«Шапалақты ұрып қаспенен...»
«Шапалақты ұрып қаспенен...»
Тыңдаушының құлағын кесері бар. Ақылдының сөзіндей ойлы күйді, Тыңдағанда көңілдің өсері бар...», – деп һакім Абай жырлағандай, әуезді әуеннің ұрпақ тәрбиесінде ғана емес, тұтастай қоғам өмірінде алатын орны ерекше. Мұны ұлы ақын тағы да нықтап, «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген аталы сөз қалдырды. Расында да халқымыз тал – бесіктен жер – бесікке дейін рухты жырмен тербелген. Аналарымыздың салған «Әлдиінен» бастап әрбір салт-дәстүрде шырқалатын әндердің мазмұнына зер салсаң тұнып тұрған тағылым. Тарих пен табиғаттың үйлесімі де айқын аңғарылып тұрады. Ақан сері, Сегіз сері, Біржан салдардың әнін тыңдай отырып, осындай күйге бөленесің. Мектеп кезінде ата-анамызбен бірге үйдегі радиодан Шәмші Қалдаяқовтың, Әсет Бейсеуовтің, Әбілахат Еспаевтың әндерін естіп өстік. Кейіннен қазақ эстрадасында өзіндік өрнегі бар «Нұр-Мұқасан», «Музарт», «Жігіттер» топтарының әндерін қосыла шырқайтын болдық. Мені ән ғана емес оның сөзінің де мән-маңызы тәнті ететін. Буын, бунақ, ұйқас, барлығы бір-бірімен біте қайнасып, тыңдаушының құлақ құрышын қандырғандай. Орындаушылардың киім үлгісі мен сахналық мәдениеті де ерекше болатын. Ал қазір ше? Міне, осы тұрғыдағы өзекті мәселені өзімнің сүйікті басылымым – «Aq jol» газеті арқылы жеткізуді жөн санадым. Өйткені газет, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Оның үстіне биыл алғашқы нөмірінің жарық көргеніне 100 жыл толып отырған «Aq jol» газеті оқырмандарының мәдениет пен өнерге, жалпы ұрпақ тәрбиесіне қатысты түйткілге бейжай қарамайтындығына бек сенімдімін. Қазір қазақ эстрадасында айтуға ауыз бармайтын жағдайлар жиілеп кетті. Жаһандану жетегімен батысқа еліктеп-солықтап жүрген ессіз жастарды сахна төріне шығарып, тайраңдатып қойдық. Әлеуметтік желі арқылы танылған әлдебіреулер дүйім жұртты жинап, «концерт» қоятын болды. Жуырда Ақтөбе қаласында өткен сондай шараның бірінде «Нурик Смит» деген біреудің небір бейпіл сөздер айтқанын көз көріп, құлақ естіді. Өкініштісі, осындайларға әй дейтін әженің, қой дейтін қожаның табылмағаны қынжылтты. Тек еліміздің бірқатар аймағынан жастар тобы жиналып, бейнеүндеу жолдаумен шектелді. Ал сол концертті ұйымдастырушыларға неге шара қолданылмайды? Жергілікті жердің мәдениеті мен өнеріне, идеологиясына жауапты басшылар қайда? Мұндай өрескелдікке қалай жол берілді? Осы концертке барған жастармен де түсінік жұмыстарының жүргізілгеніне күмәнім бар. Ол-ол ма? Жақында Алматыда өткен концерттердің бірінде көк байрағымыз мазаққа айналды. Өз-өздеріне ат қойып, айдар тағып алған «жұлдыздар» туды мыжғылап, оны қайта-қайта қолынан түсіріп алып жатты. Кейіннен әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрап, өздерінің сахнаға ішімдік ішіп шыққанын ашық мойындады. Осындай ессіздердің әкімшілік айыппұлмен ғана шектелгені қисынсыз. Мемлекеттік рәміздерімізді таптап, ашық түрде көпшілікті қорлаған мұндай адамдарды сахнаға мүлде жолатпау керек деп ойлаймын. Кеңес Одағы кезінде көркемдік кеңестің болғанын, сахнада шырқалатын әндердің сүзгіден өткізілгенін жиі естиміз. Мұндай жұмыс тобының бүгін де қажет екені сөзсіз. Өйткені бүгінгі бүлдіршіндер мәтіні шатпақ, мағынасы батпақ бәдік әндермен мәңгүрттенуде. Осындайда «Шетел әндеріне шешініп, ессіз әуенге есіріп билейтін ұрпақтың ертеңі не болмақ?» деп алаңдайсың. Бұған әлеуметтік желінің де тигізіп отырған залалы көп. Себебі, компьютерлік бағдарламалар арқылы ән жазатын авторлар жеңіл-желпі дүниелерді дайындап, таратуға әуестеніп алғандай. Өкініштісі, ән деп айтуға келмейтін қойыртпақтарды мектеп жасындағы балаларға дейін жаттап алып, ыңылдап айтып жүр. Енді ел-жұрттың шырқап жүрген әндерінің мәтіндеріне зер салып көрейікші. Аргоня лақап атымен танылған Арғын Аусаровтың белгілі әнші Қайрат Нұртаспен бірге «Маскүнем» атты әнді орындағанда не жыларымызды, не күлерімізді білмедік. Әннің алғашқы жолы «Шапалақты ұрып қаспенен» деп басталғанынан-ақ шала-шарпы жазылған дүние екенін түсінесің. Шапалақты қалай қаспен ұруға болады? Бұл енді ұйқас үшін алынған тармақ сияқты көрінеді. Бірақ, ешқандай мән-мағынасы жоқ екені айтпаса да түсінікті. Келесі шумақ: Жаратқандай сені басқа әлем, Өзіңмен шынайы да рас күлем. Махаббатың улайтын арақ болса, Боламын сен үшін мен маскүнем, – деп тізбектеледі. Өмірінде «арақ», «маскүнем» деген сөздерді естімеген балалардың санасына мына әннің қалай әсер етіп жүргенін енді өзіңіз бағамдап көріңіз. Біз осындай әуендер арқылы жас жеткіншектердің таным-түсінігіне кері әсерімізді тигізіп жатқанымыз сөзсіз. Енді осы өнерпаз тағы бір белгілі әнші Бейбіт Қорғанмен бірге «Кірмей қалама деп қорқамын» деген ән орындап жүр. Атының өзінен екіұдай күйге түсесің. Ал сазгердің өзі бұл туралы «Бейбіт Қорғанмен шыққан әннің резонанс тудырып жатқаны – алдын ала көзделген мақсат. Негізі «Кірмей қалама деп қорқамын» дегенді жай әннің мәтінінен жұлып алып, сөзді естігенде адам екіойлы болып қалады. «Неге кірмейді, қайда кірмейді?» деген сияқты. Сөздің тура айтылып тұрғаны адамдардың жүйкесін жұқартады. Бірақ осылай көзделді. Бір сөзбен айтқанда менеджмент, маркетинг» деп сұхбат беріпті. Міне, көрдіңіз бе, елдің алдында жүрген «жұлдыздар» жұрттың жүйкесін жұқартқанды қалайтын сияқты. Сонда оларды өскелең ұрпақтың болашағы толғандырмайтын болғаны ма? Олай дейтінім, «TikТok» желісінде тренд ретінде дәл осы әнге түсірілген небір бейнежазбаларды байқадық. Он жерден анайы емес деп ақталғанымен бұл әнді жас буын басқаша қабылдайды. Саналы азамат ретінде соны неге ойламаймыз? Жастардың жүрегін жаулаған «Ирина Кайратовна» деген топ бар. Жуырда «Көк ту» деген әндері шыққанда патриоттық әуен екен деп қуандық. Бірақ қуанышымыз су сепкендей басылды. Әдеттегідей, ән бір тақырыпқа ғана құрылмаған, үш тілде қырық жамау ой айтады. Әсіресе, «Қу, қусаң, интеллигентно қу» деген сөйлемі кең таралып кетті, «Желбіретіп көк туды Boys in the hood. Кім қандай жүз? Кімде қандай ру? Бұл, біздің менталитет қой бұл! Қу, қусаң, интеллигентно қу! True бол! True сөйле! True, true, true...», – деген жолдарынан шетелге еліктеушіліктің бір көрінісін байқауға болады. Айтпақшы, жоғарыда туды қорлау оқиғасы дәл осы топтың концерті кезінде орын алған болатын. Өздері ту туралы ән шырқап жүріп, «интеллигентно» «қуып» кеткен жастарға жол көрсететін адамдардың табылмай тұрғандығы жанға батады. Қазір әлеуметтік желілерде хитке айналған тағы бір ән тарауда. «Тау адам» деп аталатын әуенді Қайрат Нұртас та іліп әкетіп, өзінше реңк беріп шырқап жүр. Атауына қарап тұғыры биік тұлғалар туралы екен деп ойлайсың. Ал мазмұнын тыңдасаң қарның ашады. Авторлар: «Там тау адам, тұр тау адам, Там тау адамның қасындағы нөкерлері қара құрттай. Там тау адам, там тау адам Там тау адамның қасындағы нөкерлері, қарап отпай» деген жолдармен не айтқысы келді екен? Екінші шумағы: «Айтады үйттім-бүйттім, үлкендер үйтті-бүйтті Бітпеген бітті-бітті, үлкендер бүйтті-бүйтті Талайы кетті кетті, біз үшін кетті кетті Сіз үшін кетті кетті, қалай сонда?» – деп өрнектеледі. Сөз жоқ, әні керемет. Ал енді осындай әуендерге дұрыс мәтін жазуға көңіл бөлінсе нұр үстіне нұр болмай ма? Алашұбар дүниемен алысқа бармайтындығымыз белгілі емес пе? Мүмкін, музыкадағы өзіндік стилімен, медиа үшін қолданатын пропагандалық ойларымен, мағынасыз сөздерімен ерекшеленетін «әншілер» туралы сөз қозғау деңгейсіздік болар. Алайда бұл – жастардың таңдауы. Біздің қоғамда естіліп жатқан ән... «Талғамға талас жоқ» десек те, ұрпақ болашағы, ұлт мүддесі үшін нақты шаралар қолданылуы керек деп есептейміз. Ол істі бүгін қолға алмасақ ертең кеш болуы әбден мүмкін. Сіз қалай ойлайсыз, зерделі оқырман?
Нұржан Әліш. Тараз қаласы.