Бір үйден үш жігіт әскерге аттанды

66

Біз – бейбіт елдің бақытты ұрпағымыз. Сұрапыл соғыстың салқынын тек аға буын – ардагерлердің естелік әңгімелерінен ғана естіп, білдік. Ал тәуелсіз еліміздің берік қамалы, құрыштай мығым қорғаны – айбынды әскері. Сарбазы қуатты мемлекеттің іргесі де мықты болары сөзсіз. Осы орайда Байзақ ауданында жастарды мерзімді әскерге шақыру маусымы наурызда басталып, жүйелі жүргізілді.

Мемлекетті қызғыштай қору – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Демек, 18 жастан асқан кез келген азамат әскери борышын өтеуге міндетті. Жауынгерлер қатарын толықтыратын жастардың Отан алдындағы борышын өтеуге Байзақ ауданы, Ынтымақ ауылдық округі, Мәдімар ауылынан барған жастардың қарасы қалың. Мысалы, отбасында 4 ұл тәрбиелеп отырған Талғат Амановқа 18-27 жастан асқан балаларына Байзақ ауданы қорғаныс істер бөлімінен әскерге шақыру қағазы келді. Отбасында елге адал қызмет етуді, патриоттық сезімді насихаттайтын әке ұлдарына Отан алдындағы борышын өтеп келуге ақылкеңес беруден жалықпаған. Әскерге аттанғалы тұрған ортаншы ұлы Айдын Талғатұлы: «Міне, бүгін біз өз еркімізбен сапқа тұрып, әскер қатарына аттанғалы тұрмыз. Тәуелсіз еліміздің бейбіт өмірін қамтамасыз ету – біздің алдағы міндетіміз. Сондықтан ер жігітке лайық міндетті абыроймен атқарып, ел қорғаны боламыз деген сенімдемін. Замандастар, баршаңызға ақ жол тілей отырып, Отан алдындағы парызымызды тәртіптілікпен, ержүректілікпен, сабырлылықпен адал атқаруға шақырамын», деп замандастарына үндеу тастады. Өзі де Ақтау қаласына шекара күзетіне аттанды.

«Отан алдындағы борышымды үлкен абыроймен атқарып, ата-анамның үмітін ақтау – менің басты мақсатым», деген Талғатұлы Айбек үйдің үлкені. Облыс жастарының әскерге баруға деген көзқарастары оң, алдыңғы жылдарға қарағанда ынта-ықыластары жоғарылай түскен. Шақырылушылардың көпшілігі әскерден кейін келісімшарт бойынша қызметтерін ары қарай жалғастырып Отанына қызмет етуге дайын екенін айтқан болашақ сарбаз Ақтау қаласына әскерге аттанды. Ал Айдос Талғатұлы: «Әкем «Менің жігіт кезімде әскерге бармаған жігіттерге қыз қарамайтын» деп айтатын. Мен үйдің ортаншысымын. Әскерден абыроймен кел деп ауыз толтырып айтатындай ағаларыма, ініме үлгі болуға тырысамын. Мен де әскери борышымды Қостанай қаласында ішкі әскер қатарына әскери борышымды өтеп келген соң, келісімшарт бойынша әскери қызметпен өмірімді байланыстырғым келеді. Мен арманыма бір табан жеткен сияқтымын!», – дейді. Ақтау қаласына баласының әскери ант қабылдау мерекесіне қатысып қайтқан Аманов Талғат: «Әрбір ер жігіттің Отан қорғауға барып қайтуы – оның міндеті, азаматтық борышы. Мен де бүгін 3 баламды Отан алдындағы борышын өтеп келуге жібердім. Елімізде әрдайым бейбітшілік болып әр сарбаз отбасына аман-есен оралсын!», – деп ақ тілегін айтты. А.ІНКӘРБЕК, Ынтымақ ауылдық округі әкімі аппаратының әскери есеп жүргізуші бас маманы. Байзақ ауданы

Comments are closed.