- Advertisement -

Қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құпия көп

89

- Advertisement -

Кеңес Одағы жылдары Кеңес азаматтарының көпшілігі сталиндік саяси қуғын-сүргін туралы ештеңе білмеді. Ал білгендерінің өзінде ақпарат өте аз болатын. Олардың білгенінің өзі «солай болған екен» дегенмен ғана шектелетін. Бұл түсінікті де еді, өйткені қатал уақыт ешкімді де аямайтын, ал аман қалу үшін жақ ашпау керек болды.

Көбісі репрессия азабын өздерімен бірге ала кетті. 1985 жылдың сәуірінен басталған «қайта құру» заңсыз қуғын-сүргін құрбандары құпияларының пердесін ашып, тарихтың «ақтаңдақтары» шыға бастады. Заңсыздықтар туралы естеліктер репрессия құрбандарының тағдырына ешкімді бейжай қалдыра алмады. Сталиндік жазалау машинасы миллиондаған адамның тағдырына балта шауып, жүздеген мың отбасының шаңырағын шайқалтып, ондаған халықты жойды. Диктатураға бағынбағандар атылып, «халық жауы» ретінде жаппай қуғын-сүргінге ұшырап, елдің алыс бұрыштарына жер аударылды. Тіпті ата-аналары, бауырлары, әпке-қарындастары, әйелдері, ұлдары, қыздары және басқа да отбасы мүшелері темір торға тоғытылды. Сондықтан замандастар өткен тоталитарлық дәуірдің жалған саясаты туралы тарихи шындықты білуі керек. Болашақта мұндай қайғылы жағдайды болдырмас үшін тарихтан сабақ алуы тиіс.

Міне, осындай ақтаңдақтарды ақтап, анықтап, зерделеу үшін Жамбыл облысы бойынша құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының жұмысшы топ мүшелері ретінде Мойынқұм ауданына экспедицияға барып қайттық.
Жалпы бүгінге сапар барысында қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын іздестіру, зерделеу мақсатында ардагерлерімен кездестік. Онда аудан тарихын жақсы білетін шежірелі қариялар мен ардагерлер, зиялы қауым және жергілікті өлкетанушылар білген ақпарат, деректерімен тегіс бөлісті. Олар өздерінен бұрынырақ уақытта ғұмыр кешкен көнекөздерден естігені бар, өздері тарапынан тапқан дүниелері бар – барлығын ортаға салды.

Аталған жиын барысында 1931-1933 жылдардағы ашаршылықтан қырылған боздақтардың жерленген жері бар екені айтылып, қуғын-сүргінге ұшыраған бірнеше адамдардың тарихы баяндалды. Бірақ өкінішке қарай, қуғынға ұшыраған боздақтардың қайда, қай жерге айдалғаны, өмірден өткен жері, не үшін қудаланғаны ақпараттардың толық болмауынан нақтыланбады. Дегенмен бірқатар сәтті жұмыстарды да айта кеткен жөн. Ең бастысы – ашаршылықтан қырылған жандардың көмілген, жерленген жерлері нақтыланды. Ол жер Мойынқұм ауданы орталығынан солтүстік-батыста орналасқан. Аудандағы көне көз қариялардың айтуынша, 1931-1933 жылдардағы ашаршылықта халықтың қырылғаны соншалық, жер басып жүргендері қайтыс болғандарды көміп те үлгере алмаған. Қаншама адамның өлі денелерін ат арбамен тасып апарып, өзен ағысынан ойпаңға айналған жерге тастап үйіп отырған. Жантүршігерлік мұндай қасірет елімізде бұрын-соңды болмаған. Сол халықтың аштан қырылып, жерленген жері Мойынқұм ауылының (аудан орталығы) солтүстік-батыс шетінде екені. Ол жерге бізді арнайы апарып, көрсеткен аудан әкімінің орынбасары Сабит Төлегенов мырза да біраз нәрседен хабардар етті. Көрдік, байқадық. Айналасы 3-4 гектар жерді алып жатқан аумақтан адам сүйектері көптеп шыққан. «Біз осында арнайы су құбырын тарту үшін канал қазғанымызда осындай адам сүйектерін көптеп кездестірдік. Сосын, ел ағаларының айтуы бойынша мұнда боздақтар жерленгенін түсініп, бәрін тоқтаттық. Қазір міне, өздеріңіз көріп отырғандай жұлдызды тұғыр белгі орнатылған» – деді аудан әкімінің орынбасары. Біз ол жерлерді картаға түсіруге және координаттарын алып, белгілейтінімізді айттық. Сонымен қатар Бірлік ауылының батысында, Айдарлы ауылының солтүстігінде, Жамбыл ауылының оңтүстік-шығысында орналасқан ескі қорымдарды барып көрдік. Бұл қорымдарды білетін ауыл ақсақалдары жоқ болып шықты. Біледі деген қарияның астанаға кетіп қалуына байланысты, ешкім ешнәрсе айтып бере алмады.

Ал Мұқаметқұл қарияның сөзіне құлақ түрдік. Бұл қарияның 1870 жылы туылған атасының айтуы бойынша ол кісінің атасының 9 бауыры да ашаршылықта өліп, жоғарыда аталған қорымға жерленген. Тағы да Боқтөбе деп аталатын ауылға қарасты Қызылжыңғыл деген қыстауда да ескі қорым бар екенін, онда да көптеген боздақтар жерленгенін сөз етті. Сонымен қатар қуғынға ұшыраған Жұман болыс туралы да құнды дерекпен бөлісті. Ол кісі туралы деректер Шымкенттегі «Қуғын-сүргін музейінің» архивінде сақталғанын жеткізді. Жұман болыс Мұқаметқұл қарияның нағашысы болып келеді. Сонымен бірге, Жұман болыстың өзі, балалары да қуғынға түсіп, 1931 жылы ұсталғанда анасы 3 жаста қалыпты. Осы кісілердің де деректері Шымкент қаласында жоғарыда аталған музейден табылғанын айтты. Президент архивіне хат жазып іздестіргенінде Мойынқұм ауданынан қуғынға ұшыраған 5-6 адамның табылғанын айтты. Бірақ әзірге олардың нақты кімдер екенін зерделей алмаған. Сол кезеңдердің болыстары болған Бұралқы болыс пен Жұман болыстың тарихынан да сыр шертті. Екі болыс бір-бірімен құда болған. Аяғында екеуі де бай баласы ретінде қуғынға ұшырайды. Бұралқы болыс алдымен Оралға жер аударылса, кейін ол жерден Түркменстанға қашып кетеді. Ол жақтан қайта ұстап әкеліп, Алматыда атылған екен. Мұқаметқұл қарияның атасының бауыры Азнабай деген кісі ақ патшаға қарсы көтеріліс жасаған Ақкөз Қосановпен бірге болған. Содан көтеріліс жеңіліс тауып басылған кезде, ол «Ақ патшаға қарсы шыққан дұшпан» ретінде түрмеге қамалады. Сол бір аласапыран кезеңде ақ патша құлап, қазан революциясы басталып, аяғында большевиктер билік басына келгенде босатылады. Сонда Азнабай батыр қызыл әскерлерге: «Маған ақ патшаға қарсы шыққан» деген қағаз беріңдер, әйтпесе түрмеден шықпаймын деп отырып алыпты. Ақ патша үшін соғысып жатқан қызыл әскерлер қуана-қуана сол құжатты беріпті. Кейіннен большевиктердің өзі көптеген адамдарды қуғын-сүргінге ұшыратқан кезде Азнабай қолындағы «Ақ патшаға қарсы шыққан» деген сол қағазын көрсетіп аман қалған екен. Бұл да ол кісінің сауатты, білімді, ақылдылығының арқасында болған өте құнды тарихи оқиға екені белгілі.

«Осы жалайырдың болысы Жұманның 3 әйелі болған. Үш әйелден төрт ұл, 3 қыз өсіп өнеді. Атап айтқанда, Жұмаділда, 1903 жылы, Ибадулла 1904 жылы, Зияділда 1912 жылы, Уәйділда шамамен 1920 жылдары туылған. Шамамен деп отырғанымыз Жұман болысты кеңес өкіметі балаларымен қоса тұтқындағанда осы Уайділда 6-7 жастағы бала екен. Бұрынғы Әулиеатаға (қазіргі Таразға) Жұман болыстың туысқандары ішінде Көшенов Абибулла бар, іздеп барып, тергеушілерге Уәйділданың жас екендігін, оның кінәсі жоқ сәби, тәрбиелесе кеңес өкіметінің нағыз азаматы болатындығын айтып жүріп түрмеден босатып алған.

Мұрағаттық дерек бойынша Жұмаділдада 4 бала, Ибаділдада 3 бала, Зияділдада 1 бала бар деп көрсетілген. Айта кететін бір мәселе осы Жұмаділданың 4 баласы және Зияділданың 1 баласы туралы ешқандай деректі білмейміз. Мүмкін тірі болса бір жерде жүрген шығар. Кеңес өкіметінен қорқып тегін айтпай жүруі де мүмкін. Сондықтан да осы балалар туралы дерек білетін адамдардың немесе ұрпақтарының хабарласуын сұранамыз және осы ақпаратты таратсаңыздар екен. Ал Жұманның Ибагүл, Раушанкүл, Ділдакүл атты 3 қызынан ұрпақтар бар. Қазір осы Бөлекбайұлы Жұманнан еркек кіндіктен ешкім жоқ. Кеңес өкіметі Жұманды үш баласы Жұмаділда, Ибаділла, Зияділдамен қосып болыстың тұқымы деп 1931 жылы атып тастаған» – деп Мұқаметқұл қария ұсынысын айтты.
Ал кітапхана директоры Ғалия Шубаева Иманжүсіптің қызы Раушан Иманжүсіптің дерегінен мәліметтер келтірді. Раушанның айтуынша, әкесі Иманжүсіппен бірге Мұқатай есімді досы да қуғынға ұшырап, айдалып кеткен екен. Кітапхана басшысы Ғалиядан қуғын көрген Мұқатайдың баласы Аман Мұқатаев деген кісінің Мойынқұмда ғұмыр кешкенін, қазіргі таңда Құмөзек ауылында тұратынын білдік. Аман Мұқатаевтың айтуы бойынша Иманжүсіп 1928 жылдары Қызылорда жақтан Мойынқұмға 200 жылқысын айдап келген екен. Содан осы Мойынқұмнан байлардың малын тәркілеуге байланысты 1930 жылдары ұсталған. Иманжүсіптің Мойынқұмға не себепті келгені әлі белгісіз дейді. Негізгі ойы, осы Мойынқұм арқылы шетелге қашып кету болған деген мысалдар бар дейді. Бірақ қызыл армия жолдың бәрін пулеметпен жауып жібермеген соң, осында амал жоқ тұрақтап қалған. Содан шетелге кете алмайтынын білген соң, 2 жылдай тұрақтап барып, қолындағы малдарының барлығын ауыл адамдарына таратып беріп, өзі қолына қару алып қызылдарға қарсы шығады. Мойынқұмда бірнеше соғысқа қатысқан Иманжүсіп 1930 жылы 20 желтоқсанда ұсталып, 1931 жылы 2 қазанда Әулиеата қаласында атылған екен.

Гүлсім Нарбаева болса, әжесінің ағасы Құралбек Қосымбеков деген нағашысы халық жауы болып, ұсталғанын, бірақ, оның есімі еш жерде аталмай, атаусыз қалғанын баяндап берді. Оның да нақты деректері жоқ екенін хабарлады.
Жалпы, жиында көптеген деректер айтылды. Және де барған сапарымыздан көптеген деректерді саралап, жинап, ашаршылықта жерленген жерлерді тауып қайттық. Жиынға жиналған зиялы қауым өкілдері тағы да айтылмай жатқан дүниелер болса, оларды түгендеп беретінін айтып, біраз деректерді тағы да іздестіретінін жеткізді. Жиын соңында ауыл шетіндегі аштан қырылған қорымды көріп, координаттарын анықтап қайттық.
Нәтижесінде, ашаршылықта қырылған боздақтардың жерленген қорымдарды анықтадық. Сонымен қатар ату жазасына кесілген адамдардың тарихын зерделедік. Ендігі мақсат осы аталған құрбандарды архивтік құжаттар арқылы іздестіру, анықтау. Ақталмаса ақталуына күш салу.

Сауран Қалиұлы, Ш.Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану»
орталығының директоры, топ жетекшісі.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support