Денсаулық

Қадірлі өнердің қаймағын қалқыған өңірміз

Қадірлі өнердің қаймағын қалқыған өңірміз

4Сәуле Жанпейісова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері.

Халық болмысының шежірелі сазы саналатын ән өнері тұтас елдің сергек үнін сездіретіндей құдіретті. Тарихтың рухани ақтаңдақтарын алдыңа жайып салардай қастерлі. 75 жылдық тарихы бар облысымыз осынау қадірлі өнердің қаймағын қалқыған өнерге бай өңір.Өзім басшылық жасап отырған филармония ұжымы да Жамбыл жұртшылығына өз өнерін ұсынудан қашан да талмай келеді. Шежіресі шертпе күйдей шертулі талайлы Тараз тарихынан сыр шертілген талай ғажап кештердің өтуіне мұрындық болып келеміз. Аймағымыздың ғана емес, күллі қазақ даласының сарынын жеткізіп, ұлт мәдениетінің қайнарын дариядай толқытқан күйшілерге, олардың күйлерін би арқылы қазақ даласына қалықтата қондыратын бишілерге, күміс көмей әншілерге баймыз. Дәстүрлі өнердің биігінде жүрген талантты өнерпаздар тыңдағанның құлақ құрышын қашан да қандырып келеді.«Біздерде мынандай бар, мынандай бар» деп айта алатындай жағдайымыз бар. Сондықтан, осы мерейлі мерекеміз қарсаңында облысымыздың өнерпаздары аянбай өнер көрсетуге дайындалып жатырмыз. Той құтты болсын! Тарихы тамырға терең бойлап, халықтың қатпарлы өмір жолындағы сындарлы сәттеріне көңіл аудартатын құдіретті өнер иелері біздің өңір өнерін осылай жалғастыра берсін!