Әскери полигонда – БАҚ қызметкерлері

22

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы журналистер күні қарсаңында ерекше шара өткізді. Аталған қолбасшылықтың баспасөз қызметінің жетекшісі Дина Мухаринова әскерилермен тығыз жұмыс істейтін тілші, оператор және фототілшілердің басын қосып, әскери полигонға алып барды.

Онда БАҚ саласы қызметкерлерін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Ораз Кучуков күтіп алып, техникалық қауіпсіздік ережелерімен, әскери тәртіппен таныстырды.
Келесі кезекте журналистер бірыңғай әскери қорғаныш киімдерін киіп, түрлі әскери машықтар бойынша бақ сынады. Ең алдымен майдан даласында жарақат алған адамға алғашқы медициналық көмек көрсетуден басталған жарыс нысанаға пышақ пен күректі дәлдеу, қару-жарақты құрастыруға дейін жалғасты.
Айта кетейік, ақпарат саласының жауынгерлерін әскери жауынгерлік әзірлікпен сержант Жанна Досымова таныстырып жүрді. Ол Б.Момышұлы атындағы 5-ші механикаландырылған бригаданың жауынгерлік даярлық бөлімінің бас маманы.
Ал журналистік қызметті бір күн әскери мамандықпен алмастырғандар қатарында «Jambyl» телеарнасының журналисі Риналь Рахматуллин мен таспагері Ғалымжан Есенбаев ерекшеленді. Олар әскери нормативтерді жауынгерлермен тең, тіпті кейбірінде артығымен орындап, үздіктер қатарынан көрінді.
– Журналистер үшін осындай ерекше оқу-жаттығу өткізген қолбасшылыққа алғыс айтамыз. Бұл күн біз үшін естен кетпес естелік болып қалары сөзсіз. Мұнда жауынгерлік өмірдің қас-қағым сәтін бастан өткеріп, өзімізді сарбаздар қатарында сезіндік. Олардың мамандығы қаншалықты қиын болса, соншалықты өз ерекшелігі бар екенін көзбен көріп, сезіндік. Бұл шара журналистердің әскер туралы ақпарат таратуына үлкен көмегі тиетіні сөзсіз, – дейді Риналь Рахматуллин.
Ал полковник Ораз Кучуков: «Қаламмен қаруланған ақпарат саласының жауынгерлері майдан даласында әскери қару-жарақпен де шайқасқа әзір екендіктерін көрсетті. Мұндай журналистермен қорықпай жауға қарсы шығуға болады», деген бағасын берді.

Маржан Рақай

Comments are closed.