- Advertisement -

Жаңа бағдарлама – жастарға мол мүмкіндік

33

- Advertisement -

Қоғамдағы басты мәселелердің бірі – жас отбасылардың пәтермен қамтылуы. Бұл түйткілдің шешімін табуды облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы ойластырып, бірқатар нәтижелерге жетуді көздеп отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев пен «Отбасы банк» Жамбыл облыстық филиалының директоры Гүлзат Бекназарова БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Баспасөз мәслихатында облыс жастарына арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасының іске асырылуы туралы мәселелер сөз болды.

Әуелі облыс әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы сөз алып, аталған бағдарламаның аясындағы мүмкіндіктерді кеңінен түсіндіріп өтті. «Жаңа бағдарламаны облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» ( «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) бірлесіп жүзеге асырады. Баспаналы болу үшін жеңілдетілген шарттармен заем алуға 35 жасқа дейінгі жастар санатындағы мұғалім, дәрігер, мейірбике, спорт және мәдениет саласының маманы, журналистер мен университет оқытушылары, ғылыми қызметкерлерге мүмкіндік бар. Бағдарламаға қатысушылардың жұмыс өтілі 12 айдан кем болмауы қажет. Табысы да ескерілетін болады. Бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс. Біздің облыс Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларының тәжірибесіне сүйеніп отыр. Өз кезегінде облыс әкімдігі жаңа жобаға 500 миллион теңге бөлді. Ал «Отбасы банк» жеңілдетілген шарттармен несие беруге көмектеспек. Облысымызда 35 жасқа дейінгі 7140 тұрғын баспана кезегінде тұр. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша 318 жас азамат жеке пәтер алуға мүмкіндік алды. Биыл «Әулиеата жастары» бағдарламасы қолжетімді шарттармен тұрғын үй алудың тағы бір қосымша мүмкіндіктерін ашып отыр», деді облыс әкімінің орынбасары. Дегенмен бұл бағдарлама бойынша әзірге техникалық қызметкерлер баспаналы бола алмайды екен. Мұнан соң «Отбасы банк» Жамбыл облыстық филиалының директоры Гүлзат Бекназарова сөйлеп, банк тарапынан жасалатын жұмыстарды түсіндіріп өтті. «Тұрғын үй сатып алуға «Отбасы банкі» 13 миллион теңгеге дейін заем береді. Егер мүліктің құны одан асатын болса, сатып алушы айырмашылықты өз қаражатынан төлей алады. Бастапқы жарна – 5, сыйақы мөлшері – 5 пайыз. Несиені 19 жылға дейін төлеуге мүмкіндік бар», деді. Жиында биыл аталған бағдарламамен 50 жас отбасы баспаналы болатыны айтылды. Алайда облыс әкімінің орынбасары Е.Үйсімбаев: «Бұл қанатқақты жоба. Егер жас бағдарлама сәтті басталса, келер жылы облыс әкімдігі осы бағытта 1 миллиард қаржы бөлуді көздеп отыр. Осынша көлемдегі қаржыны «Отбасы банктің» бөлуіне де мүмкіндік бар. Бұл келер жылы 200 жас отбасын қамтуға мүмкіндік бар деген сөз. Оның ішіне жастар саясатында жүрген мамандар да қатыса алады»,деді.
Сондай-ақ брифинг қонақтары БАҚ өкілдері қойған сұрақтарға тиянақты жауап берді.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support