Ер адамның алдын неге кесе өтпейді?
Ер адамның алдын неге кесе өтпейді?
Кейінгі уақыттарда мен қазақтың салт- дәстүрлерін, ырым-тыйымдарын жинақтап жүрген болатынмын. Оны жас буын өкілдеріне «Керек жерде көмегі тиер» деп ұсынып та жүрмін. Белгілі этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек қазақтың дәстүрлі тыйымдарын үш түрлі етіп бір ізге келтірген екен. Яғни, адамға, қоғамға және табиғатқа қатысты тыйымдар. Адамға қатысты тыйымдарға «Аттандама. Аузыңа ерік берме. Аузыңды керме. Аяғыңның басына қарап жүрме. Аяқ киіміңді сол аяқтан бастап киме» деген сияқты ескертпелер жатады. Ал қоғамға қатысты тыйымдар қатарында «Әйелге жолаушының алдын кесіп өтуге болмайды. Әйелге ер адамның алдын кесіп өтуге болмайды. Байлығыңмен мақтанба. Басқаны қор санама» сияқты кеңестер бар. Сол сияқты табиғатқа қатысты тыйымдар деп «Ай сәулесін бетіңе түсіртпе. Аққуды атпа. Жалғыз ағашқа тиіспе. Жалғыз ағашты кеспе. Жерді орынсыз қазба. Жұлдызды саусағыңмен көрсетпе» деген сияқты ұғымдарды айтуға болады. Осы орайда Гүлжанат Әмірқызы есімді автордың «Ер адамның алдын неге кесе өтпейді?» деген жазбасы да маған терең ой салды. Соны өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдім. «Бірде көлік күтіп жол жиегіндегі дүкен алдында тұрдым. Қасымда орта тұстағы әйел мен шүйіркелескен екі бойжеткен бар. Алыстау жерде жас шамасы 50-ді еңсерген азамат келе жатты. Кенет жолдың келесі қапталына такси тоқтады. Арғы бетке баратындар болса, 100 теңгеден ала кететінін айтып, қол бұлғады. Екі бойжеткен жан-жағына қарамастан жылдам жүгіріп мініп кетті де, әлгі орта жастағы әйел кідіріп қалды. Ойымда ешнәрсе жоқ: «Апа-ау, арзан таксиден қалып қойдыңыз ғой?» – дедім жалма-жан. Ол жайбарақат: «Ер азамат келе жатыр, алдын қалай кесемін», – деді байыппен. Әлгі жерде ойланбай сөйлегенім үшін бетім қызарып кетті. «Одан басқа да такси келер. Ер адамның алдын кесе өту жақсы ырым емес. Көрдің ғой, қалай разы болып, бата бергенін», – деді. Иә, жастарға дұрыс пен бұрысты ажыратып көрсететін алдыңғы буын қалай жылжыса, соңғы дөңгелегі де солай қарай жүрмей ме? Біздің мамандықтың өзгеге ұқсамайтын ерекшелігі көп. Журналистер қауымы жылт еткен жаңалық мен оқиғаның ортасында жүреді. Ел құрметіне бөленген ерек азаматтармен әңгімелеседі. Аудандық басылымның арқасында қанша адаммен сұқбаттасамыз. Олардан өнеге алған кезіміз аз болған жоқ. Бірде жақын апайымның бірімен әңгімелесудің сәті түсті. Соның бір сөзі осы тақырыпта қалам тартуыма түрткі болды. «Ежелден ер кісінің алдынан кесіп өтпеген аналардың өнегесі қазіргі таңда ұмытылған сыңайлы» деп бастады әлгі апай әлденеге көңілі толмай. – Қоғамда ер кісімен текетіресіп, сөз таластыратын әйел заты көбейді. Бұрынғы ақжаулықты аналарымыз, нәзікжандылар ер азаматқа сыпайы сөйлейтін. Кішкентай ұл баланың да алдын кеспеген. Сол кездегі сыйластықты көріп өскен соң кейбір әйелдің әдепсіз қылығын көргенде бойыңда үрей пайда болады», – деді қадіріміздің қашқанына налып. Атақты Төле би: «Балама әйелді өзім таңдап алып беремін. Байдың байлығына, бидің билігіне қызықпаймын. «Асыл пышақ қын түбінде жатпайды» деген. Келінім ақылды болса, балам дана болады. Ердің бақыты – әйел. Ел сыйлайтын ерді ақылмен адам етіп тәрбиелейтін әйел, кең жайылған дастарханымен ердің атын шығаратын да әйел. Малына, байлығына қызығып, ешкімге құда болмаймын. Келінді асықпай ел арасынан өзім іздеймін. Бұйрық болып, кездессе көрермін. Ырыс, бақыт, қызыр да әйелде. Әйел қызырлы болса, үйіңнен жақсы адам кетпейді. Мысалы, берекелі үйге кім келмейді? Жақсы әйелдің арқасында ердің даңқы кетеді. «Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» деген. Би түскендей үй болу – әйелден», – деп келін іздеуге жолға шығыпты. Сонда аттары болдырып, шөлдеп-шөліркеп келе жатқан жолаушылардың алдынан бір топ атты қыз- келіншек көрінеді. Ол топтың ішінде Данагүл дейтін кедейдің қызы бар еді. – Ау, апайлар, тоқтаңыздар, аттарыңыздың басын тартыңыздар. Жоғары жақтан бірқатар аттылар келе жатыр, алдынан кесе-көлденең өтпейік. Үлкендердің алдынан кесіп өту дұрыс болмайды. Олар ел, жер қорғайтын ерлер. Кім біліпті, араларында асқан ақылды, данышпан қариялары, ашулы, арынды батырлары бар шығар. «Ер сыйлаған есікте қалмас» деген. Әлі-ақ бәріміз де бір-бір үйдің иесі боламыз. Шарапат-жақсылығы тиер, үлкен кісілердің батасын алып, алғысына бөленейік. Апалар, аттарыңыздың басын тартыңыздар, тосып тұралық. Атты кісілер алдымыздан кесіп өтсін. Сонан соң жүрсек те ауылымызға жетерміз, – депті Данагүл. Жол кеспей өздерін күтіп тұрғанын Төле би алыстан байқайды. Жақындап келгенде аттан түсіп, сыпайы сәлемдескен Данагүлден не үшін кідіргенін сұрайды. Сондағы жауабына разы болған Төле би осы бір ғана қасиетінен-ақ келін қылып алуға бел буыпты. Ер азаматқа деген ілтипат пен сыйластық жайлы бұдан кейін не айтуға болады? Мұндай көрегенді қасиеттер азайған, дүниеге алаңдайтын уақыт болды қазір. Соның маңыздысы – отбасы жылуының әлсіреп бара жатқаны. Әйел ерге қараса, ер көкке қараған. Өйткені ер адам қуат күшті тәңірден алған. Әйел мен ердің айырмашылығы жер мен көктей деп осыдан айтады. Көктен найзағай ойнап, жаңбыр жауса да, жер бірқалыптығын сақтайды. Өйткені жер мен көк арасындағы үйлесімділіктің негізін жер қалап отыр. Жер мен көк үйлесім тапқандай, әйел мен ер де сондай қалыпта өмір сүру керек. Әйел еркектің беделінің жоғары болуына мүдделі. Азамат мал тапса, әйел бала табуға жаратылған. – Кеңес үкіметі кезінде ер-әйел, бала- шаға тең құқықта деген тәрбиемен сусындап өскен қазіргі ата-әжелердің тізгінді босатып алғаны рас. Соның салдарынан бала мен келіннің, ұл мен қыздың еркін құқығы көп жағдайда кісіліктің не екенін, үлкенді сыйлау, алдын кесе өтпеу, кішіге ілтипат көрсету, иманды болу секілді әдет-ғұрпымызды ескінің сарқыншағы, артта қалғандық деп түсініп, асыл қасиетімізден айырылуға шақ қалдық. Ынжық ұл, әлсіз рух әке тәрбиесі үстем болмағаннан пайда болды, – дейді ақын Дастан Нәзікбаев. – Қазақта әкесін неге көке деп атайды? Осыған зер салып, жауабын іздеп көрдіңіз бе? Ол сөздің түпкі мағынасы «көк» деген ұғымнан пайда болған. «Көкеңді танытайын ба, көрсетейін бе, ұмытайын деген екенсің, көкем бар» дегенде әкесін шексіз күш- қуат иесі санаған. Ер адамның алдынан ешқашан кесе өтпеген. Жолға шығарда өзі ескертпейінше қайда баратынын сұрамаған. Оны жаман ырымға балаған. Жолы болмайды деп жорыған. Тілеуін тілеп қала берген. Қазір ше? Мүмкін, кінә жігіттерден де бар шығар? Неге десеңіз, әйелінің сөзінен аса алмайтын, әйелінің ығына көне кететіндердің кездесіп қалатыны бәрімізге мәлім. Ол тұрмыстық тапшылықтан ба деймін кейде. Әйел ерінен мол табыс табамын деп астамшылдық ететінді де көріп жүрміз. Әйел қанша жерден ақылды, білімді, қызмет дәрежесі жоғары болсын, балаларының болашағы үшін ерінің алдында иіліп тұруы керек. Сонда ғана қазаққа ғасырлар бойы мүлтіксіз қызмет қылып келген отбасы институты қалпына келеді, – дейді ардагер ұстаз Қарлығаш Ермағамбетова. «Биік таудың төбе құсап мүжілгені, жаман еркектің әйел құсап сызылғаны жаман» деген. Ер адам жігерсіз болса, одан не қайыр? Сондықтан кешегі өткен қилы заманда еліміздің тәуелсіздігін, кең байтақ сайын даламыздың тұтастығын басқыншы жаулардан «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қорғап қалған бабалар батырлығы мен қаһармандығы ұрпақтан ұрпаққа өнеге болуға тиіс. Ер- азаматтың тұлғасы тек соғыста ғана емес, күнделікті өмірде де дараланып тұрса қандай ғанибет!
Төле НАРЖАНОВ Байзақ ауданы