Әлеумет

Бір ғасыр, төрт жыл ...

Бір ғасыр, төрт жыл ...

Жасаған әжеміз елдің амандығын, тәуелсіздіктің  ғұмырлы болуын тілеп отыр

59Отызыншы жылдардың ойранында Төлебай атаның балалары «байдың тұқымы» деп қуғын-сүргінді аз көрмеді. Әупірімдеп жүріп, ашаршылық пен қызыл қырғыннан аман қалған ағайынды Қадірсіз, Әліп, Елубек және Балтабай бірінен кейін, бірі майданға аттанды. Үлкен ұлы Мәді жасы ұлғайғандықтан соғысқа бармады. Миллиондарды қынадай қырған қан-қасапта үш ұл мерт болып, елге жалғыз жаралы Балтабай ғана оралды. Жаралы жауынгер ауыл қарияларының ақылын тыңдап, майдан даласында Отан үшін опат болған ағасы Елубектің әйелі Аманбала жеңгесімен отау құрды. Сөйтіп, соғыс зардабынан құлаған майдангер шаңырағы қайта көтеріліп, ошағы маздады. Бүгінде Тараз қаласындағы Байғали балаcының қолында тұрып жатқан Аманбала Аманжолова 2015 жылдың 1 қаңтарында 105 жасқа толады. Небір қиын-қыстау заманынан өтіп, ғасырдан аса жасаған әжемен дидарласудың сәті ұлы Байғалидың шаңырағында түсті. Үлкен кісі ұзақ ғұмырынан сыр шерте алар ма екен деген күдік басым еді. Қайдан, сағымға айналған жылдарды майын тамыза әңгімелей жөнелді. – Шырағым, біз не көрмедік. Ақ пен қызылдың соғысы, ел ішін жайлаған ашаршылық, ұлы шұбырынды, қуғын-сүргін, соғыс жылдарындағы ауылдағы күйзеліс, одан кейінгі ауыр жылдар, бәрі-бәрі мына шақшадай бастан өтті. Жер жырттық, егін салдық, түнде майдандағы жауынгерлерге қолғап пен шұлық тоқыдық. Ол кезде тылдағы ел бір ғана «Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін!» деген ұранмен күндіз-түні еңбек ететін. Екі қайнағам мен шалымнан «қарақағаз» келген күндері де жылап-сықтап, жұмысқа шығып кететінмін. Қайғы мен қасірет менің ғана басымда емес, халыққа келген нәубат қой деп, енді қайным Балтабайдың аман оралуын тіледім. Зарыға күткенмен ол 1947 жылы бір-ақ оралды. Соғыс уақытында елдің ынтымағы мен бірлігі қандай еді шіркін! Үлкендер мені ортаға алып, «күйеуіңнің ошағын өшірме, қайныңа тұрмысқа шық» деді. «Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған» елден асып қайда барасың, жаралы жауынгердің жанына жалау болайын деп қайным Балтабайдың етегінен ұстадым. Алты ұл-қыз қылша, шешек сынды балалар ауруынан жастай шетінеп кетті. Әйтеуір, Алла жар болып, Балтабайдан көрген бесеуі аман қалды. Олардан 17 немере, 24 шөбере сүйіп отырған жайым бар, – деді кейуана. Құдай қуат берген кісі. Әйтпесе, 104 аз жас па. Ұзақ жасаудың сыры неде? дедік сыры кетсе де, сыны кетпеген әженің әжім түскен жүзіне қарап: «Мен жаңа айттым ғой, жастай бейнет еттік. Оның үстіне шалым колхоз басқарды, ферма меңгерушісі болды. Үйде төрт түліктің бәрі болатын. Ішіп-жеміміз мол еді. Жылда бес-алты бие байлаймыз. Сары қымыз мың-сан ауруға ем ғой. Ешкімнің ала жібін аттамадым, өтірік айтпадым. Содан да шығар, бүгінгі нұрлы заманға аман жеткенім». Көпті көрген, ғасырдан аса жасаған үлкен кісі қоштасарда: «Азаттықтың арқасында «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» мына нұрлы заманды көрдім, арманым жоқ. Енді менің Жаратқаннан жатсам-тұрсам тілейтінім – елдің амандығы, осы елдің бағына берген Елбасының амандығы. «Елім» деп жүрген есіл ерге Құдай қуат берсе екен!». Ата-бабаларымыз армандаумен өткен аса зор құндылығымыз-азат-тығымыз ғұмырлы болғай» деді.

Суретте: Аманбала әже немересі Әйгеріммен.

Тараз қаласы.