- Advertisement -

Жерлестер жүлделі оралды

131

- Advertisement -

Аударыспақтан Татарстанның Қазан қаласында өткен Әлем чемпионатында жамбылдық қос мықты қоржынға жүлде салды. Байрақты бәсекеде бабы келісіп, бағы жанған оғландарды кеше жерлестері күтіп алып, құрмет көрсетті.

Жаһандық бәсекеде 100 килограмнан жоғары салмақта Жамбыл ауданының тумасы Данияр Смаилов қарсылас шақ келтірмей Әлем чемпионы атанса, 70 килограмда өнер көрсеткен Дәулет Ережепбаев қола жүлдені қанжығалады. Белді спортшылар бұған дейін де облыс, ел чемпионаттарында талай мәрте жанкүйерлерін қуантып келген.

Жеңісті жорығын жалғаған балуандар Тараз қаласында өткен ел біріншілігінде топ жарып, аударыспақтан ұлттық құраманың сапына қосылған еді. Сәйкесінше тәжірибелі спортшылар жерлестердің сенімін ақтап, аударыспақтан тұңғыш рет өткен Әлем чемпионатында да шын мықты екенін дәлелдеді. Әлем біріншілігінде 6 елдің мығым спортшылары сегіз салмақ бойынша жүлделерді сарапқа салған еді. Жалпы есепте жамбылдықтармен қатар ақтөбеден келген балуандар да алтын және қола жүлдеге қол созды.

Ұлттық спорт түрлерінен «Әулиеата» кәсіпқой клубының үздіктеріне ерекше ықыласпен қарсы алған жамбылдықтар қос мықтаға ат мінгізіп, сый-сияпат табыстады. Осы күні балуандарға ақсақалдар батасын беріп, ақыл-кеңесін айтса, жас өрендер мен аудан тұрғындары естелік суретке түсіп, жеңісті сәттің куәсі болды.

Әлем чемпионатында алтыннан алқа тағынған Данияр Смаилов үш баланың әкесі. Ұлттық спорттың жанашыры аударыспақта тек білек күші емес, кәсіби шеберлік сыналатынын айтады.

Бұл күні жамбылдық саңлақтардың бапкері Азат Жұмаділов те шәкірттеріне ризашылығын білдіріп, мақтауын асырды. Біз де аударыспақтан ел намысын қорғаған спортшылардың алар асуы әрдайым биік болсын дейміз.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support