- Advertisement -

Құрылыс нысандарының сапасына кім жауапты?

70

- Advertisement -

Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар аясында құрылыс саласы жыл санап қарыштап дамып келеді. Оған бөлініп жатқан қаржы көлемі де қомақты. Дегенмен құрылысы сағызша созылып кетіп, бөлінген қаражаттың дер кезінде игерілмей қалу фактілері де аз емес. Осы мәселе қалалық Қоғамдық кеңес отырысында да сөз болып, қаралған еді.

Кеңес отырысында Тараз қаласындағы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды салуға бөлінген мемлекет қаражатының жұмсалу барысы жан-жақты талқыланды. Зерделеу барысында мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру барысында кеткен кемшіліктер де белгілі болды. Ол туралы кеңестегі экономика, бюджет және азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі комиссиясының төрағасы Серік Құтбаев баян етті. Оның айтуынша, комиссия Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің 2020-2021 жылдарға арналған қала бюджетін әзірлеу қорытындысына бақылау жүргізілген. Құрылыс бөлімінің басшысы Нұрбол Қалдыбаевтың рұқсатымен мониторинг жүргізіліп, төмендегідей кемшіліктер
анықталған. Атап айтсақ, өткен жылы 21 нысанның құрылысын қаржыландыруға 6,684 миллиард теңге бөлінген. Соның ішінде оның 231 миллион теңгесі №15 шағын аудандағы жылу желісін тартуға қаралған.

Дегенмен бұл жоба 2016 жылдан бері жүргізіліп келеді. Оған бюджеттік өтінім жыл сайын беріледі, бірақ қаржы толық игерілмей қалуда. Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биыл №15 шағын ауданда «Бұрыл» электр қосалқы стансасының қуатын 16 МВт-тан 33 МВт-қа дейін арттыруға 500 миллион теңге, су құбыры мен кәріз желілерін кеңейтуге 239,9 миллион теңге қажет екен. Сондай-ақ 34 көпқабатты тұрғын үйдің инженерлік инфрақұрылымын жүргізуге 2,2 миллиард теңге қажет көрінеді. Жеке тұрғын үй салу үшін тараздықтарға жер телімдерін беру мәселесі де кезеңкезеңмен шешімін табуда. Ол үшін Асқаров көшесінің аяғында – 312, Хамуқат массивінен – 125, Қарасай сілемінен 126,6 гектар жер бөлінген. Бұл жерлер шаруа қожалықтарынан мемлекет мұқтажы үшін әлі ауыстырылмаған. Бұл жұмысты аяғына дейін жеткізуге республикалық бюджеттен 384,4 миллион теңге қажет, оның инженерлік инфрақұрылымы ЖСҚ әзірленуде. Сондай-ақ Шалғай Қарасудағы элект рмен қамту ныс андарының құрылысына 188,9 миллион теңге керек екен. Сондай-ақ құрылыс бөлімі өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,2 миллион теңге көлемінде бюджет қаражатын үнемдегенін атап өтті. Ал мониторингтік топ мүшелері ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша құрылыс басқармасының балансында жалпы құны 27 миллиард теңгені құрайтын 94 аяқталған құрылыс нысаны барын анықтаған.

«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес олардың барлығы (инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым, су жүйелері, мәдениет объектілері) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың балансына берілуі тиіс.
– Көктем, Арай, Құмшағал шағын аудандарындағы ауылішілік инженерлік желілер 2020 жылдың желтоқсан айында салынған. Оларды «Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ теңгеріміне беру туралы шешім бар, бірақ ол әлі күнге орындалмаған. Биыл «Монолит Дизайн-2030» ЖШС №15 шағын ауданда көпқабатты тұрғын үй салуға келісімшарт жасасты. Келісімшарттың құны 584,5 миллион теңгені құрайды. Мердігер 30 миллион теңге аванс алып үлгерді. Алайда бүгінде нысандағы жұмыс тоқтап тұр, – деді С.Құтбаев.
Осы ретте «Аталған құрылыс жұмысы талапқа сай жүргізіліп, нысан тиісті мерзімде пайдалануға беріле ме?» деген сұрақ туындайды.

№15 шағын аудандағы әлеуметтік нысандардың (1300 келушіге арналған Салтанат сарайы, Оқушылар сарайы, 2000 көрерменге арналған жеңіл атлетика манежі, 745 көрерменге арналған гимнастикалық кешен) құрылысын жүргізу үшін жобалықсметалық құжаттар әзірлеуге бөлінген қаржы да тиімсіз игерілген. Бұл мақсатқа 50,1 миллион теңге бөлу жоспарланған болатын. Алайда жобалық-сметалық құжаттар пайдаланылмаған. Әлеуметтік нысандардың орнына тұрғын үйлер салынған. Қоғамдық кеңес мүшелерінің қалалық құрылыс бөлімінің  кадр мәселесіне қатысты да сауалдары бар. Яғни, бөлімде есепші болмағандықтан бұл бірліктің жұмысы штаттан тыс статистикке жүктелген. Дегенмен қаржылық есеп беруде заңбұзушылықтар орын алмаған. «Бірақ өткен жылдың соңында активтерге түгендеу бухгалтердің жоқтығы есебінен жүргізілмеген» деп атап өтті Серік Құтбаев. Құрылыс бөлімінің басшысы Нұрбол Қалдыбаев бюджет қаражатын игерудегі кедергілер мердігерлер тарапынан болғанын айтты. «Біз бұл мәселелерді шешеміз, сотқа шағым түсіреміз», деді ол. Тараз қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сембек Сейдәзімовтің құрылыс бөлімі тапсырған нысандар неге осы күнге дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан назарға алынбай отыр деген сұрағына тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мақсат Нұржанов жауап берді.
– Біз бұл нысандарды бүгінде тепетеңдікке алуға дайынбыз. Бірақ оларды коммуналдық мекемелер қабылдамайды. 2009-2010 жылдары салынған нысандардың кейбірінің құжаттары жоқ. Оның үстіне қазіргі таңда бұл нысандар талапқа сай емес, – деді ол.
Нұрбол Қалдыбаев Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті арқылы құжатталған газ құбырында ғана проблема жоқ екенін айтты. Ал су, жылу-энергетика нысандарына қатысты мәселелерде кедергілерге тап болып отырғанын жеткізді. Өз кезегінде қала әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мақсат Нұржанов коммуналдық мекемелердің нысандарды қабылдауы үшін арнайы комиссия құруды ұсынды. Тұрғын үйдің аяқталмаған құрылысына келсек, Нұрбол Қалдыбаевтың айтуынша, «МонолитДизайн-2030» ЖШС есепшоттары бұғатталып, заңгерлер сотқа талап-арыз дайындап жатыр екен.
– «Таразға Тарту» жобасы аясында жасалған нысандар сапасының төмендігіне байланысты «Жасыл ел-Тараз» ЖШС балансына қабылданбай отыр, – деп қосты М.Нұржанов.

Қоғамдық кеңес мүшесі, қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев «Таразға тарту» жобасы аясында нысандарды жүзеге асыруға бюджеттен 30 миллион теңге бөлінгенін айтты. Алайда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бұл қаражатты 2021 жылдың соңына дейін толық игермеген. Бұған «Жасыл ел-Тараз» ЖШС директорының орынбасары Ардақ Бейсековтен нақты жауап болған жоқ. Ол жиналғандарға «Таразға тарту» жобасы аясында салынған нысандарды күтіп ұстау айтарлықтай қиын екенін, өйткені жергілікті әкімдік бұған қаржы бөлмейтінін жеткізді. Кәсіпорын өз қаражатына қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде қираған нысандарды қалпына келтірумен айналысып жатқанын жеткізді.
– Бұл ақталу емес. Біз қазірден қиындықтан шығудың жолын табуымыз керек. Әзірге бюджетке қатысты барлық мәселелер Қоғамдық кеңестің тұрақты бақылауында болады, – деді Сембек Сейдәзімов.

Ал Серік Құтбаев басты мәселе бюджеттік өтінімдердің дұрыс қалыптаспауында екенін айтты. «Оған дәлел, тендерден өткен 284 нысанның 70-інде ғана жұмыс басталған», – деді ол. Қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабековтің айтуынша, қазір тендер үдерісін камералық бақылау жүргізілуде. Құжаттама талаптарға сәйкес келмесе, ол өтініш берушіге қайтарылады. Сондай-ақ Сембек Сейдәзімов тендер жеңімпаздарының көпшілігі Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан компаниялары екеніне назар аударды. «Олар техникаларын өздерімен бірге алып келмейтінін білеміз, сондықтан жергілікті қосалқы мердігерлерді, солардың техникасын пайдаланады. Бұл тәжірибеден бас тартуға бола ма?» деп сұрады.
– Иә, бұл тәжірибеде бар мәселе. Мәселен, көпқабатты тұрғын үй салуға келісімшартты ақтаулық компания ұтып алды. Ал барлық жұмыстарды жергілікті қосалқы мердігер атқарып жатыр, – деді Нұрбол Қалдыбаев. Қалалық әкімдік Қоғамдық кеңесте анықталған кемшіліктер
бойынша жұмыс істеп, жіберілген қателіктерді жоятындықтарын айтты.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support