- Advertisement -

Әділеттіліктің жолы ауыр

20

- Advertisement -

Күні кеше ғана ел тарихында жаңа өзгерістер бастау алды. Халық болып Ата заңымызға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды жақтап дауыс бердік. Бұл Конституциялық түзетулер мемлекеттігіміздің тұғырнамасын түбегейлі өзгертеді. Мемлекет басшысы референдум қорытындысы бойынша Қазақстан халқына жасаған Үндеуінде: «Енді біздің алдымызда ашық әрі әділетті экономика құрып, заңнамаға реформа жүргізу міндеті тұр. Қолдан жасалған монополияларды түбегейлі жойып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою маңызды» дей келе «Еліміздің экономикалық ресурстарын шағын ғана топтың қолына шоғырландырып, оларға артықшылық берген заңнаманы қайта қарау қажет. Елден жылыстатылған қаржыны және заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекеттің иелігіне қайтару жөнінде Мекемеаралық комиссия құрылды. Бұл үшін мен арнайы Жарлыққа қол қойдым» деп атап көрсетті. Және де жаңа, әділетті Қазақстанда полицейлердің озбырлығына, біліксіз прокурорлар мен біржақты судьяларға жол берілмейді деп мәлімдегені де қоғамның қалауынан туындап отырған ақиқат деп білеміз.

Мемлекет басшысы әділетті Қазақстан орнату жөніндегі ойларын жуырда ғана Ұлытауда өткізілген Құрылтайдың алғашқы отырысында нақтылай түсті. Қандай мәселені болмасын әділдіктің салтанат құруына басымдық берілетінін жиын кезінде тағы да аңғартты. Үлкен жиында қазақтың Әнұранының әуенін жазған Шәмші Қалдаяқовқа және ұлтқа адал қызмет етудің қас үлгісін көрсеткен шыншыл ақын Мұхтар Шахановқа Қазақстанның Еңбек Ері атағын беру жөніндегі шешімін жария етуі халықтың қолдауына ие болып, әділеттіліктің салтанат құра бастағанын көрсетпей ме? Артынша іле-шала Санкт-Петербург қаласында өткізілген Халықаралық ХХV экономикалық форумда Ресейдегі ақпараттық топтың белгілі өкілдерінің бірі М.Симоньянның сұрақтарына берген жауабында Мемлекет басшысы Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты жөніндегі ұстанымын дипломатиялық шеберлікпен жеткізіп, көптің көкейінен шықты. Қазақстанның ешкімнің ықпалында кетпей БҰҰның қабылдаған шешімдері шеңбері төңірегінде әрекет жасайтынын ашық айтты.

Бүгінгі таңда әлемнің бас дауына айналған Украинадағы әділетсіз соғыстан пайда болған «Луганск және Донецк Халық Республикаларының» Тәуелсіздігін мойындамайтынымызды ашық айтты. Сонымен бірге мұндай әңгіме қозғау Ресейге де абырой әпермейді деді. Өйткені бұл ел Федеративті Республика. Ел құрамындағы әр ұлт өз тәуелсіздігін талап етсе геосаяси жағдайдың ушығатынын меңзеді. Оның үстіне Қазақстанның шекарасы Тәуелсіздік жылдары шегенделгенімен, тарих Ұлы далада Қазақ мемлекетінің әу бастан салтанат құрғанын айғақтап отыр. Тіпті кешегі Кеңес дәуірінде Қазақ Республикасы дербес 15 мемлекеттің бірі болды. Егер оның шекарасы болмаса Алаш қайраткерлері, Дінмұхамед Қонаев, Жұмабек Тәшеновтер Мәскеумен не үшін тайталасқа барды? Осындай шетін мәселеге келгенде кейбір саясаткерлердің тарихқа терең бойламай жауапсыз сөйлеуі небір теріс, күмәнді қорытынды жасауға апарып соқтыратынын біліп те, көріп те жүрміз.

Тарихты жеке адамдар жасайды деген тұжырымнан арылатын кез келген сияқты. Мемлекет басшысының жаңа әділетті Қазақстан құру жолындағы нақты шешімдеріне кейбіреулердің
күмәнмен қарайтыны мені ойландырады. Қазіргі күрделі, геосаяси жағдайында «жеті мәрте өлшеп, бір мәрте кесу» керектігін түсіне бермейтіндігіміз бар. «Неге үйте салмады, неге бүйтіп айтпады, неге пәлен ұйымнан шыға салмадық» деп ұшқары пікір айтатындар да жеткілікті. Бәрін ақылмен, парасаттылықпен шешкен жөн сыңайлы. Осы орайда, біз Тәуелсіздігімізді сақтап қаламыз десек арандатуларға жол бермей, Жаңа Қазақстанды құру үшін бірлігімізді көрсетіп, өзге елдерден тірлігімізбен озуымыз керек, бұл туралы Ұлттық Құрылтай жиынында Мемлекет басшысы өткір айтты. Әділеттіліктің жолы қашанда ауыр. Егер сіз өз Отаныңызды, өз жеріңізді, өз еліңізді сүйіп, қорғай алмасаңыз, онда береке-бірлігіңізден ажырап, көрінгенге көз түрткі болатынымызды еш уақытта естен шығармауға тиістіміз.

Бізге ең керегі ұлттық тәрбиені жаңғыртып, ұлттың рухын көтере білу. Жастарды еңбекке тәрбиелеуге қоғам болып кірісуге мүдделіміз. Өкінішке орай соңғы кездері әр рулар, тайпалар «Жаңа Қазақстанды құруды» рудың атымен шатастырып алған сияқты. Жер-жерлерде руларын мадақтайтын ән шығарып, жиын өткізу қазақтың басын біріктіреді деп айта алмаймыз. Ұлы Абай «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» демеп пе еді. Әрі-беріден соң кешегі Қаңтар қасіреті де сол бірлігіміздің бекем еместігінен, әлеуметтік әділетсіздіктен от алғанын ескеру барлығымызға сын болғалы тұр. Ұлтымыздың санасын жаңғырту, Ұлы Абай айтпақшы: «Үлкендердің сөзіне тоқтап, жоғалта бастаған ар мен ұятты ұлтымыздың бойына сіңіру» қажет десек, ол өздерін «көсембіз» деп жүрген әрбір зиялы азаматтың парызына айналса деймін. Өсетін ел ұлыларын ұлықтаған. Соның жақсы істерін бойына сіңірген. «Өзін өзі жамандаған жатқа қор болады» демекші, қазақ жалқау, қазақтың қолынан ешнәрсе келмейді деген жалалы сөзден арылу үшін жанжағымызға сергек қарап, ұлтымыз үшін жансебілдік танытатын кез келді ағайын.

Отбасының беріктігін сақтау, ұлт болып ұйысу, ұлт болашағы үшін күресу жайлы Құрылтайда аз әңгіме болған жоқ. Сөйлеген шешендердің бірі Қазақстанда соңғы жылдары неке бұзудың жиілеп бара жатқанын ортаға салды. Меніңше бұл қазақ үшін қасіретті құбылыс екені даусыз. Ең алдымен отбасын сақтамай, атабабамыздың салт-дәстүрін ұстанбай әділетті қоғам құруымыз еш мүмкін емес. Телеарналардағы жөн-жосықсыз шоуларды, кейбір әртіссымақтардың әдепсіз қылықтарына тосқауыл қоятын кез жетті. Туымызды қорлағандар қатаң жазаға тартылсын. Тілімізді келемеж еткендерге де заңды қатаңдатқан дұрыс. Қазақта «Көп ауыз біріксе, бір ауыз жоқ болады» деген мақал бар емес пе. Демократия – көпке бағыну, көптің әміріне жығылу дегенді білдіреді. Телехабарларды тыңдап отырсақ кейбір шенеуніктердің қазақшаны қойып, былай деп орысшалап кететіні де ұнамайды. Біздің шенеуніктердің Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан үлгі алатын жөндері бар.

Бүгіндері анық болғандай өткен 30 жылдың ішінде жас мемлекетімізді әлем тани бастады. Астана соқтық, жолдарды жөндеп жатырмыз, бірақ рухани құндылықтарымызды жоғалта бастағанымыз айдай әлемге әйгілі. Тіліміз әлі төрге шыққан жоқ, жөн сөз айтсаң жағаңа жармасатын ұрпақ пайда болды. Халықтық тәрбие жарқырап тұрған жоқ. Соның барлығын заманға жабу дұрыс нәрсе емес. Заманды заман емес, адам билемек керек емес пе? Ұлтты сақтап қалатын да сол ұлттың егесі емес пе? Ұлттық Құрылтай жиынында біздің айтып отырған мәселелеріміз ара-тұра қозғалғанымен ұлттық идеология туралы тұжырымды ойлар айтылмай қалғандай көрінеді маған. Алдағы жиындарда әділетті қоғам орнату, ұлттық құндылықтар жөнінде нақты шешімдер қабылданар деп сенемін. Соның ішінде өмірлік сыннан өткен Билер институты жайлы да әңгіме болса дейміз. Ең бастысы, «Адамды адам еткен – еңбек» демекші ұрпақты еңбекке тәрбиелеп, адал еңбекті бағалау ғана ұлтты мұратына жеткізетінін өмірдің өзі дәлелдеген.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, Халықаралық «Ұлт мақтанышы» атағының иегері, Жамбыл облысының Құрметті ардагері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support