- Advertisement -

Құрман қария құрметке лайық

29

- Advertisement -

Жамбыл ауданының халқы Құрман Мүсірепбаевтың есімін жақсы біледі. Қашанда майдангердің еңбек жолына құрметпен қарап, рухына бас иеді. Себебі, майдангердің өмір жолы құрметтеуге татиды. Қысқаша өмірбаяны былай өрбиді. Ол 1922 жылы 11 қыркүйекте Жамбыл ауданы Бектөбе ауылында Қаспан деген жерде дүниеге келген. Аталған ауылындағы 7 жылдық мектепті 1936 жылы мамыр айында, Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) Карл-Маркс атындағы орта мектебін 1939 жылы мамыр айында бітіреді.1939 жылы білімін әрі қарай жетілдіру үшін еліміздің сол кездегі астанасы Алматы қаласындағы малдәрігерлік техникумына мемлекеттік емтиханды үздік тапсырып, оқуға қабылданады. Малдәрігерлік техникумды 1940 жылы желтоқсан айында үздік бітіріп, зоотехник мамандығын алып шығады. Еңбек жолын 1941 жылы Жамбыл ауданы, Майтөбе кеңшарында мал дәрігері- зоотехник болып бастайды.

1941 жылғы мамыр айынан бастап Жамбыл облыстық комсомол комитетіне нұсқаушы болып қызметке ауыстырылады. Арада бір ай ғана уақыт өткенде Ұлы Отан соғысы басталып, жалпақ жұртты қамтыған қасіреттің оты бұрқ етіп тұтанады. Құрман комсомол 1941 жылы желтоқсан айында, 19 жасында өзі сұранып әскер қатарына алынады. 1942 жылы ақпан айында КСРО-ның астанасы Мәскеу қаласын неміс фашистерінен азат ету үшін Ұлы Отан соғысының өте қиын кезінде соғысқа қатысады. Мәскеуді жаудан азат етіп, әрі қарай соғыста жүреді.

Ұлы Отан соғысы кезінде өте қиын жағдайлар көп болған. Ол 1945 жылы мамыр айында фашистердің астанасы Берлин қаласын басып алуға қатысып, қырғын соғыста бірқатар кеңестік әскерлермен бірге қаланы басып алады. 1941 жылы желтоқсан айынан майдан шебінде ел қорғап, 1945 жылы мамыр айының 9 күні Ұлы Отан соғысының аяқталып, Кеңес Одағының жеңіс тойын тойлауына куә болады. Ерен ерлігі үшін Ұлы Отан соғысының бірінші және екінші орденімен марапатталды, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және көптеген мемлекеттік медальдармен, төсбелгілермен наградталған. Дегенмен майдангер Ұлы Отан соғысында 7 рет жараланып, қаншама қиын күндерді басынан өткізеді. Ол Ұлы Отан соғысында барлаушылар полкінде барлаушы болған. Барлау тобын басқарып талай рет жау алдынан өтіп, ақпарат алу үшін жауларды қолға түсірген. Құрман қария орыс тілі мен неміс тілінде жақсы сөйлеп, мектебін де жақсы оқыған. Соңдықтан зор сенімге ие болып, полктегі барлаушылар бөлімін соғыс біткенше басқарған.

Сұрапыл соғыс 1945 жылы аяқталғанмен, Құрман елге қайтарылмай, қайтадан Жапон елімен соғысуға жіберіледі. Қ.Мүсірепбаев Қиыр Шығыс соғысында да талай ерлік жасап, 1946 жылы желтоқсан айында елге оралады. Ұлы Мәдімардың айтуынша, майдандас достары бейбіт күнде Құрманның шаңырағына көп жиналып, Жеңіс күнін бірге атап өтуді дәстүрге айналдырған. Сондай жүздесулерде соғыста болған қиын жағдайларды айтып, ерлікпен қаза тапқан жолдастарды еске алып, оларға тағзым етеді екен. Баласы Мәдімар: «Әкемнің қасында мен де отырып, олардың айтқандарын мұқият тыңдайтынмын. Аман-есен елге оралған әкем бейбіт өмірде еңбек майданына құлшына кірісіп кетті. 1947 жылдың қаңтар айынан әкемді Жамбыл ауданы ВЛКСМ комитеті Жамбыл ауданы ВЛКСМ нұсқаушысы етіп қызметке жібереді. Әкем соғысқа бармай тұрып осы қызметте істеген болатын. Ал 1947 жылы қырқүйек айында Жамбыл қаласындағы Жамбыл мемлекеттік хром зауытында мемлекеттік өкіл – бақылаушы болып еңбек етеді. Бұл мемлекеттік хром зауытында әкем 1956 жылға дейін тер төгіп, құрметке бөленді. Облыстық партия комитеті әкемді 1956 жылдың маусым айында Жамбыл ауданы, Аманкелді ұжымшарына зоотехник-агроном қызметіне жібереді. Ауыл шаруашылығын көтеру үшін әкеме зор сенім артады. Ол кісі ауыл шаруашылығының өркендеуіне өз үлесін қосып, тәжірибелі зоотехник ретінде аянбай еңбек етті.1958 жылы Аманкелді колхозында 500 бас сиырға арналған жаңа сүт фермасының салынуына ықпал етіп, ізгі іске өз үлесін қосады. 1960 жылы мамыр айында Жамбыл ауданының шешімімен білімді маман әрі орыс тілін жақсы білгендігі ескеріліп, Украинаға жіберіледі. Ол жақтан қызылша өсіретін мамандар ұйымдастырып, үш айда Аманкелді ұжымшарына 30 отбасын көшіріп алып келеді. Сол Украинадан келген адамдар колхозшыларды қызылшадан жақсы өнім алуға баулып, тәсілдерін үйретті. Аманкелді ұжымшары украиндықтардың арқасында қызылша өсіруден алдыңғылардың қатарында болды. Сырттан келген мамандар колхозшыларға құрылыс жүмыстарының сапалы жүргізілуін де үйретеді. Олар колхозшылармен бірге 40 шақты шағын, әдемі үй салады. Украиндықтар колхозшылардың құрметіне бөленді. Әкем осы мамандармен ақылдаса отырып,колхоздың ауыл шаруашылығын көтеруге сүбелі үлесін қосты. Ұжымшар байлығын, экономикасын көтеру жолында аянып қалған жоқ. 1958 жылы сәуір айында Жамбыл аудандық партия комитеті әкемді білімді маман ретінде Амангелді ұжымшарының партия комитетінің хатшысы қызметіне тағайындайды. Бұл қызметті 4 жыл бойы атқарып, бұл жұмыстан кейін әкем мал фермасының меңгеруші қызметіне ауысып, талай жыл басшы болды. Украиндықтар ұжымшарда көп жыл сапалы еңбек етіп, елдеріне қайтарылады. Олар кетерде әкеме алғыстарын айтып, қимай қоштасыпты», – дейді.

1984 жылы Аманкелді ұжымшарында жаңа мәдениет үйі салынып, іске қосылды. Осы мәдениет үйінің алдында Ұлы Отан соғысына қатысқан амангелділіктер ескерткіші орнатылады. Аталған ескерткіштерді салуға майдангер Құрман Мүсірепбаев көп үлес қосқан. Құрман қария өмір бойы Жамбыл ауданы Амангелді ұжымшарында еңбек етті. Жалпы еңбек өтілі – 49 жыл. Зейнетке 1988 жылы шыққан ақсақал он баланы тәрбиелеп өсірсе, бәрі де үйлі-баранды болды. Бұл күнде ұлы – ұяда, қызы – қияда.
Мәдімар өз сөзінде: «Әкемнің алапат ерлігі, бейбіт күндегі шексіз мол еңбегі жас ұрпаққа үлгі болса екен деймін. Көзі тірі болғанда биыл 11 қыркүйекте әкем 100 жасқа толар еді. Осы орайда тиісті тараптардан Ұлы Отан соғысының ардагері, бейбіт еңбектің батыры әкем Құрман Мүсірепбаевтың есімін Қаратөбе ауылдық округі, Бектөбе ауылының бір жаңа көшесіне беруін сұранамын. Бұл ұсыныс жоғарыдан қолдау табады деген сенімім зор», – дейді.
Біз де осынша еңбегі бар, майданда қару асынып ел қорғаған, бейбіт күнде аталған ауданның экономикасының көтерілуіне өлшеусіз үлес қосқан майдангер Құрман Мүсірепбаев барлық құрметке лайық деп есептейміз.

Есет ДОСАЛЫ
Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support