Денсаулық

Бала тәрбиелеу - баршамызға ортақ міндет

Бала тәрбиелеу - баршамызға ортақ міндет

Биыл Балалар жылы екені белгілі. Қашанда бала тәрбиесі мен болашағы әрбір ата-ананы, қоғамды бейжай қалдырған емес. Дейтұрғанмен, олардың отбасынан көретін жылуы мен мейірімі, қамқорлығы мен қорғанышын қоғамға ысырып қойып, өз міндетіне тек баланы өмірге әкелу мен тамақтандырып, киімін бүтіндеп беруді ғана мақсат тұтқан ата-аналар да жоқ емес. Сондай азаматтар біздің жалпы қоғамның болашақ бет-бейнесін қалыптастырып, тәрбиелеп жатқанын ұғына бермесі анық. Өйткені олар өсіріп отырған ұлқыздар – елдің ертеңі.

Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында алдына үлкен міндет қойған қоғамдық бірлестіктің бірі – «Сенімен болашақ» деп аталады. Бұл ата-аналар қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы – қоғам қайраткері Нұркен Асанов. Ол бірлестік құру туралы: «Бірлестіктің аты айтып тұрғандай, «Сенімен болашақ», болашағымыз – бүгінгі жастарымызбен бірге. Бала бақытының кепілі – ата-ананың өнегелі тәрбиесі. Болашағымыз жарқын болуы үшін ата аналар бірігіп, бірлестік құрдық» деген болатын бір сұхбатында. Сондайақ «Сенімен болашақ» жайлы, оның атқаратын жұмысы мен негізгі мақсаты жайлы ойымен бөліскен. «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі қоғамға, елімізге жайлы орта қалыптастыруға үлес қосу мақсатында құрылған мекеме. Нақтырақ айтқанда, әр ата-анаға баласының Отанын сүйетін кемел және бәсекеге қабілетті тұлға болып жетілуі үшін жан-жақты қолдау көрсету. Бұл мінез ең алдымен отбасында қалыптасатын болғандықтан, еліміздің ата ана болған әр азаматын осы ниетке жұмылдыру жолында керекті шараларды ұйымдастыруды көздеп отырмыз», дейді ол. Ал ел көлемінде кеңінен жұмыс істеуді көздеп отырған бірлестіктің Жамбыл облыстық филиалына жуық арада Дәурен Бағжанов төраға болып тағайындалды. Оның үкіметтік емес ұйымдар саласындағы тәжірибесі өте мол. Ол басқарған «Оңтүстік арылу» қоғамдық ұйымы талай жасты нашақорлықтан арашалап қалған болса, есірткінің тұзағына түскен талай ұл мен қызға психологиялық көмек көрсету арқылы емделіп шығуына себепші болды. Әрі көпбалалы әке ретінде де тәрбие мен отбасы туралы түрлі мәселелер көтеріп жүрген белсенді азамат. Дәурен мырза да бұл ұйымның ел игілігі, болашақ үшін маңызды екенін ескеріп, мұндай ұйымда жұмыс істеуге жоғары құлшыныспен кіріскенін айтады. «Сенімен болашақ» төрт бағытта жұмыс істейді. Ең бірінші, ата-анамен тығыз қарымқатынас орнату үшін мектепке тиімді шешімдер шығару. Екіншіден, балаларды даму ерекшелігі мен жас айырмашылығына қарай топтарға бөліп, арнайы дайындалған дәрістер өту арқылы ата-аналарының психологиялық-педагогикалық біліктілігін арттыру. Келесі кезекте, арнайы этикалық кодекс арқылы қоғамдағы отбасы мамандары, педагогтер мен психологтардың басын біріктіріп, осы қызметке мұқтаж ата-аналарға қолдау көрсету болса, төртінші бағыт – отбасында бала тәрбиесіне жіті көңіл бөлу керек екеніне назар аудару мақсатында облыс, аймақ, республика және халықаралық деңгейде ата-аналар форумдары, семинарлар және басқа да түрлі іс-шаралар өткізу. Дәурен Бағжанов осы жұмыстарды сапалы, сауатты жүзеге асыру үшін бүгінде мықты мамандар іздестіріліп, жасақталып жатқанын айтады. «Бала тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан бұл жауапты іске келгенде кез келген азамат бейжай қарамауы қажет. Қайткенде біз саналы, озық ұлт боламыз деген арман мен ойдың жетегінде жүре бермей, балаларымызды дұрыс тәрбиелеу арқылы сондай ұлтты өзіміз қалыптастыруға тиіспіз», деді ол. Ал аталған ұйым мүшелігіне қабылданған азаматтарды оқыту, оларға нұсқаулық беру, түрлі методикалық қажеттіліктермен қамту, оның барлығы бірлестік тарапынан қарастырылған екен. Бүгінгі таңда іске белсенді түрде кірісіп кеткен облыстық филиал жұмысы кең ауқым ала бастады. Оның құрамында өңірдегі саналы, салиқалы, ел келешегіне жанашырлықпен қарайтын ата-аналары топтасады деп сенеміз.

Маржан РАҚАЙ