Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ,грек-рим күресінен Мәскеу олимпиадасының чемпионы. Кеңестік кезеңде мені құрамадағылар «Шыдамды Жак» деп атайтын. Соның бірер мысалын атайын. Бір емес, үш мәрте Кеңес Одағының чемпионы атандым. Ал Олимпиада ойындарына бір рет бардым. Одан бөлек, Әлем біріншілігінде өнер көрсеткенім тағы бар. КСРО чемпионаты мен Спартакиадасында жеңіске жеткеніме қарамастан, мені 1976 жылы өткен Монреаль олимпиадасына қатыстырмады. Нағыз спорттық бабымда едім. Алайда, жаттықтырушылар штабы Одақ чемпионатында мен жеңген Красноярск өкілі Алексей Шумаковты команда сапына алды. Дегенмен, Қазақстан спорт комитетінің төрағасы Аманша Ақпаев мені ел басқарып отырған Қонаевтың алдына әкелді. Дінмұхамед Ахметұлы менің күреске қайта оралуымды қалайтынын жеткізіп: «Сенің өнеріңді барлық қазақстандықтар назарда ұстап отыр, ал сенің жекпе-жекке шыққың келмейді. Иә, олимпиадаға бармадың. Алайда, келесі олимпиадаға сен бармағанда кім барады? Мен сен үшін жанкүйер боламын» деді.
Одан бөлек менің ойымда туған елім, Жамбыл өңірінің де, қазағымның да намысы қайнап тұрған. Сондықтан да спортқа қайта оралдым. Барлық қиянатты жеңдім. Төзімділігім сол еңбекқорлығымнан болса керек. Облыстың атаулы мерейтойымен барлық жерлестерімді құттықтаймын. Мен қайда жүрсем де туған жерімді, оның самала желін қаперімнен шығарған емеспін. Мен үшін әрдайым туған жерден асқан ыстық жер жоқ. Өңіріміз өркендей, жасай берсін!