Әлеумет

Мойынқұм ауданында кездейсоқ жағдайда "Ақбақай" алтын кен орны ашылды.

Мойынқұм ауданында кездейсоқ жағдайда "Ақбақай" алтын кен орны ашылды.

1969 жылдың 4 шілдесінде Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында кездейсоқ жағдайда "Ақбақай" алтын кен орны ашылды. Ақбақай — Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы, Хантау ауылдық округі құрамында, Желтаудың оңтүстік-батыс беткейінде орналасқан. Ақбақайда кен байыту фабрикасы жұмыс істейді, дәрігерлік пункт, орта мектеп бар. Кен орны негізгі 5 тік құлайтын (Басты, Түкен т.б.) және 9 көлбеу жатқан желілерден тұрады. Желілердің ұзындығы 250 м-ден 600 м-ге дейін, қалыңдығы бірнеше см-ден 1,5-2 м-ге жетеді. Олар жан-жағынан березит тау жынысымен қоршалған кварц-желілі өзек түзейді. Кентас 900-1300 м тереңдікке дейін таралған. Кен түзілу процесі габбропорфирит және ашафит дайкалары жыныстарды жарып шыққаннан кейін, алтын-сүрмелі минералданумен аяқталған. Кен Қызылжар интрузивті кешенінің ішінде және девон жанартау тастекті шөгінді жыныстарының бойында қалыптасқан. Кен орнында алтынның 4 түрі кездеседі: 1) арсенопирит минералы бойындағы ұнтақдисперсті алтын; 2) кварцтағы сеппе, ұя, желі түрінде шоғырланған бос алтын (өлшемдері 0,01-0,1 мм-ден бірнеше мм дейін); 3) кварц-карбонатты желілердегі түйіршік және қабыршақ түріндегі алтын; 4) гипергендік процеспен байланысты қабыршықты және дендритті алтын. Алтынның орташа мөлшері жер бетіне жақын аралықта аса жоғары — 60-109 г/т, ал 500-600 м тереңдікте 7-10 г/т-ға дейін төмендейді. Ақбақай алтын кені Қазақстандағы ірі кен орны қатарына жатады. Оның негізінде Ақбақай кен-байыту комбинаты салынған.