Әлеумет

Алыпсың да көркемсің, жаным сүйген өлкемсің

Алыпсың да көркемсің, жаным сүйген өлкемсің

46Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ, 

ҚР ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті кафедрасының профессоры.

Әркімге туған жері оттай ыстық. Төрткүл дүниеде табиғаты тамаша, адамның өмір сүруіне не қажеттің бәрі жасалған ғажайып жерлер аз емес. Бірақ, өзіңнің туған топырағыңа жетері жоқ. Мен де шетелдерде жиі болып тұрамын. Қайда барсам да кіндік қаным тамған ауылымды ойлап, сағынып жүремін. Тарихы терең тамырлы Таразым мен киелі Қордайым жүрегімнің төрінен мәңгілік орын алған. Облыстағы жаңалықтарға ұдайы құлақ түріп, жерлестерімнің қол жеткен жетістіктеріне көңілім толатын кездер көп. Біздің облыс еліміздегі экономикасы қарыштап дамып келе жатқан іргелі аймақтардың қатарында. Өндірісі өркендеп, қай салада да динамикалық өсім байқалады. Мені, әсіресе, ғылым мен өнерге құлаш ұрған жастардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Солардай білімді де білікті ұрпақтың қолымен келешегіміз бұдан да көркейе берері анық. Таразда да талантты шәкірттерім аз емес. Кезінде біраз уақыт Жамбыл педагогикалық институтының ректоры қызметін атқарғандықтан, осы оқу орнымен қатар, бүкіл өңірдегі білім берудің беталысы мені бейжай қалдырмайды. Өйткені, білім мен ғылымға сүйенген ел дәуірдің ұлы көшінен қалмайды. Жамбылдықтар да сол өреден көріне берсе екен деймін. Облыстың құрылғанына 75 жыл толып отыр. Бұл өңір үшін толайым белес. Барша облыс тұрғындарын мерекелерімен құттықтап, алда да жаңа биіктерден көріне берулеріне тілек қосамын.