Зор сенім артып, жаңа міндет жүктеді

41

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Т.Рысқұлов ауданында болып, актив жиынында ауданның жаңа әкімін таныстырды.

– Осыған дейін облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы-бас мемлекеттік еңбек инспекторы лауазымында еңбек етіп келген өздеріңіздің жерлестеріңіз Ернар Серікәліұлы Есіркеповті бүгін ауданға әкім етіп тағайындап отырмыз. Қазақ ұлттық аграрлық университетін «агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындарындағы экономика және менеджмент» мамандығы бойынша тәмамдаған ол еңбек жолын Т.Рысқұлов ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-кадрлық және бақылау жұмысы бөлімінің маманы болып бастаған. Әр жылдары Т.Рысқұлов ауданы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау, кәсіпкерлік бөлімдерінің бас маманы, облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық және кадрлық жұмыс бөлімінің бас маманы, бас инспекторы, құжаттама және бақылау бөлімінің басшысы, облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары-мемлекеттік еңбек инспекторы қызметтерін абыроймен атқарған. Сондықтан да облыста тәжірибе жинаған Ернар Есіркеповті бұл лауазымға лайық көрдік, – деп оның қызмет жолымен таныстыра келіп, оған аймақ басшысы зор сенім артатындығын білдірді.
Аймақ басшысы сондай-ақ бұған дейін Т.Рысқұлов ауданын үш жарым жыл абыройлы басқарған Ерболат Садырқұловтың жұмысына жақсы баға берді. «Ерболат Садырқұлов ауданды үш жарым жыл басқарып, енді басқа қызметке ауысуына байланысты орнынан босатылды. Ол бұл жылдарда жаман қызмет атқарған жоқ. Ауданның əлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінің артуына өз үлесін қосып, кейбір көрсеткіштер бойынша облыста бірінші орында. Мұнда көп тəжірибе жинаған ол басқа лауазымға тағайындалып, сол жерде өз біліктілігін көрсететін болады», – деді.

Аймақ басшысы ауданның жаңа әкіміне өңірдің жоғары әлеуетін тиімді пайдаланып, экономикасын арттыру, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша нақты міндеттер жүктеді.
– Ауданда ақсап тұрған саланың бірі – инвестиция тарту. Ол бес айдың көрсеткіші бойынша өткен жылмен салыстырғанда 60 пайызға ғана орындалған. Бірінші кезекте осы жұмысты жандандыру қажет. Сондай-ақ облыс тұрғындарының табысын жақсартуға бағытталған қанатқақты жобаны жандандыру да күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі. Тағы бір атап өтерлігі, ауданда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында бірде-бір жоба іске аспаған. Осыны да басшылыққа алған дұрыс. Облыстағы астықтың 30 пайызын Т.Рысқұлов ауданы беріп отыр. Бұл да аудан үшін жауапкершілігі зор міндет, – деді Нұржан Нұржігітов.
Активте Ерболат Садырқұлов сөз алып, қызмет еткен жылдарда ауданның əлеуметтік-экономикалық əлеуетін арттыруға қолдау көрсеткен əріптестеріне өз алғысын жеткізді. Ал жаңа қызметке тағайындалған Ернар Серікәліұлы бірлесе жұмыс істеп, өзіне жүктелген міндетті орындауда бар күш-жігерін салатынын жеткізді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов Ерболат Садырқұловтың атқарған жұмысына жақсы баға беріп, жаңа əкімнің жұмысына сəттілік тіледі.
* * *

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Жуалы ауданында болып, актив жиынында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслиxатының келісімімен, Жуалы ауданының әкімі етіп Жалғас Әлижанұлы Мұртазаны тағайындады.
– Жалғас Мұртаза осы ауданның тумасы. Еңбек жолын 2010 жылы Қазақстан Республикасы құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінде бухгалтер болып бастаған. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінде сарапшы, бас сарапшы, облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппаратының өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің басшысы лауазымында қызмет атқарған. Соңғы жұмыс істеген жері облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы лауазымында еңбек етті, – дей келіп, жаңа әкімге қадау-қадау тапсырмалар беріп, ауданның экономикасын арттыруды тапсырды.
Ауданда бір жылдан аса жұмыс істеген Олжас Қаржауовтың бүгінге дейін атқарған жұмысына да оң бағасын берді.
Жиында сөз алған Олжас Қаржауов ауданда бір жылдан аса жұмыс істеп, жоспарланған көптеген жобаның аяғына жетуіне қолдау көрсеткен əріптестеріне алғысын жеткізді. Сондай-ақ ауданға жаңа тағайындалған әкімге ауданды дамытуына тілектес екенін айтты.
Өз кезегінде Жалғас Мұртаза облыс әкімі тарапынан артылған сенімді ақтауға бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.
Облыстың жəне ауданның Құрметті азаматы Естемес Аманбеков сөз кезегі келгенде өзінің ағалық ақыл кеңесін білдірді.
– Жалғас, сен осы елдің тумасы, Шерхан Мұртаза сияқты алыптың тəрбиесін көрген азаматсың. Осындай ортада өскен, тәлім-тәрбие көрген сен жастығыңа қарамай ауданның абыройын көтересің деп сенім артамыз. Жастар біздің болашағымыз, аянбай, ешкімге жалтақтамай жұмыс істейтін уақыт келді. Енді жастарға жұмыс стилін өзгертіп жұмыс істеу керек. Ал Олжасқа келетін болсақ, ол да жаман жұмыс істеген жоқ. Қиын кезеңде, пандемияның өршіп тұрған кезінде қызметке келген Олжас елге өте жақын болды. Егістік алқаптардың ылғалдандырылуына, каналдарды салуға үлкен үлес қосты. Мал азығын құнарландыру, ауылшаруашылық кооперативтерін көтеруге көп көңіл бөлді. Бюджет қаржысының 99 пайызға игерілуін қамтамасыз етті, – деді.
Актив отырысын облыс əкімі Нұржан Нұржігітов қорытындылады.

Т.Рысқұлов,
Жуалы аудандары.

Comments are closed.