Жақсы өнім жинағың келсе, жерге тыңайтқыш бер

19

Биыл ауданда егін орағына 26960 гектар бидай, 29717 гектар арпа алқабы түспек. Оған 160 комбайн араласады деп күтілуде. Егінге ауданда бірінші болып «Сыпатай батыр» ЖШС орақ салды. Серіктестік директоры Қанат Шайхиевтің айтуынша, шаруашылық күзде 180 гектар алқапқа арпа дәнін сепкен.

– Алқаптарға себілген дән біздің климатқа өте ыңғайлы, әрі төзімді, сонымен қатар ерте пісетін «Жасөркен» сұрпы. Бұл күздік арпаның бір атап өтерлігі, ол өзінің тұқымдас басқа сұрыптарына қарағанда ерте пісіп, өнімді де жоғары беруімен ерекшеленеді, – дейді ол. Серіктестік егістік алқаптардың өңдеу технологиясына баса мән беріп, барлық агротехникалық талаптарды уақтылы жүргізіп, соның арқасында мол өнім жинауда. Тыңайтқыштарды да орынды қолдана отырып, тұқымды мерзімінде жерге сіңірумен келеді. Нәтижесі жаман емес. «Жасөркен» арпасының орташа өнімділігі әр гект арынан 30-35 центнерден айналуда. Алқаптан жиналған дән қырманға құйылуда.

Алқап басындағы қызу жұмыстың куәсі болған аудан әкімінің орынбасары Бақытхан Әбжапаров, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Садықжан Бұтабаев, аталған бөлімнің сектор меңгерушісі Достай Сәрсембиев пен аудандық тұқым инспекциясының басшысы Нышан Бәзілов «Сыпатай батыр» ЖШС жұмысына жоғары баға беруде. Серіктестік аудандағы элиталық және көбейтілген тұқым өндіруші орталықтың бірі болып саналады. Олар осы жылдың өнімі үшін 1100 гектар алқапқа бидай, 300 гектар алқапқа арпа, 145 гектарға қант қызылшасын орналастырған.

– Жұмыс істеймін деген шаруашылыққа биыл жайлы жыл болып тұр. Диқандарға айтарым, жерді дұрыс өңдеу формуласы тұқым мен тыңайтқышқа байланысты. Егер осы талаптар сақтаса, алқаптан мол өнім жинайтының қақ, – дейді кәсіпкер. Қожалық биыл 500 тонна элиталық бидай, 1500 тонна 1-репродукциялы тұқым, жаздық арпадан 300 тонна элиталық тұқым өндіруді жоспарлауда.
Әлихан НҰРАЛИЕВ,
журналист.
Меркі ауданы.

Comments are closed.