- Advertisement -

«Қытайдан болса да білім ал» деген хадис те бар

257

- Advertisement -

Психологиялық тұрғыдан адамдар арасындағы әлеуметтік дәрменсіздік пен негативті эмоциялардан арылудың жолын іздеудің нәтижесінде деструктивті діни ағымдардың жолына түсуге септігін тигізді. Бұл деструктивті діни ағымдардың діни канондарын саясиландырудағы сәтті кезеңі болып табылды. Бұлай деуімізге негіз де жоқ емес. Әр жағдайдың өз себептері болатыны анық. Кез келген діни ағымның пайда болуында саяси астары бар. Ислам дініндегі ағымдардың бәрі белгілі бір саяси оқиға негізінде пайда болған. Отандық дінтанушы Г.А. Базарбаева өзінің пікірін кеңінен білдіре келіп «Дәстүрлі емес діни ағымдардың көздеген мақсаты – халықты айтқанға көнетін ойсыз топқа айналдырып, оларды жанды қуыршақ сияқты басқару, санасына әмір жүргізу болып табылады. Кез келген адамды халықтың, не болмаса қандай да ұйымның құрамдас бөлігі ретінде қарастырсақ, тұлға ұйымның ортасына түскен кезде сол ұйымның ықпалына бейімделгіш келетіні белгілі. Тұлға ұйымның арасына қалған сәттен бастап бұрынғы табиғи қалпынан өзгеріп, мүлдем басқаша ойлай бастайды, сол ұйымға тән іс-әрекеттер жасайтын болады» деп ой қорытады. Мәселен, діни экстремистік топтардың іс-әрекеттері төмендегідей көрініс табады:
Біріншіден, исламға (басқа дінге) үйрету деп экстремисттік идеялар таратылады. Екіншіден, діни (исламдық) тәртіп үшін күресуге шақыратын топтар, партиялар ұйымдастырылады.
Үшіншіден, билік жағынан қарсы әрекет жасалғанда жасырын жағдайға көшеді және өздеріне халықтық мүдделер үшін күресушілер тобын құрайды.
Төртіншіден, басқа экстремисттік ұйымдармен тығыз байланыстар орнатылады және бірігеді, шетел орталықтарымен байланыста болып және олардың көмегімен билікке қарсы джихад (соғыс) жариялайды.
Оларға қатаң түрде тосқауыл қойылмаса елдің бірлігі мен бейбіт тіршілігіне нұқсан келетіні белгілі. Біздің қоғамда зайырлылық, демократиялық негіздерге қайшы келетін «Таблиғи жамағат» деген діни ұйым бар. Бұл қандай діни ұйым деген сауал бәрімізді мазалайды. Бірақ, ол ұйымның ислам дініне келушілерді адастыруда жасап жатқан зияны шаш етектен. Бұл ұйым Қазақстанда ресми тіркеуден өтпей, іс жүзінде белсенді түрде бейресми қызмет атқарып келді. 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң күшіне енгеннен бастап, олардың діни іс-әрекеттері тіпті заңсыз болып табылады. Прокуратура органдарының ұсынуымен 2013 жылдың 26-ақпанында Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотының шешімімен аталған діни ұйымның Қазақстан аумағындағы қызметіне де тыйым салынған. Сонымен қатар 2009 жылдың 7 мамырында Ресей Федерациясы Жоғарғы Сотының шешімімен «Таблиғи жамағат» ұйымы халықаралық діни экстремистік бірлестік деп танылып және халықаралық террористік ұйымдарға қолдау көрсетуге бағытталған деп көрсетілген. Ал Орталық Азия елдерінің барлығында белсенді миссионерлік қызмет атқарғанымен, ұзаққа созылмады. Өйткені Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан мемлекеттері де тыйым салған. Тек Қырғыз мемлекеті «Таблиғи жамағатына» толық шектеу қоймай, бақылап отыр. Қазір Үндістан да бұл ұйымның жұмысына тоқтату мәселесін талқылап жатыр.
Теологиялық жағынан аталған діни ұйым исламның сунниттік бағытын ұстанғанымен, бірқатар ғалым-сарапшылардың пікірінше оның идеологиясы исламның бірқатар қағидаларына қайшы және радикалдық көзқарастар өте басым. Өзбекстанның ғылым академиясына қарасты шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері, дінтану факультетінің профессоры Б. Бабажановтың айтуынша, «Таблиғи жамағаттың» алғашқы миссионерлері Орталық Азия елдеріне Совет Одағы ыдыраған соң, 1991 жылдары Пәкістан тарабынан келген. Олар ең әуелі Ферғана алқабына ықпал етуге тырысқан. Қазір бұл ұйым Ферғананың негізінен Қырғыз мемлекетіне қарайтын бөлігінде белсенді әрекет етіп жатыр. Бірақ «Таблиғи жамағаттың» Орталық Азиядағы мүшелері түгелдей жергілікті жұрттан құралған. Олар пәкістанша киінгенді ұнатады, сондықтан көзге бірден түседі. Елімізде тыйым салынған «Таблиғи жамағат» діни ұйымына тиесілі болған «Фазаил амали» (амалдың құндылықтары) кітабы экстремистік ретінде танылып және зайырлы билікке қарсы туралы нұсқаулықтар жазылған. Осылайша Орталық Азиядағы Таблиғи жамағаттың діни-саяси көзқарасын түсіндіруге болады. Ал Европа сарапшылары мен Француз арнайы қызметтерінің қызметкерлері де аталған ұйымға «фундаментализм залы» деген бағасын берген. ҚР АжҚДМ Дін істері комитеті тарапынан «Фазаил амали» (амалдың құндылықтары) кітабына талдау жұмыстарын жүргізіп, аталған діни қозғалыстың идеялық негіздері өз мүшелерінің ерік-жігерлерін басып тастауға әрі олардың кәсіби және интеллектуалдық іс-әрекеттерін шектеуге бағытталғанын анықтаған болатын.
Мамандардың зерттеуінше, «Таблиғи жамағат» атауы «дін тарату қоғамы» деген мағынаны білдіреді. Бұл ұйым 1920 жылы Үндістанда құрылған. Олардың мақсаты – «ислам дініне тың серпін беріп, оның ықпалын арттыру». Ұйым мүшелері негізінен миссионерлік бағытта жұмыс жасауға күш салады. Олар әу бастан саясатқа араласпай, бар күштерін мұсылмандардың діни сенімін күшейтуге арнайды.
«Таблиғи жамағат» – қатаң тәртіпке негізделген ұйым. Ұйым мүшелері басшыларына (өздері «әмір» деп атайды) қатаң бағынудың арқасында кәсіби уағызшы болып қалыптасады. Ұйымның белсенді мүшелері жыл сайын бір жылдың 40 күнін дінге арнауы тиіс. Олар айдың үш күнін, аптаның екі күнін және тәуліктің екі сағатын да дін ісіне арнауға міндетті. Азия елдерінде құрамында 10-12 адамы, басқа елдерде 3-5 адамы бар шағын топтар жасақтау арқылы «Таблиғи жамағат» өкілдері әлемнің барлық бөлігінде дін таратуға тырысады. Арнайы дайындалған уағызшылар насихат жұмыстарын екі тараптан жүргізеді. Олардың бір тобы мешіттерде уағыз жүргізсе, екінішісі ауыл-аймақты аралап, үйлерге кіріп уағыз айтады. Дағуатқа шыққанда көлік мінбейді, телефон қолданбайды, баратын жеріне тамақ, өзге де қажеттіліктерді өзімен алып жүрмейді. Бұл жағдайды өздерінің сенімдерімен байланыстарады. Отан, мемлекет, ұлт деген түсінік жоқ. өздерінің нақты ұстанымы жоқ болғандықтан, жат ағым бағытына өте береді де, өзгелердің қол шоқпары болып жүре береді. Оларды да бұлар өздерінің сенімдерімен байланыстарады. Қоғамның дамуына, білімге, ғылымға қарсы, кертартпа, тар түсінікпен өмір сүреді.
Мәулана Мухаммед тәблиғи жамағаттың негізін қалаудағы мақсаты жайлы өзінің «әл-Мәлфузат» атты еңбегінде: «Біздің мақсатымыз Мұхаммед Пайғамбардың өз сахабаларына үйреткендерін үйрету. Әрбір мемлекетті аралап, намазды түсіндірумен қатар насихат айтуымыз осы қозғалыстың бастауы болмақ», дейді. Дегенменде, «Таблиғи жамағаттың» ұстанымы адамдарға тек намаз үйретумен шектелмей, басқа да мақсаты болады: «Біздің жолымызды тек намаз оқытуды үйретеді деп ойлауы мүмкін. Аллаға ант етемін, біздің бағытымыз тек намаз үйрету ғана емес, жаңа бір қоғамды дайындау», деп айтып өтеді. Қазіргі таңда Қазақстанда сепаратизм, экстремизм және терроризм проблемалары жоқ емес. Олардың тарапынан туындаған қауіп ойдан шығарылған емес, нақты және шынайы өмірлік қауіп болуы мүмкін.
Біздің облыста өзге аймақтармен салыстырғанда діни ахуал тұрақты. Облыс мешіттерінде, әсіресе ауылдық мешіттерге де сауатты, арнайы діни білімі бар жас имамдар тағайындала бастады. Олар жұмысты жаңаша жүргізіп, теріс бағыттардан жамағатты сақтандыру жолында үлкен тер төгіп жатыр. Бұл өте қуантатын жағдай. Жалпы, ислам діні –өте нәзік нәрсе. Барша мұсылман баласына парыз болған исламның бес парызын орындауға шақыру – өте сауапты іс. Әсіресе бес уақыт намазды ықыласпен және сапалы оқудың сауабы да мол, өміріңе әкелетін жақсылығы да мол.
Қазір өкінішке қарай баласы мешітке қадам басса, ата-анасы алаңдайтын жағдайға жеттік. Неге? Жоғарыдағы біз айтып өткен «Таблиғи жамағаты» секілді теріс бағыттағы ұйымдардың тырнағына ілініп кете ме деп қорқады. Ата-аналарды бұл орайда құптауға да болады. Әрине, теріс бағыттағы ұйымдармен күрес әлі жалғасып, негізінен оң нәтижелерге келе жатыр. Бірақ, толық жойылып кеткен жоқ. Солай екен деп мешітке, сауапты істерге үрке қарауға болмайды. Сол секілді намаз оқып, ораза ұстаған кісіге де күдікпен қарап, бойыңды олардан аулақ салудың қажеті жоқ. Егер күдігің болса ата-анаңнан, көршілеріңнен әлгі адам жайлы сұрап, нақты ақпарат алудың еш артықтығы жоқ. Бастысы, намаз оқып жүрген кісілердің барлығы теріс бағытта емес екенін назардан шығармаған жөн. Тіпті Ислам дінінде намаз парыз екенін, оны оқу міндетті түрде бұйырылғанын есімізде сақтағанымыз артық болмайды.
Кейде көпшіліктің арасында «Студенттер мен оқушылар сабақ оқуы қажет пе, намаз оқуы қажет пе?» деген сұрақтар да туындап жатады. Негізі білім алудың қажеттілігі туралы да шариғатта өте көп айтылады. Мұхаммед Пайғамбардың «Қытайдан болса да, білім ал» деген хадисі де бар. Бірақ, тек білім алумен бір жақты шектеліп қалу да адам болып қалыптасу мен шариғаттың толық жолы болып табылмайды. Жасы үлкен кісілердің өмірден өткен соңғы тілейтіндері – Жәннат. Көп кісілер Жәннатқа жеңіл-желпі амалмен кіріп кеткілері келеді. Алайда оның жолы имандылық пен шынайы құлшылық екенін, адамшылықты ту етіп өмір сүру екенін ескере бермейді. Шариғатта «Намаз – жәннаттың кілті» деп те айтылады. Сондықтан сәждеге бас қоюға үрке қарауға болмайды. Намаз оқу – Исламдағы бес парыздың бірі, тіпті бастысы. Бүгінгі таңда көптеген ауылдарда Алланың разылығы үшін мешіт салып беріп жатқан сол ауылдан шыққан мықты кәсіпкерлер бар. Олардың сауап үшін жасаған ниет амалдары дұрыс. Мешіт салынғанға ауыл халқы да қуанып қалады. Бірақ, бір өкінішті жағдай бар. Мықты кәсіпкер демеуші болып, ауыл қолдап ашылған сол мешіттердің жамағаттары өте аз болып отыр. Әр ауылда кемі мыңнан астам тұрғын болады емес пе? Кейбір ауылдық мешітке жамағат саны өкінішке қарай 5-6 адамнан да аспайды. Ондай мешіттердің бар екенін жасыруға болмайды.
Сондықтан діни теріс ағамдармен күрес өте маңызды. Ондай бағыттағы күрес жұмыстары жалғаса да береді. Дегенмен Жаратушыға деген құлшылық орын, өзіңнің рухани тазаратын орталығың мешітке қадам басудан қашуға болмайтынын ескерген жөн. Алдағы уақытта ислам діні бағытындағы іс-шаралар жемісін беріп, құлшылығы шынайы, барша адамға қамқорлығы мол кісілердің көбейе беретініне сенімдімін.
Қазақта «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген мақал бар. Байқадыңыз ба, Құдайдан қорықпағаннан қорқуымыз керек екен. Ал әлгі теріс жолды насихаттап, өздерінің жалған пікірлерін ортаға сіңіріп, ел ішін ала тайдай бұзып жүргендер Құдайдан қорықпағандар деп білемін.
Лайым Құдайдан шынайы қорқатын, жақсы амалы көп, әр ісін шынайы жасайтын, сауабы мол істерге ұмтылатын, жетімді қолдап, мұқтаж жанға соңғы үзім нанын бөліп беретін шынайы иманды адамдардың қатарынан болуымызды Алла нәсіп етсін! Әмин!
Қазақтың болмысы мен жан-дүниесі жақсылық пен ізгілік жасауға жаралған. Ол да –біздің халқымыздың аяулы асыл қасиеті.

Бақтияр Алпысбаев,
дінтанушы-магистр.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support