Қыс қамына кіріскен шаруа

26

Ақтөбе ауылдық округінде шөп шабу науқаны аяқталып келеді. Қысқы жем-шөптің берік қорын дайындауға кіріскен шаруаны алқап басынан ғана табасың. Биыл жауын-шашыннан шабындық біткен көк балаусаға оранған. Жаңа орылған майсаның иісі аңқып, танауыңды жарады.

Бәйтерек ауылындағы «Антоний» шаруа қожалығы жоңыршқалыққа орақ салғанына бірнеше күн болыпты. 10 гектарды алып жатқан алқапта эспарцет орылып, тайланып жатыр. Шөп тайлағыш агрегатты тіркеп алған «Беларусь» тракторының механизаторы өзін Антон Водянкомын деп таныстырып, шаруа жайын баяндай жөнелді.

2003 жылы құрылған қожалықты бастапқыда әкесі Алексей Павлович басқарған екен, кейіннен ұлы Антонға тапсырыпты. – Қожалыққа тиесілі 80 гектар жеріміз бар, оның 25 гектары – шабындық, қалғанына арпа-бидай септік. Өнім жаман емес. Мына эспарцет алқабынан әр гектарынан 200 бау шөптен жинаудамыз. Былтыр мұның жартысын әзер алатынбыз. Дән себетін, оратын бірсыпыра техникамыз бен тіркемелеріміз бар. Әзірге шөп оратын техниканы жалға алып жұмыс істеудеміз. Тайланған шөпті жинауға ауыл тұрғындары қолғабыс етуде, – дейді ол. Қожалық егін шаруашылығымен қатар мал өсірумен де айналысады.

Бордақылау алаңында 40-50 бас бұқа байлаулы тұр. Үй іргесінен мал тұратын жылы, жарық қоражай салып алған. «Мал азығына неге осы шөпті таңдадыңыз?» деген сұраққа Антон: «Біздің қожалық эспарцет өсіруді қолға алғанына бірнеше жыл болды. Оны шабындыққа сіңірмес бұрын интернеттен іздеп, аймақтағы басқа шаруашылықтардың тәжірибесіне ден қойдық. Эспарцет Еуропада шығыстың ешкі шөбі деп аталады. Зерттеуші ғалымдар онда қоректік заттар мен протеин мөлшері жоңышқа мен бедеден асып түсетінін, жеңіл сіңірілетінін дәлелдеген. Біз де оның ірі қара мал үшін тиімді болатына көз жеткіздік», – дейді.

Антонның өзі қазақшаға судай. Ол отбасында да қазақ тілінде сөйлесетінін айтуда. Біз оның мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүргенін көріп, риза болдық. Анасы Любовь Иосифовна ауыл мектебінде ұзақ жыл мұғалім болыпты. Бұдан бөлек, қожалықтың жаңа сепкен 15 гектардай эспарцет алқабы да оруға келіп қалыпты. Қожалық басшысы орақ түскен алқапты аяқтаған соң, жаңа алқапқа орақ салмақ ниетте. «Биыл өнім жақсы. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, осы жылға ғана емес, алдағы бірнеше жылдың жемшөп қорын жасақтап алсақ деген ниетіміз бар», деп жоспарымен бөліскен еді. Абылайхан СӘРСЕН, журналист. Жуалы ауданы.

Comments are closed.