Музей - тарихи құндылықтар ордасы
Музей - тарихи құндылықтар ордасы
. Осылайша, көрген кісінің көзі тоятындай жаңа ғимаратта рухани құндылығымыз болған тарихи жәдігерлеріміз сақталатын болды. Ғимарат екі қабаттан тұрады. Жалпы аумағы 4015 шаршыметрді құрайды. Музей экспозициясына 5700-ден аса жәдігер қойылған. Олар Жамбыл облысының ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихын қамтитын 4 залға жинақталған. Енді тарихқа сәл шегініс жасасақ. Облыстық тарихи - өлкетану музейінің негізі 1931 жылы тамыз айында қаланып, 1940 жылдардың соңында жаңа мәртебеге ие болды. Жамбыл облысының құрылуына байланысты музей, енді облыстың бүкіл тарихы мен мәдениетін қамтыды. Мекеме құрылғанда Қарахан кесенесінің жанындағы ғимараттың екі бөлмесінде ғана орналасқан болатын. Өлкемізде көптеген жылдар бойы жүргізілген археологиялық және ғылыми жинастыру экспедициялық жұмыстардың нәтижесінде музей қорына 60 мың дана экспонат жиналған. Оның 20 мың данасын аудандық музейдегі жәдігерлер құрайды. Көптеген жәдігерлер мен толыққан музей 1978 жылы Тараз қаласы «Достық» алаңында орналасқан ғимаратқа көшірілді. 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдығын тойлау қарсаңында музей ауласында «Тас мүсіндер мен көне түркі жазулары», «Тараз – 2000» , «Суретші Л.В.Брюммердің көркемсурет залы» тақырыптарында 3 павильон салынды. Сөйтіп, музейдің экспозициялық ауданы ұлғайып, 2010 шаршыметрге жетті. Қазіргі таңда музейде 70 мыңнан астам жәдігер бар. Бүгінде облыстық музей – тараздықтардың көп келетін сүйікті мәдени демалыс орындарының бірі. Өлкеміздің көп ғасырлық тарихы, жинақталған мәдени мұралар – өскелең ұрпаққа білім және патриоттық тәрбие беру негізіне айналып отыр. Жастар санасының рухани жаңғырып, тарихтан тағылым алуына да өңірлік музейдің қосып отырған үлесі орасаң. Осы орайда ерекше айтарымыз – бірнеше аудандық музейлердің белсенді жұмыстары. Мәселен, Қордай аудандық Кенен Әзірбаев әдеби - мемориалдық музейі Халық ақыны Кенен Әзірбаевтың артында қалған мол мұрасын жиыстырып, алтын қазыналарды сақтап отыр. Аталған музейді ашу туралы ең алғаш 1980 жылы 16 қаңтарда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов пен облыстық халық депутаттары атқару комитетінің төрағасы Сейілхан Аққозиевтың №33 қаулысы негізінде Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық комитетінен және Қазақ ССР-нің Министрлер Кеңесінен сұралынды. 1980 жылғы 11 сәуірде №83 облыстық партия комитетінің және облыстық халық депутаттары атқару комитетінің қаулысы негізінде музей құрылысы басталды. Музей 1981 жылдың 14 сәуірінде ресми түрде облыстық тарихи- өлкетану музейінің Красногор ауданы Ұмтыл ауылындағы филиалы ретінде ашылды. Нысан кілті ресми түрде ақынның ұлы және музейдің тұңғыш директоры Көркемжан Кененовке салтанатты түрде тапсырылды. Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейі 2021 жылы өз есігін келушілерге жаңарған экспозициясымен қайта ашты. Ғимараттың жалпы ауданы 303,5 шаршыметрді құрайды. Оның 98,3 шаршыметрін экспозициялық залдар алып жатыр. Мысалы, 1-зал ақынның өмірі мен қызметінен сыр шертеді. Онда сазгердің жеке өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайтын музыкалық аспаптар, кітаптар, фотосуреттер, ақынның киген шапандары, қолданған тұрмыстық заттары қойылған. 2-зал ақынның тұрмыстық бөлмесі мен жұмыс бөлмесіне арналған. Тарихи тұлғаның жұмыс бөлмесінің интерьері және басқа да күнделікті өмірде тұтынған заттары ақынның тек өнер адамы ретінде ғана емес, шынайы тұлға ретінде де ашып көрсетеді. Жұмыс бөлмесіндегі жәдігерлер толықтай шынайылығымен ерекшеленеді. Жеке тұтынған заттары: куәліктер, тарихи құжаттар, қаламсап, заманында сәнді болған жиһаздар, жазу машинкасы және өзінің портреттері қабырғаға ілінген. Музейдің жалпы аумағы 4.8 гектар жерді алып жатыр. Осы аумаққа саябақтың да орналасуы әдемі үйлесім тапқан. Мұнда қарағаш, терек, қарағай, шырша, қайың, тал ағаштары егілген. Шу аудандық тарихи-өлкетану музейінде тас дәуірінен бастап Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейінгі Шу ауданының дамуы мен өлкенің тарихы көрсетілген 5 зал бар. Жалпы аумағы 318,5 шаршыметрді құрайды. Музей қорында 4402 бірегей және құнды жәдігер сақталған. Олар тарихи, археологиялық коллекциялар, нумизматика, тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар, жергілікті жазушылардың жазған туындылары, сирек кітаптар, картиналар, құжаттармен фотоматериалдар саласындағы жәдігерлер сақталуымен құнды. «Археология тас дәуірі» аталатын бірінші зал адамзаттың пайда болуы және қалыптасуы, олардың алғашқы еңбек құралдары, тас дәуірі, қола дәуірі, ерте темір дәуірінің адам өмірінің ең алғашқы кезеңіне арналған. Екінші залға Баласағұн қалашығынан қазба жұмыстары кезінде табылған қыш құмыралар, диірмен тастар, су-монша құбырлары, күйген бидай, жебенің ұшы, мыс ақшалар экспозицияға қойылған. Мұнда келушілерге Баласағұн қалашығы туралы толық мағлұмат беріліп отырады, сондай-ақ Жайсан даласынан алынған балбал тас және қазақ хандығының құрылуына арналған бұрыш экспозицияға қойылған. Ал Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейі Жуалы ауданы Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында орналасқан. Нысанның қабырғасы 1990 жылы қаланды. 1995 жылы 5 мамыр күні музей салтанатты түрде ашылып, халыққа қызмет ете бастады. Жалпы аумағы – 349,8 шаршыметр. 6 бөлмесі бар. Мемориалдық музей қорындағы жалпы жәдігерлер саны – 2282. Жыл басынан бастап музей қоры 9 жәдігермен толықты. Сонымен қатар музейдегі «Баукеңнің қарулас жерлестері» атты бұрышта Жуалы ауданынан Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің суреттері ілініп, құжаттары, хаттары, алған медальдары, ордендері, төсбелгілері, марапаттау қағаздары, Алғыс хаттары қойылған. Осы жерде Батыр қалалар – Волгоград, Минск, Курск доғасы, Ленинград, Одессадағы бауырластар зиратынан әкелінген топырақтар қойылған. Мойынқұм аудандық музейі де 1973 жылдан қоғамдық негізде құрылып, халыққа қызмет көрсетуде. 1986 жылға дейін облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып келді. 1987 жылдан бастап «Екі мәрте Еңбек Ері Ж.Қуанышбаев атындағы шопандар тұрмысы мен өмірінің тарихи музейі» аталып, халық көңілінен шығуда. Музейде табиғат, өлкетану, шопандар, этнография, археология бөлімдері бар. Музейді Жазатаның келіні Ләйла Қожагелдиева басқарып отыр. Меркі аудандық тарихи - өлкетану музейі болса 1983 жылы қоғамдық негізде аудандық мәдениет үйінде ашылды. 2020 жылдың есебімен музей қорында жалпы 13951 жәдігер сақталып, алты залға топтастырылған. Т.Рысқұлов аудандық музейі 1983 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, зейнеткер Әмре Сұлтанбековтің ұйымдастыруымен құрылған. Ол кісі бірнеше жүздеген жәдігерлерді жинап, кейінгі ұрпаққа өнегелі мұра қалдырды. Одан кейін Нәрәзім Даубаев, Мақаш Исбаев, Өсер Уәзиев, Любовь Левицкая, Мұқатай Секеев сынды кісілер меңгеруші қызметін атқарып, жәдігерлер санын толықтыра түскен. Музей 2010 жылдың қазан айына дейін аудандық мәдениет үйіне қарасты мекеме болған. 2010 жылғы 1 қазаннан облыстық тарихи- өлкетану музейінің Т.Рысқұлов аудандық бөлімі болып жұмыс жүргізіліп келеді. Бүгінгі т аңда Т.Рысқұлов аудандық тарихи-өлкетану музейі археологиялық, этнографиялық және тарихи залдардан тұрады. Құнды дүниелерді сақтап, халыққа кеңінен насихаттауда музей меңгерушісі Эльдар Өтембаев, кіші ғылыми қызметкер Бауыржан Толыбаев, экскурсовод Мейіржан Бошкаевтың еңбегі ерен. Талас аудандық тарихи өлкетану музейі 1989 жылы 20 тамызда сол кездегі аудан орталығы Ақкөл ауылында ашылған. 1997 жылдың 12 мамырында Талас ауданы мен Қаратау қаласы қосылғандықтан, аудандық музей кеншілер шаһарына көшіріліп, «Горняк» кинотеатрының ғимаратында орналасты. Бұл ғимараттың жалпы ауданы 461,2 шаршыметрді құраса, оның 320,6 шаршыметрі экспозициялық көрме қойылымдарына бөлінді. Бұдан өзге қор сақтайтын мұрағат үшін 32 шаршыметр аудан бөлінді. Аудандық музей археология, этнография, палеонтология, Талас ауданының тарихы, «Қаратау» тау-кен комбинаты, «Тәуелсіз Қазақстан» атты бірнеше залдардан тұрады. Музей экспозициясына соңғы үлгідегі теледидар, тейшсмарт қойылып, онда Талас ауданының тарихы, Талас өңіріндегі тарихи-сәулетті ескерткіштер, музей туралы ақпараттар жайлы бейнероликтер көпшілік назарына ұсынылуда. Сарысу аудандық Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейі 1978 жылы ауданның құрылғанына 50 жыл толуы қарсаңында ашылған. Саудакент ауылында орналасқан музей 1989 жылы қазіргі екі қабатты ғимаратқа көшірілген. Жалпы аумағы 327,5 шаршыметрді құрайды. Мұнда 5400 жәдігер «Археология», «Ықылас Дүкенұлы», «Табиғат», «Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезең», «Этнография» және «Мәдени ағарту және өнер» сынды залдарға топтастырылған. Міне, осылайша Әулиеата өңіріндегі музейлер көне дәуірдің күмбіріндей болып келушілерге қалтқысыз қызмет көрсетуде.
Зарина ДҮКЕНБАЕВА, облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары.