- Advertisement -

Тастаяқтан шын жүйрікті анықтады

57

- Advertisement -

Журналистер –қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан көркемсөз шеберлеріне қандай құрмет көрсетілсе де артық емес. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мерекесіне орай іс-шаралар легі жалғасуда. Өңір басшысы Нұржан Нұржігітовтің құттықтауынан басталған құрметтеу іс-шарасы Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің, басқарма басшыларының қолдауымен де қыза түсті.

Кеше жазушы, белгілі тележурналист Мұса Рахманбердиев атындағы бильярдтан дәстүрлі турнир өтіп, журналистер тағы да мәре-сәре күй кешті. Бильярд бәсекесі Тараз қаласындағы «Империя» мейрамханасында өтті. Қырыққа жуық БАҚ өкілдері қатысқан турнирді Тараз қаласы әкімдігі мен облыстық «Jambyl» телеарнасы бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараны Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмайл мен облыстық «Jambyl» телеарнасының бас редакторы Айбол Қараш ашып, Мұса Рахманбердиевтің журналистік қырларына тоқталып, аталған бильярд бәсекесіне сәттілік тіледі. Бір ерекшелігі бұл жарыста 50 жастан жоғарылар аз болған жоқ. 50 жасқа дейінгі қаламгерлердің де ынтасы жоғары болды. Бұл дегеніңіз турнирдің әділ өтуіне де, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің көбірек болуына да әсерін тигізетіні анық. Ардагер журналистер құрамасының арасынан Жаңабай Миллионов, Бекет Момынқұл, Асқарбек Сейілхан, Құрманғазы Демеш, Бақытжан Советұлы секілді майталмандарды көріп, аға буынның жүздерінен мерекелік көңіл-күйді аңғардық. «Мұса Рахманбердиевті еске алу – өте дұрыс. Ол телеарнада талмай тер төккен танымал қаламгер, жүйрік жазушы. Бильярд бола ма, басқа бола ма, ардақты қаламгерді еске алған өте орынды. Бүгінгі турнирдің де сәтті өтіп жатқанына, нағыз шын мықтының бағы жанатынына күмәнім жоқ. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін», деді аға буын өкілі Жаңабай Миллионов. Орта буын журналистер арасында да «Сен тұр, мен атайын» дейтіндей үздіктері аз болған жоқ. Біздің өңірде бильярд турнирі жиі өтетіндіктен, журналистер де ойынға машықтанып келе жатыр. Жастар арасында бұрын топ жарып жүрген Ерғали Қартайған, Серік Тәжібаев, Берік Жакуллаевтар турнирдің сәнін кіргізді. Есен Өтеулиев, Ғани Сүгіралиев секілді қатысушылардың да қадамдары жаман болған жоқ.
Дегенмен «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, Мұса Рахманбердиевті еске алуға аталған облыстық турнирде Шу аудандық «Шу өңірі» газетінің бас редакторы Ерғали Қартайған бірінші орынды иеленіп, жеңімпаз атанды. Ардагер журналист Бекет Момынқұл екінші жүлдеге қол жеткізді. Үшінші жүлде үшін таласта Серік Тәжібаев ардагер журналист Асқарбек Сейілханды ұтты. Бақытжан Советұлы мен Құрманғазы Демешов, Асқарбек Сейілхан ынталандыру сыйлығын иеленді.
Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшалай сыйлықтармен және диплом, медальдармен марапатталды.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support