Денсаулық

Айналдым айдай, арман қаламнан!

Айналдым айдай, арман қаламнан!

Қатпарлы бұлттар баспаған көгін, Тамырда тулап таспаған кегім. Қараханидтерден қалған кешегі, Таразым менің Астанам едің! Дәуірде сонау іргең қаланған, Тарихтан терең ғибрат алам. Ғұнға да, саққа пана боп келген, Айналдым айдай, арман қаламнан. Жерсініп жерін жортпаған бөтен, Көргені шайқас, төрттаған екен. Асынып садақ, аттанып жауға, Абылайхан тоқтаған мекен. Атты да күліп тәуір таңдарым, Қалдырдық ғасыр ауыр заңдарын. Именбей Алаш айтады енді, Жабаев пенен Бауыржандарын! Тауқыметін тағдыр таңған налама, Адамнан асып арман қала ма? Қарақан басымды қамдап та келем, Қараханидтерден қалған қалада! Төнсе енді жұрттың төбесінен мұң, Көрер ем кегін көп есіргеннің. Қараханидтердің қалдырып кеткен, Садағы – қазақ, жебесі – менмін! Қатпарлы бұлттар баспаған көгін, Тамырда тулап таспаған кегім. Қараханидтерден қалған кешегі, Таразым көне Астанам едің! Дәуірде сонау іргең қаланған, Тарихтан терең ғибрат алам. Ғұнға да, саққа пана боп келген, Айналдым айдай, арман қаламнан!

Табиғат Абаилдаев.