- Advertisement -

Жаздың жұпар жаңбырындай, Жаңбыршының әндері-ай!

129

- Advertisement -

Әсілінде шын талантты бағалай білмейтін қасиетіміз бар ғой. Оны енді енжарлық дейміз бе,
қиянат дейміз бе, күншілдікке балаймыз ба, білмедім. Сондай бағасын дер шағында алып
үлгермеген талантты композитордың бірі – Жаңбыршы Үсейінов. Әйтпесе, Жәкеңнің бірнеше
әндері ел арасына кең тарап кеткен. Тиісті тарап қадірін білмесе де, айналайын халық нағыз
өнер иесін еркелете біледі, оған да шүкір.

Жаңбыршының сөзін де, әнін де өзі жазған «Құдаша», «Сағыныш»,
«Қара көзім» әндері кезінде айналасынан жақсы бағасын алған. Тіпті жақында «Qazaqstan» Ұлттық арнасынан «Құдаша» әні айтылып тыңдармандардан жоғары бағасын да алды. Ал ақын Кәріпжан Нүсіптің сөзіне жазылған «Қайдасың, қарлығашым?», «Байзақ баба», «Соғыстан қайтқан әкелер», Сейсен Қожекенің сөзіне жазылған «Аққу- дәурен» әндері де құландықтардың құлағынан кетпейтін әсем саздар.

Ал «Соғыстан қайтқан әкелер» әні қазақ радиосының Алтын қорында сақталып тұр. Оның өзі Жаңбыршы Үсейіновтің биіктігін көрсетсе керек. Әттең-ай, Жаңбыршының сезімге толы жүрегінен әлі талай сырлы әндер туатын еді-ау. Туып та жатқан. Әттең, сол бір сырқат меңдемегенде. Талай әндеріне сөз жаздыруға да үлгере алмаған тәрізді. Мынау жалған өмірде кімнің дегені болып, мұратына жетіп жатыр дейсің?! Дегенмен қаламгер қызы Ардақ Жаңбыршықызы әке мұрасына сонша құрметпен қарап, аялай білді. Нәтижесінде Хамит Есаман сөзін жазған «Шу еркесі», Табиғат Абаилдаев сөзін жазған «Досыма хат», «Сарбаздар», «Боксшы» әндері өмірге келді.

Сөзін Жанғазы Ахмет жазған «Жастығымның жалыны» әні де, Сейсен Қожекенің сөзіне жазылған әндер де көпшіліктен оң бағасын алып жатыр. Осындай аяулы сазгерді тек ұрпақтары ғана емес, жерлестері, әнсүйер қауым сағынады. Сондай аяулым сезім сағыныштың аясында қандай мән жатқанын кез келген саналы азамат жақсы түйсінеді. Ендеше т аныма л композитор Жаңбыршы Үсейіновтің туғанына 75 жыл толуына орай еске алу кеші «Сағыныш» деген атпен Тараз қаласындағы Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде өтті.

Әнсүйер қауымның басын қосқан іс-шараны журналист қызы Ардақ Жаңбыршықызы ұйымдастырды. Тіпті Нұр-Сұлтан, Алматы сияқты ірі қалалардан республикаға танымал әншілер келіп, кеш көрігін қыздырды. Құландық жергілікті әншілер де Жаңбыршы ағамыздың әндерін асқақ сезіммен орындады. Композитор Жаңбыршы Үсейінов 1947 жылы 9 мамырда Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданы , Көк дөнен ауылында дүниеге келген. Еңбек жолында өзі бітірген А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте бастапқыда математикадан, кейіннен ән-күй пәнінен сабақ берген. Бойындағы Алла берген өнерді бағалап, шығармашылық жолға түсті. Аудандық мәдениет үйінің автоклуб меңгерушісі болып ауысты. Аудандық мәдениет үйі жанынан «Таң самалы» атты ансамбль құрып, өнерлі жастарды тартты. 40-қа жуық ән жазған. Іс-шара, отырыстар Жаңбыршының әнінсіз өтпейтін болған. Әндері әлі күнге дейін өзектілігін жоймай келеді. Жаңбыршы отбасына да ерекше көңіл бөліп, асыл жары Бақыт Айтжанованы ерекше құрметтеп, аялап өтті. Перзенттерінен де жылы мейірімін аяған жоқ.

Еске алу кешінде Жаңбыршы ағамыздың көзін көрген, қатар өскен құрбы-құрдастары кеште естеліктерімен бөлісіп, әрбір әнінің шығу тарихына тоқталды. Кезінде Т.Рысқұлов ауданын     басқарған, бүгінде ел ағасы Қасымхан Төлендиев және мәдениет саласының ардагері, танымал композитор Дүйсеналы Бықыбаев сахнаға көтеріліп , Жаңбыршы Үсейінов туралы жантебірентер естеліктер айтып, кешке қатысқан әнсүйер қауымды толқытты. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевтың Алғыс хатын кешті ұйымдастырушы Ардақ Үсейіноваға аталған кеңестің жауапты хатшы Сайлаухан Ашанов тапсырды. Кеш соңында облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған Билер кеңесінің төрағасы, елге сыйлы ағамыз Оңласын Есіркепов батасын берді.
Осылайша, Жаңбыршы Үсейіновтің сырлы әндері Тараз аспанында тербеліп тұрды.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support