ескертті. Әр ауданның басшысына жеке-жеке тапсырма берді. Сондай-ақ кеңес отырысында цифрландыру саласындағы мәселелер де талқыланды. Бүгінде Қазақстан Үкіметі ақпараттық технологияларды игеруді барынша жылдамдатуға ұмтылып отырғандығын байқауға болады. Өкінішке қарай, жаңа заманның ақпараттық технологияларын таратушы – кең жолақты интернет желілері ауылдарымыздың бәріне бірдей жеткен жоқ. Жамбыл жерінде де бұл мәселелер баршылық.

«2021 жылы 86 елді мекен жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен, 274 елді мекен төмен жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Енді 2022 жылы 156 елді мекен жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілетін болады», деді облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков. Солай болған күннің өзінде бұл мәселенің 43 пайызын ғана шешеді. Демек бұл салаға жауапты ақ жағалылар әлі талай тер төгуі керек-ақ.

Гүлжан РАХМАН

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support