- Advertisement -

Жұлдызы жарқыраған жан

172

- Advertisement -

Мойынқұм ауданы туралы бұрын сырттай естігенім болмаса көрген емес едім. Ал 1984 жылы Қазақ мемлекеттік университетін журналист мамандығы бойынша бітіргеннен кейін Жамбыл облыстық партия комитетінің жолдамасымен қыркүйек айында табысы тасқындаған ауданға келдім. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назарбековтің қабылдауында болып, артынша аудандық «Коммунизм таңы» газетіне тілші болып қызметке орналастым. Міне, осы күннен бастап атағы алысқа кеткен, табиғаты қатал, облыс орталығынан шалғайдағы елі бай, жері дархан аудандағы қайнап жатқан қызу өмірге араласып та кеттім. Сол кездегі халқы үшін, елі үшін аянбай еңбек етіп, тер төккен абзал ағаларымыздың асыл қасиеттерін өскелең ұрпаққа жеткізу басты мұраттың біріне айналды. Бүгін сол дәуірдегі тарихи оқиғалардың бел ортасында жүріп, халқына қалтқысыз қызмет еткен қоғам қайраткерлерінің бірі – Көктерек, Мойынқұм аудандарында ширек ғасырға жуық басшылық жасаған Айтбай Назарбеков ағамыз жайлы айтылар ой көп. Ол Отаны мен халқы, елі мен жері үшін бар ғұмырын арнаған күрескер, ерен тұлға.

Ел басына күн туған қиын-қыстау заманда қолына қару ұстап, жаумен күрескен Айтбай ағаның өмірінің қай кезеңін алсақ та, қайраткерлігі байқалып тұрады.
Айтбай Назарбекұлы 1922 жылдың 5 шілдесінде Сарысу ауданының Байқадам ауылында дүниеге келді. Мектеп бітіргеннен кейін Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қапланбек ауыл шаруашылығы техникумында оқып жүргенде Ұлы Отан соғысы басталады. Соғысқа алғашқы күндерден қатысып, 1945 жылы жараланып, елге қайтады. Соғыста жүріп көрсеткен ерлігі үшін бірнеше марапаттарға ие болды. Бейбіт еңбек жолын сол жылы Сарысу аудандық атқару комитетінде бөлім нұсқаушысы болып бастады. 1946-1956 жылдар аралығында Сарысу аудандық атқару комитетінің хатшысы, 1956-1961 жылдары Жамбыл аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1961-1962 жылдары Шу өңіріне келіп, Көктерек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болды. 1956 жылы Алматы жоғарғы партия мектебін бітіргенін де айта кеткен орынды болар. Ал 1962 жылы Көктерек және Шу аудандары қосылған кезде Шу аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

1965 жылы жаңадан ашылған Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалып, 1985 жылы тамыз айында құрметті еңбек демалысына шықты. Ағамыз оқу мен өмірлік тәжірибені қатар ұштастырып, білуге деген құштарлықпен, адамға жақсылық жасасам деген асыл оймен ер жетіп, қызмет жасады. Ол өзінің қарым-қабілеті арқасында ел аузына ерте ілігіп, көзге түсті. Сарысу, Жамбыл, Шу аудандарының партия, атқару комитеттеріндегі басшылық қызметтерде жүріп шыңдалып, іскерлігімен дараланды. Ал Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезінде жұлдызы жарқырай түсті. Оған нақты дәлелдер жетеді.

Қазақтың бақ-береке дарыған қасиетті де құтты жерінің бірі – осы Мойынқұм. Ұшқан құстың қанаты талып, шапқан тұлпардың тұяғы тозатын, қойнауы қазынаға толы бұл өңір мойынқұмдықтарға Құдайдың берген сыйы. Дерек көздеріне қарағанда 1465-1466 жылдары хандықты құрған қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібектің қазақ хандығының туын қадаған жері осы өңірдегі Қозыбасы деген шоқы көрінеді. Хан тауындағы «Хан тағы», «Хан сатысы», «Хан қорасы» деген жәдігерлердің өзі осы маңда алғашқы қазақ хандығының құрылғанын айғақтап тұрғандай. Бұл өңірде басқа да тарихи орындар аз емес.

1964 жылдың 30 желтоқсаны күні Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша шөл және шөлейт аймақты игеру, мал шаруашылығын дамыту мақсатында жаңадан ашылған аудан тізгіні Айтбай Назарбековке тапсырылды. Аудан орталығы болып Фурмановка ауылы белгіленді. Ауданның жалпы аумағы 55,5 мың шаршы километрді құрайды. Ал осы аймаққа айдай әлемге аттары әйгілі Бельгия, Израиль, Ливан секілді бірнеше мемлекет қатар сыйып кетеді екен. Ал бұл деген жарты Еуропа емес пе? Осыны білген құрдастары ауданды ауыздықпен алыса жүріп басқарған Айтбай Назарбековті «Жарты Еуропаның жаужүрек басқарушысы» деп құрмет тұтқан көрінеді. Осыншама ауқымды жерге жан беріп, ол жерге ел ойлағандай жанашырлықпен иелік ету екінің бірінің қолынан келетін оңай шаруа емес екені рас еді. Шағын ғана Фурмановка ауылынан аудандық мекемелерге кеңсе, олардың қызметкерлеріне үй-жай тауып беру өте қиын еді.

Ауылды аудан орталығына айналдыруға көп күш-жігер жұмсалды. Осы тұста құрылыс материалдары жетіспей, жұмыс жүрмей жатқанда тұрғын үйлерді жергілікті табиғи материалдарды пайдаланып қамыстан тоқылған матылармен тұрғызу идеясы іске асты. Сондай-ақ қой қоралары мен жас төлдер тұратын жылыжайлардың төбесін буылған қамыстан жасалған фашинмен жабу тәрізді жұмыстар қолға алынды. Ал мұндай әдіс құрылыс шығынын азайтып, еңбек өнімділігін арттырды. Міне, осындай жыңғыл, шеңгел, қамыс тәрізді жергілікті материалдарды ұтымды пайдаланып, тығырықтан шығуға Айтбай аға жол тапты. Сол үйлер мен қоралар әлі күнге дейін пайдаланылуда. Ауыл маңайын қалың өскен жыңғыл, шеңгелдерден тазарту да оңайға соқпады.

Алдымен кеңсе, тұрғын үйлер соғу қолға алынса, артынша әлеуметтік нысандар бой көтере бастады. Бұл ретте аудандағы жаңадан құрылған Иван Богданович Экгард басқаратын №2006 жылжымалы механикаландырылған колоннасы мекемесінің құрылысшылары уақытпен санаспай еңбек етті. Аз жылдың ішінде Мойынқұм ауданы облыс тұрмақ республика бойынша ірі аудандар қатарына енді. Аудандық партия ұйымында тәрбиеленген Асан Нүркенов пен Ермек Сауранбаев Сарысу және Меркі аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына жоғарылатылды. Міне, мұның барлығына ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, іскер азамат Айтбай Назарбековтің ерен еңбегінің арқасында қол жетті.

Мойынқұм тәрізді құмды өңірді берекелі, жасыл желекті өлкеге айналдырды, ауыл-аймақтардың ажарын кіргізді. Жазы ыстық, қысы қарлы-боранды, табиғаты қатал біздің бұл өңір шын мәнінде тек қайсар жандардың мекені десек те болады. Алайда Мойынқұм тұнба байлықтың мекені, мол ырыс ордасы. Сан ғасыр береке-дәулетті ішіне бүгіп, сырын ашпай құлазып жатқан жерге тіршілік әкелу Айтбай Назарбеков басқарған мойынқұмдықтардың еншісіне тиді. Олар шөл далада маңдай терін төге отырып, еңбек етті. Нәтижесінде Мойынқұм жері түрленіп, өңір көркейді. Атқарылған әрбір істе ағамыздың қолтаңбасы, ал басқан жерінде өшпестей ізі қалды.

Мал шаруашылығын интенсивті өркендетуге бет бұрған жаңашыл басшы Айтбай Назарбеков жаңа бастаманы республикада алғашқылардың бірі болып іліп әкетті. Әр мәселеге байыппен қарайтын ол малшы кадрларын даярлауға, топтық-бригадалық әдіспен еңбек етуді ұйымдастыруға, осы салада еңбек етушілердің жұмысын жеңілдетіп, тұрмысын жақсартуға ерекше көңіл бөлді. Құм жайылымдары мен тау аңғарларына ірілендірілген шопандар, бақташылар бригадаларының қоныстары орын тепті. Оларға электр желілері тартылды, монша, клуб, кітапхана, үйлер салынды. Мал шаруашылығы екпінді майдан аталған жылдары жұмысқа жастар көптеп тартылды. Оларға барынша жағдай жасалды.

Міне, осылайша бастау алған ұлағатты да өркенді іс өрісін тапты. Олардың арасында үнемі білгенін үйретіп, ақыл-кеңесін аямайтын екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, атақты шопан Жазылбек Қуанышбаев бастаған Еңбек Ерлері Ділдаш Итбасова, Құдайберген Біртаев, Шоман Шәріпбаев, қой қырқудан Кеңес одағының екі дүркін чемпионы Шотай Тайбағаров, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттары болған Мешітбай Қойшыбеков, Нұржамал Туғанбаева, Күлзада Тілеубаева, тағы басқа да еңбек майталмандары болды.

1965 жылы совхоздар меншігінде 18 мың ірі қара, 5 мың жылқы, 1 мың түйе, 250 мың қой болса, Айтбай аға зейнетке шыққан 1985 жылы ірі қара саны 85 мыңға, жылқы 17 мыңға, қой 400 мың басқа жетті. Ауданда суармалы 8 мың гектар жерге қызылша, жүгері, бау-бақша өсіріліп, мол өнім алуға қол жеткізілді. Сөйтіп ауданда егін саласына да баса мән беріліп, суармалы егістіктің көлемі 10-12 мың гектарға дейін жеткізілді. Жүгері жинауға Тараз қаласынан студенттер көмекке келіп жататын. Осы тұста «Айдарлы» совхозының жүгері өсірушісі Дүниемал Сануев әр гектардан 60-70 центнердан таза дән жинап, Қазақ КСР Ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкері атанды. «Көктерек» совхозынан Кәлпекүл Ептібаева, Амангелді совхозынан Міншай Жетібаева, Сәулеш Құлжанбековалар ер азаматтардан қалыспай темір тұлпарды тізгіндеді. Олар жүгері өсірумен айналысып, жүгеріден мол өнім алып, абыройға бөленді. Міне, осылайша Айтекең Мойынқұм өңірінің төрт түлік малға толуына ерекше үлес қосты.

Аудан құрылған алғашқы жылдардың өзінде-ақ табыстың тай қазанын тасытуға қомақты үлес қосқан Фурманов атындағы совхоз бөлімшесінің меңгерушісі Әлкен Жапаров, осы совхоздың аға шопандары Дүйсенбай Айранбаев, Роман Байжиенов, аға бақташы Иген Аяпов, механизатор Андрей Вильгелм, Амангелді атындағы совхоздың аға шопаны Зарлық Қоғабаев, «Айдарлы» совхозының аға шопаны Тыныштыбай Ахметжановтар Ленин орденімен наградталса, оларға артынша «Талдыөзек» совхозының аға шопаны Әлтай Төлепбергенов қосылды. 1966 жылдың көрсеткіші бойынша ауданда 139 жұмысшы-қызметкер Үкімет наградасына ие болып, жыл табысты аяқталды. Тура осы жылы «Көктерек» совхозының аға шопаны Құдайберген Біртаевқа Социалистік Еңбек Ері атағының берілуі аудан абыройын асқақтатты.

Айтбай ағаның жаңалыққа жаны құмар еді. Мал бағып, өсірудегі Семей облысы, Шұбартау ауданы жастарының бастамасы Айтекеңді бейжай қалдырмады. Шұбартаулық жастардың үндеуіне үн қосқан аудан жастары «комсомол-жастар бригадаларын» құрып, мал бағуға шықты. Айдарлыда «Сұңқар», «Шалқар», Талдыөзекте «Тұлпар», Амангелдіде «Шұғыла», «Шағала», Байталда «Қарлығаш» жастар бригадалары құрылып, абыройлы еңбек етті. Оларға тәжірибелі малшылар басшылық жасап, алаңсыз еңбек етулеріне барлық жағдай туғызылды. Нәтижесінде мал өз төлі есебінен көбейді.

1966 жылы аудандық партия комитетінің ұйғарымы бойынша ауданымызда жас шопандар үшін «Жазылбек мектебі» құрылды. Мектептегі сабақты жүргізуге озат малшылармен қатар белгілі мал мамандары да атсалысты. Ал бұл көп ұзамай өз нәтижесін берді. – Менің жиырма жылдан астам өмірім осы Мойынқұмда өтті. Мойынқұм мен үшін тағдыр. Оның табысына да, шабысына да, қуанышына да, ренішіне де ортақпын. «Еңбек қуған қазынаға жолығады» деген сөз бар. Мен қазынаға осы Мойынқұмда жолықтым. Еңбек еттім, ер атандым. Сондықтан Мойынқұм менің өмірім, таусылмайтын әнім деп Айтбай аға бір кездескенде тебірене әңгіме қозғаған еді, – деген ағамызбен қызметтес болған ардагер журналист Орынбай Тасыбеков ағамыздың айтқан әңгімесі есімде қалыпты.

Айтбай ағамыз жаңа ауданды басқарған 20 жылдың ішінде тұрғын үйлерден бөлек 14 орта, 2 бастауыш мектеп, 18 балабақша, 6 пошта ғимараты, 12 мектеп-интернат, 5 аурухана, 5 дәрігерлік пункт типтік жобамен салынды. Аудан орталығында бірнеше қабатты сәнді үйлер мен айрықша жобамен бүгінгі 2 қабатты сот мекемесі үйі, тұрмыс қажетін өтеу комбинаты, 3 қабатты қонақ үйі, байланыс үйі, аудан әкімдігінің ғимараты салынып, ауыл ажарын аша түсті. Ал бұған ағамыздың өзі республикалық газеттен көріп, зәулім әрі көркем сәулетті мәдениет сарайы мен еңселі орталық сауда үйінің жобасын Белоруссия мен Украинадан арнайы адам жіберіп алдырып, салдырғанын қосыңыз. Сәнді талдар отырғызылды. Мұндай сәулетті ғимараттар басқа да елді мекендерде бой көтерді.

Сол кездегі ең өзекті деген жол мен электр энергиясы мәселелері оң шешімін тауып, бас-аяғы 4-5 жылдың ішінде Бірлік-Ұланбел, Бірлік-Хантау, Хантау-Мирный-Ақбақай автомобиль жолдары салынып, асфальт төселді. Әрбір елді мекенге баратын жолдар асфальттанып, оларға АН-2 ұшағы қатынай бастады. Ал Алматы, Тараз қаласына аудан орталығынан ЯК-40 ұшағының күнделікті ұшуы Айтбай Назарбековтің тікелей еңбегі екенін айта кеткен жөн. Автобуспен Таразға 7-8 сағат жүретін аудан халқы ЯК-40-пен бар болғаны 45 минутта жететін күндер ел есінде. Мұндай ұшақ Мойынқұмнан басқа еш аудан орталығына ұшқан емес.
Осы жылдары ауданда елімізге танымал Ғабит Мүсірепов, Әзілхан Нұршайықов, Нұрғиса Тілендиев, Еркеғали Рахмадиев, Қасым Қайсенов, Асанәлі Әшімов, Шәмші Қалдаяқов, Роза Бағланова, Ілия Жақанов, Бибігүл Төлегенова, басқа да елімізге танымал жазушылар мен өнер қайраткерлері болды. Шәмші Қалдаяқовтың аудан туралы шығарған «Мойынқұмда ауылым» әні аудан жұртшылығының аузынан тастамайтын әніне айналды. Бұдан басқа ауданға арналып «Сырлы өлке, жырлы өлке – Мойынқұм», «Жазылбекшілер маршы», «Мойынқұм жастарының вальсі», «Шопан даңқы», тағы басқа да әндер жазылды, кітаптар шықты.

Айтбай Назарбековтің өмір белестеріне қарап отырсаң оның көшелі іске ұйытқы болған көсемдігін, шешіліп сөйлейтін шешендігін, ғалымдық кемеңгерлігі мен ұстаздық тәлімгерлігін, саясатшыға тән ұстамдығын байқауға болады. Ал бұған ақынжандығын да қосуға болады.
Аудан басшысының ықпалымен Мойынқұм фольклорлық ән-би ансамблі алдымен Мәскеу қаласында Бүкілодақтық Халық шаруашылық жетістіктері көрмесі мен ВЛКСМ Орталық Комитеті өткізген конкурсқа қатысып, жүлделі оралды. Ал артынша айға жуық Кеңес одағының Португалиядағы мәдениет күндеріне қатысуға мүмкіндік алды. Олардың өз дәрежесінде өнер көрсетулеріне барлық жағдайлар жасалды. Өнер ұжымының Португалиядағы 12 концерті де сәтті өткенін айта кеткен жөн. Міне, осы екі сапар туралы еліміздің бас газеті «Правдада» «Поют домбры» және «Браво, Мойынкум» деген мақалалардың жариялануы сөзімізге дәлел бола алады.

Мал шаруашылығында абыройлы еңбек етіп жүрген еңбек озаттарының мерейтойлары салтанатты жағдайда аталып отырды. Мәселен, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың көзі тірісінде 70, 80, 85, 90 жылдығы, Социалистік Еңбек Ері Ділдаш Итбасованың 80 жылдығы аудан ғана емес, облыс көлемінде аталып өтті. Ал «Шу» совхозының майталман малшысы Күләш Елубаева мен «Мойынқұм» совхозының атақты шопаны Мешітбай Қойшыбековты 1982 жылы Сарыарқа жайлауында құрметті еңбек демалысына шығарып салу үлкен той деңгейінде аталды. Оған алыс-жақыннан көптеген қонақтар қатысты. Осы жерде Жазылбек Қуанышбаевқа аудан орталығында Жазатаның тұғыртасымен қоса есептегенде 5-6 метр болатын шопанның құтты таяғын ұстаған асқақ бейнесі атамыздың көзі тірісінде-ақ қойылғанын айтуға болады. Алайда ол кезде мұндай еңселі ескерткіш тірі адамға қойылмайтын дейді білетіндер. Сондықтан да атамыздың екі жұлдызы мен аты-жөні жазылған тақтатастың сырты қаңылтырмен қапталып, оған «Шопаната» деп жазылған еді.

Ал кейін Жазекең бақилыққа аттанып, денесі осы ескерткіш артына қойылған соң «Жазылбек Қуанышбаев» деген жазу шыға келгенде оны көрген жұрт аң-таң болып қалған. Ал бұл «ертеңгі күні қалай болады», деп алдын ала қам жасап көрегендік танытқан сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Айтбай Назарбековтің тапқырлығына еріксіз тәнті боласың. Недеген тапқырлық, мұны қалай ойлады екен деп ескерткіш жанынан өткен сайын ойға қаламыз, бас шайқаймыз. Мен өзім де осы ауданда 38 жыл тұрып, қызмет еттім. Жазата қайтыс болғанда жерлеуіне қатысып, топырақ салған едім. Әрине, ол кезде ауданға жаңадан келген жас маман болатынмын. Өкініштісі сол, Айтбай аға тәрізді ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, адамгершілігі зор азаматпен бірге бар болғаны бір жыл ғана еңбек етуге тура келді.

Үлкендердің айтуы бойынша бұл ескерткіш 1980 жылдары салынған екен. Қой қырқудан еліміздің екі дүркін чемпионы Шотай Тойбағаровтың отау тіккен үйлену тойы комсомолдық той ретінде салтанатты жағдайда өтіп, жастарға серпіліс әкелді.
1973 жылдан бастап жыл сайын ауданда Жазылбек Қуанышбаев атындағы Қазақша күрестен республикалық турнир өткізу дәстүрге айналып, аудан жастарының спортпен айналысуына жол ашты. Дәстүрлі түрде өтіп тұрған турнирде тұсауы кесілген палуандар кейін Азия, Әлем, Олимпиада жарыстарында еліміздің намысын қорғады. Міне, осылайша бұл жарыс облыс палуандарының ұстаханасына айналды.

Аудан алғаш құрылған жылдары аяғынан тік тұрып, өсіп-өркендеуіне, экономикасының еселеп артуына Асан Нүркенов, Ермек Сауранбаев, Совет Ғалиақбаров, Әбжапар Досымбаев, Аяған Оспанов, Қаратай Адамбаев, Байділда Кәдірбергенов, Билібай Қашағанов, Шаухан Иманбердиева, Саруархан Зәуірбеков, Жұмабек Орынбаев, Бөбек Қаратериев, Шайдахмет Қалтаев, Әскербек Әйтішев, Серік Әлімбетов, Нармахан Тоққұлиев, Ахметалы Жанғозиев, Мұрат Сейдалиев, Жиенқұл Кемелқұлов, Бағлан Қарашолақов, Жақсыкелді Үменов, Серікбай Жақсымбетов, Дәрмен Құндызбеков, Оқас Бейімбетов, Зоя Архабаева, Доғдырбек Сейітжанов, Исахан Кәметов, Елжан Оспанқұлов және тағы басқа бірқатар азаматтар Айтбай ағамен қатар жүріп көп үлес қосты. Бұлардан басқа шаруашылық, партия ұйымы, ауылдық кеңес, кәсіподақ ұйымдары, мектеп, балабақшаларды жүйелі басқарып, өзіндік үлестерін қосқан азаматтар да аз болған жоқ. Ауданның бүгінгі жетістіктерінің бастауы осы азаматтарда жатқанын ұмытуға болмайды.

1975 жылы ауданға Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев келіп, аудандағы атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға оң бағасын берді. Осы жолы Айтбай аға үлкен кісіге көп нәрсені көрсете жүріп, ауданға пайдалы біршама мәселені шешіп алды. Соның бірі ауданнан тың жерден жаңа совхоз ашу болатын.
Айтбай Назарбековтің үлкен бір жеңісі арнайы бау-бақша, көкөніс өсіретін «Жасұлан» көкөніс-сүт совхозын ашуы болды. Жаңадан құрылған совхозға алғашқы жылдары Төлеген Әбдікерімов басшылық жасады. Сөйтіп батыс үлгісіндегі озық сәулет жобасымен салынған екі қабатты сәулеті мен келбеті келіскен коттедж, тұрғын үйлерден тұратын Жасұлан ауылы құм ажарын кіргізген қалашыққа айналды. Жаңа ауылға өз ауданымыз ғана емес сырттан көшіп келушілер көп болды. Олар келе сала жермен айналысып, бау-бақшадан алғашқы жылдардың өзінде мол өнім ала бастады. Ауылдағы көлемі 200 гектардан астам жерге жоғары сортты алма өсірілді. Алмалар Тараз, Алматы қалаларынан да ары асып жатты. Міне, осылайша Мойынқұмда көкөніс, бау-бақша, жеміс-жидек өсіріліп, қолайсыз аймақ саналған қате пікірге тосқауыл қойылды.

Мойынқұм ауданының келешегі зор екенін алғаш құрылған жылдары-ақ байқаған Айтбай ағамыз өзінің 1977 жылы жарық көрген «Жаңару жылдары» атты кітабында «Мойынқұм ауданы болашағы зор, перспективалы аудандардың бірі. Мұнда мал шаруашылығын, оның ішінде қой шаруашылығын дамыта берудің мол мүмкіндіктері бар. Ауданда өнеркәсіпті өркендету мүмкіндіктері де ұшан-теңіз. Бұған аудан көлемінде зерттеліп отырған кен көздерінің жылдан жылға ұлғайып келе жатқандығы дәлел. Таяу уақытта бұрынғы құс ұшып, құлан жортпас шөл далада сәнді, сәулетті елді мекендердің көбейе түсері сөзсіз» деген болатын.
Шындығында да, ағамыз айтқандай кейінгі жылдары аудан өндіріс саласы бойынша облыс көлеміндегі алдыңғы қатарлы аудан санатына еніп отыр. Ауданның әл-ауқатының артып, экономикасының өрлеуіне өнеркәсіп саласының қосып отырған үлесі орасан зор.

Аудан кейінгі жылдары ауылшаруашылықты ауданнан өнеркәсіпті ауданға қарай бет бұрып келеді. Сондықтан да аудандағы халық несібесін молайтып, қазынаны толтырып отырған өнеркәсіп саласында атқарылып жатқан шаруаларды әркез мақтан етуге болады. Олардың қатарында Ақбақайдағы алтын өндіру фабрикасы, Мыңарал, Хантау цемент, Мыңарал балық зауыттары, Шығанақтағы барит, Мирныйдағы гранит, көмір өндіру көрсеткіштері бүгінде ауданның атын алысқа шығарып отыр. Бұған Ұланбелдің қызыл тақтатасын қосуға да болады.

Мойынқұм ауданының іргесінің берік қалануына зор үлес қосқан, шежірелі Сарысу топырағында туған Айтбай Назарбековтің еңбегі ерекше. Тарихты жаңғыртып, артына өшпес із қалдырған тұлғаларды тану, олардың еңбектерін өскелең ұрпаққа жеткізу бізге ата-бабалардан қалған аманат. Ал оны мүлтіксіз орындау – біздің қасиетті борышымыз. Айтбай аға тау тұлғалы, адамгершілік қасиеті зор, білімді, іскер азамат ретінде мойынқұмдықтар жадында мәңгі сақталады. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, артында өшпейтұғын із қалдырса» деген өлең шумақтары Айтбай ағамызға арналып айтылғандай. Оның игілікті істерін мойынқұмдықтар ешқашан ұмытқан емес, ұмытпайды да. Содан болар, өзінің тікелей ықпалымен салынған Жасұлан ауылына 1997 жылы Айтбай Назарбековтің есімі берілді. Сондай-ақ аудан орталығындағы бір көше оның есімімен аталады. Аудан орталығындағы Жазата саябағындағы ескерткіші Жазылбек атаның жанынан орын алып, бірі басшы, бірі шопан болған ауданның қос қайраткеріне айналған екі азамат елдің бүгінгі тыныс-тіршілігін алыстан байқап, бағамдап тұрғандай…

Қоғам қайраткері Айтбай Назарбековтің ел алдындғы өлшеусіз еңбегі, халық пен мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Атап айтқанда, ол Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 2 мәрте депутаты, Кеңес одағы кәсіподақтарының XV съезіне және КСРО Орталық Комитетінің XXVI съезіне делегат болып сайланды. Ерен еңбегі арқасында Ленин, «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл жұлдыз» ордендері және бірнеше медальдардың иесі атанды.

Айтбай аға басшылық қызметте жүріп ерен еңбектің үлгісін көрсетумен бірге «Батыр ана» Айтбике апай екеуі 2 ұл, 8 қызды тәрбиелеп, өсірді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған үлгілі де, өнегелі отбасы болды. Ағамыз жауапты қызметте болғандықтан бұл үйден кісі үзілмейтін. Сондайда Айтбике апайдың шайы қайнап, үнемі дастарқаны жаюлы тұрушы еді. Үлкен қызы Рая нағашыларының тәрбиесінде болғандықтан үйдің үлкені болып Күләш есептелетін. Күләш әпке анасына көмекші, соңынан ерген іні-сіңлілеріне қамқор болып өсті. Абай мен Асқанбайы әкесі қызмет еткен жылдары экономист, егіс бригадирі, агроном қызметтерін атқарса, әкесі зейнетке шыққаннан кейін облысымыздың басқа аудандарында басшылық қызметтерде болды. Барлық ұл-қыздары жоғары білім алып, бүгінде әр салада абыройлы қызмет етуде, зейнетке шығып, немере сүйіп отырғандары да бар.

Айтбай ағаның Мойынқұмдағы өмір жолдары тақтайдай тегіс болды дей алмаймыз. Олай дейтініміз, 1985 жылы зейнетке шығысымен аға туралы аты-жөндерін көрсетпей жоғары жаққа арыз жазушылар табылды. «Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында жорғалайды» демекші, тым болмаса өзінің аты-жөнін, кім екенін көрсетпей жазылған «домалақ» арыз дұрыс болмады. Арыздар бір емес, екі-үш мәрте аудандық партия комитетінде қаралып, жазғандарының ешқайсысы дәлелденбеді. «Ары тазаның – жаны таза» деген осы болар. Кейде «Аққа да күйе жұғуы мүмкін, бірақ оның тазалануы тез» демекші, арыз жазушының ойлағаны іске аспады. Соңғы отырыста Айтекең туралы мұндай жазылған арыздар енді қаралмасын деп шешім қабылдағаннан соң ғана тыныштық тапты. Әрине, бұл жапқан жала Айтбай ағаға ауыр тиді. «Өзінің басындағы отты көрмей, өзгенің басындағы шоқты көретін» мұндай «арызқойлар» ел ішінде аз да болса кездесіп жататыны бар. Олардың көбісі кезінде маған қызмет бермеді деген өкпенің жетегінде кеткендер болса керек.

Ұзақ жылдар абыройлы еңбек етіп, жаңадан құрылған ауданның атын асқақтатқан жанға басқа емес, өз ауылдастарының жала жабуы өкінішті-ақ. Осындайда:
Қинамайды абақтыға жапқаны,
Қиын емес дарға асқаны, атқаны.
Маған ауыр осылардың бәрінен
Өз ауылымның иттері үріп, қапқаны,–деген Алаш арысы Ахмет Байтұрсыновтың өз ауылдастарынан көрген қорлығына күйінген кездері амалсыз еске түседі. Бірақ бұған Айтекең боркеміктік танытпады, мойымады, кеудесін тік ұстап, арыз түбегейлі оң шешімін тапқанша Мойынқұмнан ешқайда көшпей отырып алды. Көшпей демекші, Айтекең зейнетке шыққаннан кейін өзінің туған еліне қарай жылжуды ойластырып жүрген.

Алайда ширек ғасырға жуық Көктерек, Мойынқұм аудандарында бірінші хатшы болған ағамыздың елде де, Тараз қаласында да үйі жоқ еді. Міне, нағыз таза адам осындай болар. Көшер кезінде облыс басшыларына барып, үй сұрағанда көп жылғы елеулі еңбегін ескерген басшылар Тараз қаласы саябағындағы көпқабатты үйлердің бірінен 4 бөлмелі қызметтік пәтер берген еді. Айтекең 1993 жылы өмірден өткенше осы пәтерде тұрып, қайтыс болғанда өзі туып-өскен Сарысу еліндегі Игілік ауылына жерленді. Ауылдастары да абзал азаматқа құрмет көрсетіп, өткен жылы ауыл орталығына Айтбай ағаның ескерткішін орнатып құрмет жасағанын айта кеткен орынды болар.

Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген өсиет сөз бар. Мойынқұмдықтар тура осыдан 10 жыл бұрын Айтбай Назарбековтің 90 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өткенін білеміз. Жергілікті сазгер Болатбек Әбішев ағаға арнап ән де шығарған. Енді міне, еңбек және соғыс ардагері, қоғам қайраткері Айтбай Назарбекұлы егер тірі болғанда тура бүгін 100 жасқа келер еді. Айтекеңнің жерлестері бұл мерейтойды да жоғары деңгейде атап өтетініне сеніміміз мол.

Айтбай ағаның есімі Мойынқұм өңірінде, тіпті Жамбыл облысында ерекше ілтипатпен аталады. Кезінде өзі құрған аудан бүгінде тарихи тағылымы терең, байлығы ерен өлкеге айналып, алға қарай қарыштап барады. Ауданның абыройын асқақтатып, мәртебесін көтерген ағамыздың өмір жолдары алдағы уақыттарда бәрімізге үлгі-өнеге болып қала береді. Ағаны елі өсірді, ал ол елін көкжиекке көтерді.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Ақпарат саласының үздігі,

Мойынқұм ауданының құрметті азаматы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support