- Advertisement -

Күрделі мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі

46

- Advertisement -

Облыс əкімі Нұржан Нұржігітов жұмыс сапарымен Қордай ауданында болып, өндіріс ошақтарын, егіс алқаптарын аралап, қожалықтардың жұмысымен танысты.

Өңірде «Самғау» шаруа қожалығы алғашқылардың бірі болып егінге орақ салыпты. Қожалық жетекшісі Евгений Трубниковтың айтуынша, шаруашылық биыл жүгеріні 350, бидайды 100, арпаны 28 гектарға орналастырған. Бидайға орақ салған қожалық оның əрбір гектарына 30 центнерден өнім жинауды жоспарлап отыр. Алқаптарын тамшылатып ылғалдандырып отырған қожалық судан тапшылық көріп келе жатқанын жеткізді. Су тапшылығы шешілсе, суармалы егістік алқабын көбейтпек ниетте екенін айтты.

– Су мəселесі жылдан жылға қиындап барады. Көрші елден қажетті су «Киров» су қоймасынан босатылғанымен, ол бəріне жетпейді. Сол үшін ұңғыма қазып егіс алқаптарын тамшылатып, жаңбырлатып суаруға алмастыру қажет. Сол кезде ғана ағын суға деген тəуелділіктен арылып, жерді тиімді игеруге болады. Көп шаруа қожалықтары қазір ұңғыма қазып алып су мəселесін өз беттерінше шешуде, – деді облыс əкімі.
Шаруа қожалық сұранысын ескере отырып каналдарды жөндеу, бетондау жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатынын айтты.

Аймақ басшысы Қордай ауылындағы «Батыс» тұрғын алқабында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен де танысты. Бүгінде мұнда 60 пəтерден тұратын 6 көпқабатты үй салынған. Оның үшеуінің құрылысы аяқталса, қалғанында құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бір үй жаңадан салынуда. Аудан əкімі Мəден Мұсаев алдағы уақытта мұнда 18 көпқабатты үй салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Алдағы жылы тағы 5 көпқабатты үйдің құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттарын дайындау үстінде екен.

Аймақ басшысы бірнеше ай бұрын пайдалануға берілген үйдің құрылысын сынға алды. «Берілгеніне бір жыл да болған жоқ. Сылақтары түсіп, сапасыз тұрғызылғаны көзге бірден көрініп тұр. Мұндай үйді мынадай жағдайда кім алады? Мақсат қаржы игеру емес, халыққа арнап тұрғызылған үй сапалы болуы керек. Мынау үйдің жағдайы неге бұлай болды?», – деп сұрады.

Мердігер бұл тұрғын үйдің қыс мезгілінде салынғанын айтып, облыс əкімінің қойған бірде-бір сұрағына жауап бере алмады.
Бұдан кейін облыс əкімі «EKO CHIKEN» кооперативінің модульді құс фермасының жұмысымен танысты. Шаруашылық 2,5 гектар аумақты алып жатқан аумаққа бес құс фермасын орналастырған. Əрбір құс фермасында 1,5 мың балапан бар. Мердігер жүз тонна ет өндіріп, нарыққа шығаруда. Негізінен өнім Алматы қаласы мен Қордай ауданындағы сауда орталықтарында өткерілуде. Енді кəсіпкер тауықтың қауырсынын іске асыруды да жоспарлауда. Ферма басшысы қалған бос жерге жылыжай жəне 800 басқа арналған мал бордақылау алаңын салу, сонымен бірге балық шаруашылығын қатар алып жүру жоспарының бар екенін айтты.

Облыс əкімі «Қордай сүт өнімдері» ЖШС-ында болып, зауыт жұмысымен танысты. Зауыт директоры Ислам Давуздың айтуынша, зауыттың жылдық қуаттылығы 800 тонна екен. Онда 40 адам жұмыс істейді. Өткен жылы зауыт 1215 тонна сүт өнімдерін өндірген.
Келесі кезекте аймақ басшысы «Нуну» шаруа қожалығының жұмысын көрді. Қожалық жетекшісі Санщи Нунудың айтуынша, шаруашылық 27 гектар алқапты игеруде. Қазір сəбіз қазып жатыр. Оның килограмын 100 теңгеден алқап басынан өткеруде.

– Бұл жер бұрын бос жатқан жер еді. Ұңғыма қазып, су шығарғаннан кейін құнарлы жерге айналды. Осы жерден екі өнім аламын. Жақында пияздан бір өнім жинап 150 теңгеден өткізсем, енді сəбіз қазып жатырмын. Шалқанның орнына қызанақ көшеттерін отырғыздым. Сəбізден 35-40 тонна өнім жинаймын деп жоспарлап отырмын, – дейді ол.
Отбасы кəсібін жерден тауып отырған шаруа балаларын да осы кəсіпке кішкентайынан баулитынын айтып, «бұл біздің кəсіп, еңбексіз ештеңе болмайды», дейді.

– Ауыл шаруашылығы өніміне деген қазір сұраныс жоғары. Сіздер сияқты еңбек адамының өнімі жерде қалмайды. Халықты азық-түлікпен қамтитын өздеріңіздей шаруаның көп болғаны жақсы. Аз жерден мол өнім жинау үлкен жетістік, – деді аймақ басшысы шаруаның жұмысына ырзашылығын білдіріп. Келесі кезекте Нұржан Нұржігітов Ауқатты ауылдық округіне қарасты Бəйтерек ауылындағы N45 негізгі, Ауқатты елді мекеніндегі N9 орта мектепте болды. Бəйтеректегі негізгі мектеп ғимаратымен таныса келіп, оны алдағы жылы жаңадан салатынын айтты. Бұл хабар мектеп мұғалімдерін қуантып тастады. Ал Ауқатты ауылында облыс əкімін мектеп ұжымы мен ауыл тұрғындары құшақ жая қарсы алды. Осында білім алған Нұржан Нұржігітов сынып бөлмелерін аралап, сыныптастарымен кездесіп, мектептің материалдық жағдайымен танысты. LED экран арқылы шетелде тұратын ұстазы Галина Кривошееваның жылы лебізін тыңдап, сыныптастар суретін тамашалады. Аулада ауыл қарияларымен кездесіп, балалық шақтағы қызықты естелігімен бөлісті.

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданының тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының басшылық өкілдері де қатысты. Аймақ басшысы әуелі Масаншы ауылдық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесуде тұрғындар музей салу, интернет, ауыз суға қатысты мәселелер көтерді.
Облыс әкімі ауылда соңғы жылдары айтарлықтай оң өзгерістер орын алып, көптеген жұмыстар атқарылғанын айтып, басқа да мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Дәл осындай кездесу Қордай ауылында да өтті.

– Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес өздеріңізбен кездесіп отырмыз. Бұған дейін облыстағы түрлі деңгейдегі әкімдер тұрғындармен 375 кездесу өткізді. Жергілікті халықпен кездесіп, ой-ұсыныстары мен мәселелерін тыңдау, оларды заң аясында шешу үшін шаралар қабылдау бойынша жұмыстар жалғасатын болады. Біз сіздерді тыңдауға қашанда дайынбыз, – деді Нұржан Нұржігітов өз сөзінде.
Өз кезегінде тұрғындар көкейдегі өзекті сауалдарын қойып, жауап алды.
Аймақ басшысы кездесулерде көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынатынын атап өтті.
Басқосудан соң облыс әкімі ауылдықтарды да жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support