Сарысу жастарының жылнамасы
Сарысу жастарының жылнамасы
Бұл кітапты Сарысу ауданы жастарының жылнамасы деп атауға болады. Өйткені, онда 2006-2009 жылдар аралығында ауданда мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға, жастармен жұмыс жасауға бағытталған «Сарысу жастары» (қазіргі «Жастар ресурстық орталығы») мекемесінің құрылуы, мекеме ретіндегі алғашқы қадамы, жеткен жетістіктері мен қалыптасу кезеңдері, жастар арасында ұйымдастырылған алғашқы іс-шаралар баяндалған. Ол орталықтың 15 жылдығына орай жарыққа шығып отыр. Сондай-ақ жастар орталығына әркез қолдау білдіріп, қамқорлық танытып отырған сол кездегі аудан басшылары, ауыл әкімдері, зиялы қауым өкілдері мен бірқатар мекеме басшылары туралы мәліметтер және бір топ белсенді жастардың өмірбаяндары енгізілген. Тұсаукесерде құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Олжас Көкей кітаптың мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бағытындағы салмағына тоқталса, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Пернебай Дүйсенбин жастар орталығының алғашқы жылдарынан сыр шертетін естелік-кітаптың тек әңгімелер жинағы ғана емес, ауданның бір бөлшегі саналатын тарихи, деректік құнды дүние екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтің ардагері Мағия Тоқсанбаева, еңбек ардагерлері Марқаш Мизенбаев, Болат Үсенбаев, Сахарай Қырғызбаев, Гүлжайна Әмірова, Света Қожаназарова, ҚР Мәдениет қайраткерлері Рәтбек Сүлейменов, Мұрат Әубәкіров, ҚР Журналистер одағының мүшесі Диханбай Ақділда және өзге де азаматтар естеліктерімен бөлісіп, кітап авторын құттықтады. Жаңа кітаптың лентасын аудан әкімінің орынбасары Олжас Көкей, жазушы Пернебай Дүйсенбин, ҚР Мәдениет қайраткері Рәтбек Сүлейменов және мемлекеттік қызметтің ардагері Мағия Тоқсанбаева кесті.
Аят Батей, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті.