Денсаулық

Аграрлы өңірдің асулары

Аграрлы өңірдің асулары

25Абдалы НҰРАЛИЕВ, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Облысымыз еліміздегі ірі аграрлы аймақтардың бірі болып саналады. Оның үстіне бізде егін шаруашылығын дамытуға қажетті су әлеуетіміз де жеткілікті. Бүгінгі күні облыс ауыл­шаруа­шылығының жалпы өнімінің үлесі республикада 1,7 пайызға жетті. Соңғы үш жылда егістік жер көлемі 53 188 мың гектарға ұлғайды. Облыстың егіншілік саласында ауылшаруашылық мәндегі жерлерде су және ылғал ресурс үнемдеу технологияларын енгізу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Нөлдік және минимальды технология 24,0 мың гектарға енгізіліп, ол 4,3 пайызға артса, су үнемдеу технологиялары 4,3 мың гектарға енгізіліп, 49,0 пайызға ұлғайып отыр.

27Облыста мал шаруашылығына да көңіл бөлініп келеді. Қазір мүйізді ірі қара малы – 334 мың, қой мен ешкі саны – 2 707 мың, жылқы – 101,4 мың, түйе саны 5 781 басқа жетті. Соңғы жылдары облыста негізгі ауылшаруашылығы өнімдерінің өндірісі артып келеді. Өңірде осы мерзімде 69,3 мың тонна ет өндіріліп, 6,1 пайызға жетсе, 223,2 мың тонна сүт өндіріліп, өнім көлемі 1,6 пайызға артты. 2011-2013 жылдары «Сыбаға» бағдарламасы аясында мүйізді ірі қара малының 12 692 аналық басы мен 568 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынып, үш жылға белгіленген жоспар 139,2 пайыз және 171,6 пайызға орындалды. Жалпы атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде аймақта асыл тұқымды малдың пададағы үлес салмағы жылдан-жылға артуда. Мысалы, асыл тұқымды МІҚ малының саны 35,9 мың басқа жетіп (оның ішінде 16,3 мыңы аналық бас) жалпы пададағы үлес салмағы – 12 пайыз (республика көрсеткіші 8,8 пайыз), қой – 22,4 пайыз (республика көрсеткіші 14,0 пайыз), жылқы – 23,1 пайыз (республика көрсеткіші 7,1 пайыз), түйе бойынша асыл тұқымды малдың үлесі 41,7 пайыз (республика көрсеткіші 12,5 пайыз) құрады. Жалпы 2012 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін облыста сыйымдылығы 7060 басқа арналған 18 бордақылау алаңы құрылып, жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, облыста ауыл­шаруашылық техникасын жаңарту жұмыстары да дұрыс жолға қойылуда. Соңғы үш жылда 3,8 миллиард теңгеге барлығы 645 дана техника алынды. Қазіргі таңда облыс көлемінде ауыл-шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін нақты 292 кәсіпорын, шағын зауыттар мен цехтар жұмыс істеуде. Мұнда 4 мыңға жуық адам жұмыс орындарымен қамтылған. Соңғы жылдары ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуші кәсіпорындары мен цехтардың тамақ өндірісі көлемі, сусындарды қоса алғанда 148,4 миллиард теңгені құрады. Маусымаралық кезеңдегі көкөніс өнімдерінің тапшылығын болдырмау мақсатында жыл сайын жылыжай кешендері бой көтеріп келеді. Облыста 2009 жылы 9,6 гектарды құрайтын 87 жылыжай шаруашылығы болса, бүгінгі күні 29,7 гектарды құрайтын 406 жылыжай бар. Бұл ішкі қажеттіліктің 42 пайызын құрайды. 2014 жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен Байзақ ауданында «Талап» шаруа қожалығы 2,5 гектарды құрайтын жылыжай кешені іске қосылды. Жалпы облыс жылыжайларынан 1000 тоннадан астам көкөніс өнімдері жиналады. Оған қоса бүгінгі күні облыста жалпы сыйымдылығы 95,7 мың тоннаны құрайтын 62 көкөніс-картоп қоймалары жұмыс істеуде. «Дипломмен ауылға» жобасы аясында соңғы үш жылда ауылдық елді мекендерге келген 430 маманның әрқайсысына 1 022,9 миллион теңге несие беріліп, тұрғын үймен қамтылды. Сондай-ақ, 886 маманға 142,8 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді. Агроөнеркәсіп кешені саласында соңғы төрт жылда жалпы сомасы 8,9 миллиард теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 1059 тұрақты жұмыс орындары ашылды. Соның ішінде, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ арқылы жалпы сомасы 5,4 миллиард теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Аграрлы өңірдің ауыл шаруашылық саласы облыстың 75 жылдығына осындай тартумен келіп отыр.