Әлеумет

Алып зауыттарымен аты шыққан

Алып зауыттарымен аты шыққан

48Берік Шаханұлы, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махмұт Қашқари атындағы Халықаралық қордың «Алтын сөз» сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Біздің буын, біздің замандастар кешегі өткен социалистік кезеңнің Отан соғысынан кейінгі халық шаруашылығының түзеліп, елдің әл-ауқат, тұрмысы жақсарған, кең даласы егін мен малға толған, қалаларында өндірісі өркендеген кемел шағында мектеп бітіріп, өмірге араластық. Бұл кезең өзіміз туып-өскен Жамбыл облысының да өсіп-өркендеп, Одаққа әйгілі сандаған Еңбек Ерлерімен, озаттарымен марқайып, жүздеген миллионер колхоз-совхоздарымен, Бүкілодақтық өндіріс ошақтары атанған алып зауыттарымен дүркіреп аты шыққан тұсы болатын. Әрқайсымыз осы жетістіктерді мақтан еттік, қуандық. Қазір де сол кезді сағына еске аламыз. Мұның бәрі әркімнің өз ауылына, өз еліне деген құрмет сезімінің, өз ісіне адал, тыңғылықты еңбектерінің жемісі еді. Ендігі жастар алдындағы аға ұрпақтың «Демократияны, сөз бостандығын қастерлейік» деген әсіре даурықпадан аулақ, өзіне тиесілі шаруаға адал, тындырымды, қоғамшыл осы қасиеттерін жоғалтпаса екен. Өткеннің бәрін жоққа шығармай, таразылап, жақсысын кәдеге асыра білу пайдалы болары сөзсіз. Демократия деген ұғымның дүниеге келгеніне мыңдаған жылдар болған тәрізді. Сонан бері байы бар, кедейі бар талай мемлекеттер, ақылдысы бар, ақымағы бар талай патшалар, ел билеушілер өмір сүрді. Бірақ бүгінде ешкім, еш тарихшы «демократия деген – мынау», «мынау демократиялық мемлекет болды» деп түсін түстеп үлгі етіп, ұсына алмайды. «Біз сендерге демократия жасап берейік» дегенге елігіп, дүркірей қол соққан жұрттардың отандарында не болып жатқанын күнделікті оқып та, көріп те отырмыз. Тура қазіргі кезде де «демократия», «сөз бостандығы» деп жалаулатып жүрген әрекеттер біздің де ұлттық болмысымызға, болашағымызға қандай пайда, жақсылық әкеле қояр екен дегенге ой жіберіп қойғанымыз жөн тәрізді. Ал адамды адам ететін, қоғамды қоғам ететін еңбек, тәртіп, ынтымақ қана екені адамзат тарихы айғақтаған ақиқат. Осы 75 жылдық мәртебелі мерейтоймен құттықтай отырып, облыс жұртшылығына еңбектің, тәртіптің, ынтымақтың жемісімен көркейіп, көбейе беріңіздер деген тілек айтар едім.