«Бір айтыстың өтуі аз болады, Шераға еңбегінің көлеміне»
«Бір айтыстың өтуі аз болады, Шераға еңбегінің көлеміне»
Айтыс шымылдығы байзақтық Ернұр Бейсенов пен шулық Әділет Медетқұл арасындағы әзілге толы жыр сайысымен ашылды. Тараздық Мұхтар Қонарбаев (қазіргі таңда елордада «Шабыт» университетінде оқиды) пен қазіргі таңда облыстық Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының ғылыми қызметкері Дидар Апбасовтың айтысы да салған жерден қарқынды басталды. Тараздық Қайрат Анарбаев пен Жамбыл ауданынан Әлихан Яшардың айтысы да көпшілікті жалықтыра қойған жоқ. Айтыс көрігін жамбылдық Елібек Нұрмағанбетов пен таластық Айсұлу Жүнісбек қайта қыздырды. Елібектің «Маған да өзіңіздей сұлу керек, Екі елдің арасына көпір керек. Қайын апам өзі әкеліп тұрған кезде, Қайтып бермей, өзіңді алып кету керек» дегеніне Айсұлу: «Арзандау жан екенсің айналайын, жеңіл желпі ойларды әңгіме еткен. Қызым жүлде алсын деп келді анам, Қызын саған беруге келді деп пе ең», – деп әдемі жауап берді. Жамбылдық Алина Айдаралы мен тараздық Аят Бәтейдің арасындағы айтыс та жақсы өрбіді. Аяттың: «Байқамай қалыппын ғой сені көріп, тәттіге қалай құмар болғанымды» дегеніне Алина: «Тектілігің Рысқұлов Тұрар ма екен, беттілігің нағыз ақын Жұбан ба екен. Мен ұнап қалыппын ғой бұл Аятқа, Алайда Аят маған ұнар ма екен», деп әдемі әзілдеді. Мұнан соң финалда Дидар мен Айсұлу, Елібек пен Алина, Мұхтар мен Әділет айтысып, өнер көрсетті. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Елібек Нұрмағанбетовке бұйырса, бірінші жүлдеге жуалылық Дидар Апбасов лайық деп танылды. Жарқырап көрінген қос ақын қыз Алина Айдаралы мен Айсұлу Жүнісбекке екінші орындар берілсе, үшінші жүлдені тараздық Мұхтар Қонарбаев пен шулық Әділет Медетқұл өзара бөлісті. Олар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Нұрперзент Туғанбай, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті.