Қазақстанда бизнеске қойылған керексіз талаптар алынып тасталады
Қазақстанда бизнеске қойылған керексіз талаптар алынып тасталады
Премьер-министр Әлихан Смайылов кәсіпкерлік қызметте "таза парақтан бастап" реттеуді енгізу және мемлекеттік бақылау мен қадағалауды автоматтандыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, - деп хабарлайды Aqjolgazet.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап. Кеңес барысында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қоғамдық тамақтану, сауда, қонақүй қызметтері, көлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы реттеуші актілерге жүргізілген талдаудың базалық шарттарға сәйкес келмейтін басы артық және бірін-бірі қайталайтын бірқатар талаптарды анықтағанын мәлімдеді. Алдағы айларда тағы алты бағыт бойынша, ақпарат және байланыс, компьютерлік бағдарламалау саласы, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, жинақтау, тау-кен өнеркәсібі және құбыр көлігінің қызметіне талдау жүргізу жоспарланған. Премьер-министр қазіргі уақытта бизнеске көптеген формальды талаптар қойылғанын атап өтті. Оларды тиісті бақылауды қамтамасыз етуге зиян келтірмейтіндей етіп алып тастауға болады. Әлихан Смайылов мұндай талаптардың болуы елдегі іскерлік ахуалға кері әсерін тигізетінін, сондықтан орталық мемлекеттік органдардың "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, реттеуші актілері қысқарту бойынша жұмыс жүргізуі тиіс екенін атап өтті.
Осыған байланысты премьер-министр тиісті органдарға қайта қарау және қысқарту арқылы қазақстандық нормативтік-құқықтық базаны басы артық талаптардан тазарту жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ, Әлихан Смайылов Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мемлекеттік бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету кезінде тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін құру бойынша тәсілдерін мақұлдады.