Жанкүйерлері Әлішер Ерғалиды қарсы алды

60

Бішкек қаласында 23 жастан асқан ересектер арасында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өткен болатын. Бұл сары құрлық додасында 125 килограмм салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз Әлішер Ерғали чемпион атанып, алтыннан алқа тағынды. Әлішер бұл сынға жоғары деңгейде дайындалған екен. Әуелі үнді балуанын 9:2 есебімен ұтып, келесі айналымда түркіменстандық спортшыдан 15:4 есебімен айласын асырды. Үшінші белдесуінде қырғыз балуанын 13:2 есебімен ұтты. Осылайша, Әлішер Ерғали Азия жеңімпазы атанып, жерлестерін қуантып отыр.

Азия чемпионы Әлішер Ерғалиды жерлестері, спортшы достары мен туыстары Тараз қаласының шығыс қақпасынан қуанышпен қарсы алды. Онан соң қуаныш Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында жалғасты. Жиналғандар алдында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Назарбек Ізімбетов сөз сөйлеп, чемпионды тамаша жеңісімен құттықтады. Онан соң спорт жанашырлары сөз алып, құттықтады. Әлішер Ерғали жиналған көпшілікке рақметін айтып, алдағы уақытта да жеңіс жолында тер төге беретінін жеткізді. Ал чемпионның жеке бапкері Пернебек Беласаров: «Әлішердің жасы 23-те. Еңбекқор. Қазір спорттық бабында. Бұйырса, алдағы Олимпиадаларда да Әлішердің тамаша жеңістерін көруміз мүмкін деген ойдамын. Сол жеңіс жолында еңбек ете береміз. Бәріңізге рақмет», деп ағынан жарылды.

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.