Халық денсаулығы қашан да қымбат
Халық денсаулығы қашан да қымбат
Облысымызға 75 жыл толып отыр. Осынау жылдар ішінде облыстың денсаулық сақтау саласы да талай асулар мен белестерден өтті. Мекемеміз алғашында, 1939 жылы облыстық атқару комитетінің денсаулық сақтау бөлімі ретінде құрылған екен. Ол кезде оның қамтуында 707 төсектік 24 аурухана, оның ішінде Тараз қаласында 380 орындық 7 аурухана, ауылдық жерлерде 347 орындық 17 аурухана, сондай-ақ, 24 дәрігерлік амбулатория және 4 перзентхана болған. Бастапқыда санфельдшерлер ғана басқарған сала кадрлар тапшылығы, маман-дәрігерлер жетіспеушілігі салдарынан біраз қиындықтарды бастан өткеріпті.
Салтанат ОМАРБЕКОВА, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбыл және Шу қалаларында соғыста жарақат алғандарға арналған жеті бірдей госпиталь жұмыс істегені анықталып отыр.1946 жылы ауылдық жерлерде жаңадан 22 учаскелік аурухана және 102 фельдшерлік-акушерлік пункт пен перзентханалар ашылыпты. 1947-1950 жылдар аралығында ауруханалық және емханалық мекемелер біріктірілген. Ал 1948 жылдан бастап санитарлық авиация бөлімшесі қызмет істей бастайды. 1978-1979 жылдары 6 учаскелік аурухана дәрігерлік амбулаторияларға алмастырылса, 1985 жылы 21 дербес селолық дәрігерлік амбулаториялар жұмыс істеді. Деректер мен дәйектер осылай сыр шертеді. Дегенмен, қарыштап дамыған заман ағымына байланысты бірте-бірте өзгеріп, жаңа технологиялармен жарақтандырылып, кәсіби шыңдалып, мамандар біліктілігі арттырылып, жаңғыртылған медицина саласы еліміздің егемендігімен бірге жаңаша серпін алды деуге болады. Себебі, заманауи құрал-жабдықтармен, бәсекеге қабілетті инновациялық құрылғылармен барынша қамтамасыз етілген облысымыздың емдеу-сауықтыру мекемелері тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде мол мүмкіндіктерге ие болып отыр. Соңғы төрт жылда облыста 44 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Облыста денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлемі соңғы үш жылда 42 пайызға артты. Облыс тұрғындарына тегін және жеңілдетілген дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бағытталған бюджеттік қаржы көлемі 2,6 есеге ұлғайды. Денсаулық сақтау мекемелерін медициналық жабдықтармен және техникамен жарақтандыруға жергілікті бюджеттен 3,7 еседен астам қаржы бағытталды. Ауыл тұрғындарына жедел медициналық көмек көрсету мақсатында соңғы жылдары санитарлық авиация қызметі де қалпына келтіріліп, көптеген аурулардың дер кезінде жоғары деңгейде дәрігерлік көмек алуына мүмкіншілік кеңейе түсті. Облыстық емдеу мекемелерінің дәрігер-мамандары аудандық ауруханалармен телемедициналық байланыс арқылы қажет болған жағдайда дер кезінде кеңес беріп отырады. Бүгінде телемедицина арқылы Алматы, Астана қалаларындағы республикалық ғылыми орталықтармен де байланыс едәуір жақсарды. Салада «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамытуды, оның аясында халықты скринингтік тексеруден өткізуді көздейді. Соның нәтижесінде өңірлердегі денсаулық сақшыларының қызметі ынталандырылып, халық үшін медициналық қызмет мейлінше қолжетімді бола түсті. Бүгінде облыстың мемлекеттік денсаулық сақтау секторында 42 аурухана, 328 амбулаториялық-емханалық ұйым жұмыс істейді. Мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторында 12 аурухана және 25 амбулаториялық-емханалық ұйым бар. Салада 2669 дәрігер және 9529 орта медициналық қызметкер аянбай еңбек етуде. Жоғары кәсібилікті, адамгершілік пен адамды шексіз сүюді талап ететін осынау мамандық иелері бүгінгі тәуелсіз еліміздің дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді, қоса да беретін болады.