- Advertisement -

Қанаты талмас қалам қайраткері еді…

56

- Advertisement -

Рухани әлемі бай болып ғұмыр кешкен, қолындағы қаламына адалдық танытып, таңдаған мамандығына қылаудай кір келтірмей, адал жүрегімен қызмет еткен бір адам болса, ол Мұрат Сыздық деп айтар едім. Ол әуел бастан сөз өнерінің хас шебері болып көзге түсті. Ақпарат айдынында жарқырай көрініп, шоқтығы биік шығармаларымен ертерек танылды. Асыра мақтағаным емес, жазуға келгенде тұлпардай көсіле шабатын. Оның жазған дүниелері оқырманға рухани ләззат сыйлайтын, жүректерді жылытып, бойға қуат беретін.

Мұрат үнемі өсу жолында болды. Ол өзінің арман еткен биігіне жетті. Шығатын шыңдарын шығармашылық шабытпен, ерекше қабілетімен, толысқан қайрат-жігерімен бағындыра білді. Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің редакциясында қара сөздің өрнегін салды. Ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасымен, дара дарынымен көрінді. Жасы үлкен аға журналистер оған қызыға қарайтын әрі жазғандарына риза болатын.

Университетті бітіріп келген жас қаламгердің биікте жүруі заңдылық болатын. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы қызметіне дейін көтерілді. Сол кездегі облыс әкімі Амалбек Тшановтың өзі оған ерекше ықылас танытты. Әкім Мұраттың баладай бауырмал мінезін, мейірбан жүрегін, адалдығы мен тазалығын, ең бастысы оның талантын айрықша бағалады. Қаламынан туған шығармасына сүйсіне отырып, «Жазғаннан кейін осылай жазу керек» деп мақтап отыратын. Шынында да солай болғаны рас. Әкімнің жолға шыққан әрбір сапарынан Мұрат шет қалған емес. Үнемі қасынан табылды. Дұрысы, әкім оны қасына ертіп алатын. Келгеннен кейін жолсапар туралы мөлдіретіп мақала жазады. «Ақ жолдың» редакциясына келіп, диктовка жасайды. Оның жазғаны мақала емес, көркем дүние болып шығады. Оқисың да тамсанасың, оқи отырып жан дүниең рахаттанады. Бұдан кейін Амалбек ағасы Мұратты қалай жақсы көрмейді, ыстық ықыласын неге білдірмейді, неге оны мақтамайды? Әрине, мақтайды. Сол кездері облыстық газетіңіз күн сайын шығатын. Баспасөз хатшысы шұғыл түрде редакцияға келіп, әкімнің сапары туралы диктовка жасайтын. Ертесіне газет бетінде мақала жарқ етіп көрінетін. Сонда Мұрат Жұманұлы газет тілшісінің де қызметін қоса атқарып отыр емес пе? Тілшінің орнына сапарға шығып, тілшінің орнына мақала жазған баспасөз хатшысын көргеніңіз бар ма?

Бірде облыс әкімдігінде келелі алқа жиыны өтетін болды. Облыс әкімі Амалбек Тшанов жиынды бастамас бұрын жан-жағына қарады. «Баспасөз хатшысы қайда?» деп Мұратты іздей бастады. «Қазір келеді» деді қасындағы нөкерлері. «Онда күте тұрайық, келгесін бастаймыз», деді әкім. Міне қараңыз, облыс басшысы басқаны емес, одан да үлкен тұлғаны емес, қызметіне қалтқысыз адалдық танытып жүрген, ақпарат айдынында жасындай жарқырап, тың дүниелерімен қалың оқырманды сусындата білген баспасөз хатшысын іздейді. Бұдан асқан құрмет, бұдан асқан мәртебе бола ма? Мұрат баспасөз хатшысына дейін талай лауазымды қызметтің тізгінін ұстады. «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі, республикалық «Жалын» журналының жауапты хатшысы, Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары агенттігінің басқарма бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Ол барлық жұмыста баладай бауырмалдығымен, кішіпейілдігімен және сыпайылығымен көрінді. Өзінен жасы үлкендерге «сіз» деп сөйлеген әдемі қалпынан бір танған емес. Облыстық «Ақ жол» газетінде бөлім басшылығына дейін көтеріліп, өзі қатарлы қаламдастарының арасында мерейі үстем болды.

Мұрат жазушылығымен де ерте танылды. «Әйбат бала» атты тұңғыш жинағын шығарды. Шыққан күні сол кітабын құшақтап біздің үйге келіп, қуанышымен бөлісті. «Әйбат болып өсе бер» деп қызым Майраға қолтаңба жазып, сыйға тартты. Кейінірек «Қуатым менің» атты шығармаларының басын қосқан кітабы жарық көрді. Балалар мен жасөспірімдерге арналған республикалық жабық бәйгеде «Күміс сақал арыстан» атты повесі екінші жүлдеге ие болып, жүлдегер шығармалардың жинағына енді. Жеке кітап болып шыққанын өзі көре алмады.

«Жетісі берілмеген өлім» атты пъесасы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында сахналанды. Бұл шығарманың жанры да трагикомедия, көтерер жүгі де ауыр – бүгінгі күннің бес батпан мәселесі. Айтматовша айтсақ, «Қайткенде адам қалады адам болып» деген идеяны ту етіп көтереді. Оның «Қиялдағы қаза» атты әңгімесі де осы сарында жазылған. Мынау жарық дүниенің жалғандығын дәлелдеп, жер бетінде таза жүрсең мәңгілік мекеніңде де жайлы орынға жайғасасың деген идеяны оқырман жүрегіне ұялатады. Бұдан қаламгердің мәңгілік рух тақырыбын қозғауға белсене кіріскенін аңғаруға болады. Аталған шығармалардан бөлек, «Ақ жолда» жарияланған дүниелерінің басын қосып, бір кітап шығаруға болатындығын айтсақ та жеткілікті. Өндірте жазған өнімді журналистің қаламы тоқтауды білмейтін. Жазғандары құмарыңды қандыратын құнды шығармалар болатын.

Ал енді Мұратпен журналистік жолдағы жақындығымыз қалай басталды, соған тоқтала кетейін. Облыстық «Еңбек туы» газетінде бір жылымды өткізіп, жан-жағыма еркінси қараған шағымда жолдамамен келген жігіттердің бірі Мұрат Сыздық болатын. Ол мінезге бай, әзілге ұтқыр, сөзге шебер, жазуға келгенде алдына жан салмайтын жүйрік журналист болып шықты. Екеуміз тез тіл табысып кеттік. Университеттен кейін елге бойдақ болып оралған менің жағдайымды көріп, кәдімгідей қуанып кетті. Себебі ол да басын құрай алмай, Жамбылға қайтыпты. Екеуміздің мұңымыз да, сырымыз да, жырымыз да бір болғаннан кейін жиі шүйіркелесіп, жиі жорыққа шығып тұратын болдық. Мұрат жасы кіші болғасын ба, көбіне мені алдыға салады. Мен қарсы келмей жол бастаймын.

«Ақ серке қой бастайды, Жаппаров той бастайды, Мақұлбек қол бастайды» деп әдемі қалжыңмен мені мақтап, жігерлендіріп тастайтыны бар. Мен мәз боламын. Кейде қасымызға комсомолда жұмыс істейтін досымыз Жанболат қосылады. Күндердің күнінде төменгі курста оқыған Света Раптаева деген қызымыз Жамбылға келіп, өндірістік практикадан өтті. Біздің саусылдап жүргенімізді көріп, «Сендерді студент қыздармен таныстырайын» демесі бар ма. «Жарайды» деп бірден келісім бердік. Технология институтының соңғы курсында оқып, бір бөлмеде тұратын төрт қыздың жатақханасын бетке алып, Светаның басшылығымен үшінші қабатқа көтерілдік. Қыздар бізді жылы шыраймен қарсы алып, дастарқан жайып, құрмет көрсетті. Аты-жөнімізді айтып, таныстық. Таза әңгіме, жарасымды отырыс болды. Сырымызды алдырмай, қыздармен қоштасып, сыртқа шықтық.
– Міне, біз іздеген қыздар, осылар, –
деді Мұрат досым.
– Иә, – деп мен де қостадым.
– Қайсысы ұнады?
– Саған ше?
– Аяш керемет қыз екен, – дедім баяу
ғана.
– Маған да сол ұнады, – деп Мұрат
маған қарады.
– Балзинат ше?
– Жоқ. Аяштай қызды әлі көргенім
жоқ, – деп Мұрат оның есімін қайта-қайта
айтты.

Мен үндеген жоқпын. Келесі күні әдеттегідей «кешкі жоспарды» талқылауға кірістік. Мұрат жалтақтап маған қарай береді. Бір нәрсе айтқысы келеді, бірақ айта алмайды. Бір кезде үн қатты. «Мәке, жасыңыз үлкен, ағасыз. Сыйлаймын. Сіз қалада тұрасыз, мен ауылда өскенмін. Тәжірибем шамалы. Сіз тағы да тауып аласыз ғой. Аяшты маған қиыңыз, екеуміз таласпай-ақ қояйық, жарай ма?» деп маған қиыла қарады. Маған да ауыр соғып тұр, қиналдым. Ары ойланып, бері ойланып, досым үшін Аяшты қидым. «Жарайды» дедім. Мұрат балаша қуанды. Мені бас салып құшақтап, бауырына басты. Белгіленген жоспар бойынша Аяштың жатақханасына барып тұрдық. Киноға шақырып, кешті ұйымдастырып, жастық шақты думанды етуге бар өнерімізді салдық. Байқаймын, досымның батылдығы жетіспейтін сияқты. Кейбір кездері, тіпті жүрексініп қалатындай көрінді маған. «Жақында оқуын бітіреді, айырылып қалмайық, қамшыңды бас» деп қайрап, ағалық ақылымды айтамын. «Саспа, Мәке» деп Мұрат мені жұбатып қояды.

Қыздар дипломын қорғайтын күнге де жетті. Бардық, құттықтадық. Бұл күнді де жақсылап атап өттік. Бәрі тамаша, бәрі керемет. Бірақ Мұратымда «подход» жоқ. Сырттай айналып жүр. Үміт бар, сезім бар, махаббат бар, бәрі бар. Бірақ жүректі селт еткізер сөз жоқ. Жүректі жаулап алар құдірет жоқ. Мен ызаландым, ашуға булықтым. «Әйтпесе, өзім кірісемін» деп даусымды көтердім. «Мәке, мен осы жолы бәрін қатырамын» деп ол уәдесін берді. Қыздар дипломын алып, бізді банкетке шақырды. Соңғы банкет, шешуші банкет. Одан кейін қыздар болмайды, көзден бұл-бұл ұшып кетеді. Осы сәтті пайдаланып қалу керектігін қаламдасыма соңғы рет ескертіп айттым. Ол уәде беруден жалықпады. Екі көзім Мұратта. Әр қимылын бақылап жүрмін. Бәрі дұрыс сияқты. Бірақ айналсоқтап жүр. «Міне қол, міне жүрек» деген сөзді қашан айтар екен деп жүргенде, бозарып таң да атты. Банкет те аяқталды. Қыздар да жиналып, үйлеріне қайтты. Түк бітірмей, біз де оларды шығарып салдық.

Қыздар жатақханасына кіріп, ғайып болды. Аяшпен бірге іңкәр сезім, айтылмаған махаббат та ғайып болып кеткен еді. Жастық шақтағы осы оқиға әсте естен шыға қоймасы анық. Махаббат деген ұлы сезімнің алдында дәрменсіздік танытқан досымның бұл қылығына да түсіністікпен қарадым. Тотыдайын таранған сұлуды көргенде баладай пәк жүрегі шыдас бермеген сияқты. Дегенмен осы «Еңбек туында» жүріп көгеріп, көктедік. Аяшты ұзатып салсақ та, технология институтынан алыстамай о сында оқыған өмірлік серіктерімізді таптық. Мен үлкендігімді білдіріп, бірінші үйлендім. Мұрат досым күйеу жолдас болып, некеміздің куәгері болды. Кейіннен өзінің Райханымен бас қосып, Шу ауданында дүбірлетіп тойын өткізді.

Қатар  жүрген қанаттасым әрі қайталанбас қаламдасым болған менің Мұратым талайды мойындатып, қызметтің талайын атқарып жүріп, орта жолға келгенде жанған шырағы сөнді. Ол жол үстінде мәңгілік сапарына аттанды. Тізе қосып, талай қызықты бірге өткізген, алыс армандарға асыққан біздер үшін өте ауыр қаза болды. Қабырғамыз қайысты. Егер тірі болғанда мұрат еткен биігіне көтеріліп, жоғары қызметтің тізгінін ұстайтын еді. Баяғыда өзі редакцияға келіп, диктовка жасап жүрген облыс журналистерінің қара шаңырағында көптеген шәкірт тәрбиелеп, парасат биігінде пайымы мол азамат болып көрінер еді. Осы басылым басшылығының бір қанатында жүріп, жұмысын дөңгелетіп әкетеріне еш күмәнім болмас еді. Баттал, Арғынбай, Әлдихан сынды ағаларының жолын жалғап, ойлы мақаласымен, шырайлы шығармасымен елді елең еткізеріне еш шүбә келтірмес едім. Балалар әдебиетінің болашағы Мұрат секілді талантты қаламгерлердің қолында екендігіне кәміл сенетін едім.

Мақұлбек МАЛДАРБЕКОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support