Әдебиет

Шын ақынның рухы өлмейді

Шын ақынның рухы өлмейді

 «Ерте ағып өткен ЖЫР-жасын...» Бекен Жаңабайұлы 1974 жылы Талас ауданы, Ойық ауылында туған. Ақын, айтыскер, әнші еді. Әуелі Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында екі жылдай білім алып, кейіннен «Қайнар» университетін филология мамандығы бойынша бітірді. 1995-2008 жылдары әуелі Ойық ауылындағы Б.Әлменұлы атындағы орта мектепте, содан кейін Қаратау қаласындағы «Үміт» мектеп-интернатында мұғалім қызметін атқарды. «Ақын жүрегі» жыр жинағының авторы. Облыстық, аудандық ақындар айтысының жеңімпаз-жүлдегері. Төрт қыз тәрбиелеп өсірген. Бұл күнде інісі Есет облыстық «Ақ жол» газетінде, қызы Ақтоты Жаңабай облыстық «АR-AI» жастар газетінде еңбек етеді. Бекен ақынның жолын қуып Ақтоты, Дана, Іңкәр атты қыздары өлең жазса, Диана қызы әнші. Жұбайы Бағдат Қаратаудағы «Үміт» мектебінде тәрбиеші болып еңбек етеді. Жақында Бекен ақынның бақилық болғанына 10 жыл толды. Біз Бекен Жаңабайұлына арналып оқылған құран қабыл болсын дей отырып, оған қатысты бірқатар материалдарды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Сонау бір жылдары филология мамандығына тегін жастар келмейтін. Әдебиетке құмар, ақындығы бар жастар келетін. Ол кездегі қабылдау емтиханы да бүгінгідей емес. 3-4 сағат шығарма жазасың. Шығарма жазу бір құдірет қой: барлық деңгейің анықталады. Әдебиетті қаншалықты білесің, шығармаға қалай талдау жасайсың, емлелік, тыныс белгілік, стильдік сауаттылығың қандай – бәрі айнадағыдай көрініп тұрады. Шығарманы өлеңмен жазатын талапкерлер де кездесетін. Конкурс күшті. Ал солардан сүрінбей өту – маңдайыңа жазылған бір бақыт сияқты. Сол бақытты 90-жылдардың басында Бекен Досалиев те басынан өткізген. Жамбыл педагогикалық институтында филология – қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы енді ғана ашылған. Талапкерлер өте көп. Сол талапкерлердің арасынан суырылып шығып студент қатарына іліккен еді ол. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Рақым Айтбайұлы кафедра меңгерушісі, Қапаш ағай Тасболатов кафедраның профессоры, көне түркі жазуының маманы Мақтагүл Айтжановна – талабы күшті, білімдар, мықты мамандар болатын. Солардан кейінгі біздердің де бойымызда тау жығатындай екпін бар болатын. Тақырып бекітіп, ғылымға ұмтылып жатқан кезіміз. Өйтпесіңе болмайды, Рақым Айтбайұлының қадағалауы күшті, әрбір кафедра мәжілісінде айтып отырады. Бекендер оқуға түскен жылы сол топтың тәлімгері болдым. Ол кезде сабақ бірден басталмайтын. «Сельхоз» дегені бар. Жаңадан түскен 1-курс студенттері «Жасөркен» совхозына алма, жүзім теруге барды. Бұл жөнінде Бекен күнделігінде жазыпты. Студенттік жылдардың өз қызығы болады. Таусылмайтын сезім-сырлары қаншама! Көп студенттердің арасында Бекен жеке-дара көзге түсе қойған жоқ. Ұзын бойлы, жіңішке, қараторы өңді бозбала болатын. Екі жылдай оқып, оқудан қол үзіп қалды. Әрине, талабының кемдігінен, білімсіздігінен емес. Денсаулық жағдайына байланысты болды ғой деймін. Арада біраз жыл өте кейін келіп хабарласты. Тараздағы «Қайнар» университеті филиалының филология – қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының сырттай бөліміне оқуға түсті. Осы бір жылдары кездесуіміз тағы бұйырып, араласып тұрдық. Бекен жалпы мәдениетті болатын. «Өзінде бармен көзге ұрып...» мақтанып, асыра сөйлемейтін. Ұстаз бен шәкірт, аға мен іні арасындағы байыпты әдептілікті сақтады. Мен де соншалықты қазбаланып ештеңені сұрай қоймайтынмын. Сөйтсем, сол бір жылдары оның ішкі жан дүниесінде небір астаң-кестең жайлар болып жатыр екен-ау. Ақындар айтысына қатысып жүргенін білетінмін. Ал іштей шын ақындыққа бекініп, өлеңдер жазып жүргенін, онысы ет пен терінің арасындағы шөп-шалам емес, сезім мен сырға толы, аға мен ініге, туыс пен бауырға, ел мен жерге алғаусыз көңілін біржола ашып, іштей сырласып-мұңдасып, толғанып-тебіреніп жыр жолдарын жазып жүргенін білмеппін. Бекеннің темір-сауыт мінезі оны білдірмепті. Ал бүгінде оның «Ақын жүрегі» кітабын оқи отырып, Бекен айтпаған, білдірмеген көп сырды аңғарғандаймын. Қарапайым жазылған өлеңдерінің соншалықты сыршылдығының түп мәні – мына жарық дүниеге, адамдарға деген іңкарлығынан, сүйіспеншілігінен екен. Біз пендеміз ғой. Мына қызылды-жасылды дүниеде, денсаулықтың барында көп нәрсенің парқын біле бермейміз. Ал бойыңа жабысқан бір дауасыз дерт сені іштей мазалап, беймаза күй кешіріп, білтесі өшіп бара жатқан майшамдай өлеусіреп, күні-айы, мекен-тұрағы белгісіз басқа дүниеге жетелеп бара жатса, қайтер едіңіз. Тағдырдың құрсауынан бұлқынсаң да, шыға алмайсың. Ақын жүрек мұндайда қаламына жүгінер. Пендеге айта алмаған сырын шама-шарқынша өлеңге артар. Бекеннің қарапайым, сыршыл өлеңдерінен осы бір ерекшелік аңғарылатын тәрізді. Ауылда, мектепте жұмыс істеп жүрген кез ғой деймін. Аудан орталығына бір жиынға бардық-ау шамасы. Мінбеде облыс орталығынан келген облыстық партия комитетінің хатшысы сөйлеп тұрды көсіліп. Шешен сөйлейді екен. Мықты шешен екен деп те жатты кейін жұрт. Оның не жөнінде сөйлегені есімде жоқ. Бірақ бір ауыз сөзі әлі күнге дейін жадымда қалыпты. «Адамның бір бақыты – дүниеден қашан өтетінін білмейді» дегені. Шындық қой. 85-тің үстіне шыққан қарт кісі: «Өлгім келмейді, тіршілікке не жетсін» дегені бар. Шын сөз ғой, көңілінің шындығы. Ал Бекеннің көңілінде толайым сыршылдықтың орнауы, өлеңге жалған сөзді араластырмауы басына тағдыр тұзағының тым ерте түсуінен болар-ау. Бекен поэзияда толық ашылды дей алмаймыз. Оның кей өлеңдерінен балаңдық та байқалар. Алайда өлеңдерінің басым бөлігінде шын толғану, сезім-сырларын шынайы жеткізуге ұмтылыс бар. Поэзияға деген адалдығы сезіліп тұрады. Шын ақын болудың оңай еместігін жақсы түсінеді. Сондықтан да өлең сөзді кие тұту, қастерлеу байқалады. Бекеннің «Көктөбе, Көкарық» өлеңі ұнады. Өлең жолдары шынайылығымен, мазмұн байлығымен баурап алды. Балалық шақтың, ауылдың, ауыл адамдарының жанды суреті өрнектеліпті. Көз алдыңа келеді. Ақын тұрлауы, тоқтауы жоқ уақытты бір сәт тоқтатып, байлап қойғандай. Қарапайым-ақ өлең дерсің. Алайда сырлы сурет қой бұл өлең. Ауылға, ауылдың қарапайым адамдарына, зырылдап өте шыққан балалық шаққа деген шексіз сүйіспеншілік пен құрмет еседі бұл өлеңнен. Ақын арсың-гүрсің, әсіре қызыл боямаға бармайды. Шын көңілдің шынайы сырын сәл ұяңдау қалыппен жеткізуге тырысады. Өлең жолдарынан Бекеннің туған ауылын, адамдарын қаншалықты жақсы көргенін, сағынғанын байқайсың. Ал мұндай риясыз көңілмен жақсы көру мен сағынудың ар жағында таза көңіл ақынның өзі тұр. Ақындық деген әдемі сөздерді ұйқастыру, ұйқас қуу емес, ақындық деген алдымен сезім, жүректің әлдебір әсерден бұлқынып тулап өтуі, ақыр соңында оңаша ой кешіп, соның суретке айналып, ақ қағаз бетіне өрнектеліп түсуі болар. Мұндай сәтте ақынның образды ойлауы, қиял қанатының кеңдігі, сол қиялымен неғұрлым биікке көтеріліп, өзіндік өрнек пен бояу таба алуы шығар, бәлкім. Өлеңде қарапайым, кіші тақырып, ескірген тақырып деген болмайды. Сол қарапайым, көне тақырыптың өзін ақын жаңаша ойлап, жаңа биікке көтереді. Бекеннің «Қарындасым – аққуым!» өлеңі осындай әсер қалдырады. Қарындасына қай ақын өлең жазбай жатыр. Ал Бекеннің толғануы өзгеше. Жүзіп жүрсің аққудай көрік беріп, Біздің үйдің мөп-мөлдір айдынына, – деп ойын бір түйіп алады да: Кетесің-ау бір күні қанат қағып, Көк аспанды көгілдір көкке теңеп, – деп анау-мынау ақынның қаламына іліге бермейтін жаңа өріске бет алады. Бекеннің көп өлеңдері әсерлі оқылады. Ойға жетелейді. Өмір туралы сыр түйесің. Әттеген-ай дейсің, тағдыр деген қатал үкімге көніп. Әлі де айта түсетін сырлары көп еді ғой. Біраз өлеңдерінің тұсына қаламмен белгі соғып оқыппын. Сүрініп кетіп, бір тұрып, қайта жығылып, Жете алмай келем әлі де. *** Толқын да толқын өмірім, Өзен боп ағып барады. *** Орталық алаң. Мен тұрмын, Ертегі-түнге ынтығып. *** Аппақ мамық көбік қар жөргегіндей, Жүрегімнен туғалы тұрған жырдың. *** Аралап ойдың орманын, Болсам-ақ деймін жақсы ақын. *** Дүние анық білдім бекеріңді, Сан соқтырып сергелдең етеріңді. Дидарыңды танытып үлгерместен, Жалт етіп бір күн бастан өтеріңді. Бұл өлең жолдарының қай-қайсысы да тек ақынның қаламынан ғана туады. Жай өлеңші он жерден күшенсе де, мұндай өлең жолдарын жаза алмас еді. Ендеше, Бекен – шын ақындыққа бет алған, поэзияның ауыр жүгі мен аманатын түйсінген қаламының қуаты бар азамат еді. Аз өмірде, аз күндерде жолықтырып, сыйластырған Аллаға шүкіршілік дейміз.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ, филология ғылымдарының докторы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры.