Саладағы қырағы қызметкерлерден үйренгенім көп

14

Осыдан отыз жыл бұрын, нақтырақ айтсақ, 1992 жылдың 23 маусымында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заңды қабылдап, сала мамандарының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт бекітілген-ді. Міне, сол тұстан азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін құрылым жетіліп, сапалық жағынан да әлеуеті арта түсті. Орайы келгенде біз де отставкадағы полиция полковнигі, сала ардагері Талғат Жүнісқадыровпен сұхбаттасып, Қазақстан Полициясының өткені һәм бүгіні жайында аз-кем әңгімелескен едік.

– Талғат Көшкінбайұлы, әңгімені әуелі өзіңізден бастасақ. Кері шегініп, еңбек жолыңызға тоқталып, құқық қорғау саласына қалай келгеніңіз туралы айтып берсеңіз…
– Иә, кім де болса ілгері жылжып, жаңа белеске қадам басқанда өткенге көз тастап, жүрген жолын, атқарған жұмысын саралап, өзіне есеп береді. Мен 1958 жылы Тұрар Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылында қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келіппін. Әкем Көшкінбай Жүнісқадыров колхозда басшы болған. Анам Ханшайым Үркінбаева мектепте 40 жылдай тарих пәнінен сабақ берген ұлағатты ұстаз. Содан не керек, ауылда өскен соң, еңбекке де ерте жастан араластық. 1975 жылы ауылдағы орта мектепті тәмамдап, Қазақ Мемлекеттік университетінің Заң факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Алайда емтиханнан өтіп, іріктеуге келгенде 1 балл жетпей, оқуға түсе алмадым. Сондағы түсінгенім, әскерге барып келгендер мен еңбек өтілі бар жастардың Заң факультетіне оқуға түсуге мүмкіндігі жоғары болады екен. Содан не керек, іріктеуден өтпей, ауылға қайтып, өзіме таныс колхоздағы еңбекке араластым. Көп ұзамай 1976 жылы мамыр айында Совет Армиясы қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышымды абыроймен атқарып, 1978 жылы елге оралдым. Құқық қорғау саласында еңбек етсем деген бала арманым нақ осы шақта орындалды. Нақтырақ айтсам, 1979 жылдың ақпанында Басқарма басшысы, генерал Файзин Қыпшақбаев ағамыздың бұйрығымен Жамбыл облыстық ішкі істер басқармасының Жедел қызмет бөлімінде қатардағы инспектор болып еңбек жолымды бастап кеттім. Қарап отырсам, 34 жыл құқық қорғау саласында адал, абройлы қызмет атқарып, кіші лейтенант шенінен полковник дәрежесіне дейін, қатардағы инспектордан Жамбыл облыстық Ішкі істер департаментінің орынбасары лауазымына дейін көтеріліппін. 2012 жылы қыркүйекте сол кездегі департамент басшысы, бүгінгі полиция генерал майоры Бекет Аймағамбетов департаменттің үлкен залында жеке құраммен маған құрмет көрсетіп, зейнетке шығарып салғаны да күні кешегідей есте. Негізі мен Ішкі істер саласында МАИ мен тергеуші лауазымында ғана болыппын. Сол жолда басқа да лауазымды қызметтерді атқардым. Мәселен, жедел қызмет бөлімінен кейін 1982-1986 жылдары Луговой (Т.Рысқұлов) аудандық Ішкі істер бөлімінде учаскелік инспекторы болдым. Қазір сол бөлімнің басшысы болған Жақсылық Дауренбаев ағамыздың адамгершілігін, жас мамандарды тәрбиелеудегі біліктілігін еске алып, іштей риза боламын. Ол кісіден қызметте әркез салқынқанды болуды, халықпен жұмыс істеуді және қылмысты ашудың да түрлі тәсілдерін үйрендім. Кейін 1986 жылы жұмыс бабымен Меркі аудандық Ішкі істер бөліміне ауыстым.
– Кез келген салада аға буын мен кейінгі жас толқынның арасындағы байланыс берік болса, жұмыс ширап, іс алға басады деп жатады. Құқық қорғау саласында білгенін үйретіп, беліңізді буған білікті ұстаздарыңыз көп болды ма?
– Әрине, жас шыбықты қайда исең, сонда бой түзейтіні секілді, біз де сала ардагерлерінің шарапатын сезіндік. Мысалы, Меркі аудандық Ішкі істер бөлімінің қылмысты іздестіру бөлімшесінде жедел уәкіл лауызымынан сол бөлімшенің басшысы, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығының бірінші орынбасары, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болған тұста да саладағы қырағы қызметкерлерден үйренгенім көп. Осы ретте Меркі аудандық Ішкі істер бөлімінде менің кәсіби басшы болуыма үлестерін қосқан ағаларымыздың атын атап өтуді жөн деп есептеймін. Олардың қатарында полиция генерал майоры Мейірхан Жаманбаев, полковник Әбиірбек Байдашев, Мұрат Шыныбаев, Оразалы Шералин, Нұржан Дүйсебаев, Айтжан Тойшыбеков сынды ағаларымыз бар еді. Мен 1997-1999 жылдары Меркі аудандық Ішкі істер бөлімінің, 1999-2000, 2006-2007 жылдары Шу аудандық Ішкі істер бөлімінің, 2001-2006 жылдары Т.Рысқұлов аудандық Ішкі істер бөлімінің және 2007-2009 жылы Қордай аудандық Ішкі істер бөлімінің басшысы болдым. Байқасаңыз, аталған төрт ауданда да сол жылдары қылмыс деңгейі жоғары болып, ахуал өршіп тұрған-ды. Абырой болғанда жеке құрамның ықалымен аталған аудандарда қылмыстық ахуалды тұрақты деңгейге жеткізіп, қоғамдық тәртіпті қалыптастыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқардық. Сол күрделі кезеңдерде бізбен тізе қосып ете жұмыс істеген қырағы полицейлер кейін бір-бір аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы болып, құқық қорғау саласына өлшеусіз үлестерін қосты. Мұның өзі біз үшін үлкен абырой. Солардың қатарында Сәкен Ашималиев, Сәбит Мамытбеков, Қайрат Капаров, Талғат Татенов, Бақыт Баймұханбетовтердің еңбегі ерен. Өзім 2009 жылы тамыз айында облыстық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары қызметіне тағайындалдым. Білікті де білімді, қызметіне қырағы әріптестермен еңбек еттім. Олардың алды бүгінгі Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары полиция генерал лейтенанты Марат Кожаев болса, облыстық департаменттің басшысы полиция генерал майоры Арманбек Баймурзин сонымен қатар полковник Берік Кутбаев, Қазыбек Алимбеков, Қалижан Шонгарбаев, Ахат Абдезов, Ержан Егембердиев сынды тәжірибелі жігіттер.
– Еңбек жолыңызға үңілсек, жұмыстың ауырлығына қарамастан бірнеше ауданда абыройлы еңбек етіпсіз. Жұмыс пен отбасылық өмірде ауызбіршілікті сақтай отырып, үйлестіру қиындық тудырмады ма?
– Иә, күрделі әрі жауапты қызметте жүріп, отбасылық мәселелерді реттеудің өзіндік қиындықтары болады. Бірақ сол қиындықтарға мені алаңдатпай, үйдің түтінін түзу шығарып, үй шаруасындағы барлық ауыртпалықты көтере білген жарым Ботакөз Мадимароваға алғысым зор. Біздің отау құрып, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанымызға да 43 жылға жуықтапты. Алланың қалауымен 3 қыз және ұл бала тәрбиелеп өсірдік. Қазір олардың әрқайсысы өз алдына шаңырақ көтеріп, біз 10 немере сүйіп отырмыз. Ұл-қыздарым мен олардың жолдастары түгелдей жоғары білімді. Тұңғыш қызым Назгүл Молдазым құқық қорғау саласының облыстық департамент штаб басқармасында майор шенінде еңбек етсе, екінші қызымыз Айнұр нотариуста жұмыс істейді. Жолдасы майор Нұржан Керебаев қалалық жергілікті полицияның басшысы. Үшінші қызым Нұрсәуле мен жолдасы Руслан медицина саласында болса, балам Нұрсұлтан мен келініміз Мөлдір қаржы саласында абыройлы еңбек етуде.
– Құқық қорғау саласы жылдан жылға өркендеп, сапалық құрам жағынан да әлеуеті артып келеді. Есте болса, сіз қызмет еткен жылдары осы салада қандай елеулі өзгерістер күшіне енген еді?
– Біз 1991 жылға дейін Кеңес Одағының милиция қызметкері болып жұмыс атқардық. Кейін Кеңес Одағы ыдырап, ел егемендігін алған тұстағы аумалы-төкпелі замандарды да еңсердік. 1992 жылы 23 маусымда милиция Қазақстан Полициясы болып кайта құрылғаннан-ақ елімізде елеулі өзгерістер орын алды. Әрине, алғашқы жылдары құқық қорғау органында қылмыстық оқиғаларда алдыңғы шепте болған қызметкерлердің жұмысы өте ауыр болды. Полиция қызметкерлерінің техникалық базасы мен құрал-жабдықтары да қазіргідей жетілдірілмеген еді. Қылмыстың жаңа түрлеріне қатысты жаңа баптар пайда болды. Атап айтсақ, тапсырыспен адам өлтіру, бопсалау, рэкет, қылмыстық топтардың бас көтеруі жиілеген-тін. Осындай қиын-қыстау сәттерде құқық қорғау саласының қызметкерлері жұмыстың ауырлығына қарамай, ұйымдасқан қылмыстық топтарға өз деңгейінде төтеп беріп, жолын кесіп, қоғамдық тәртіп орнатты. Міне, өткенге көз тастасақ, Қазақстан Полициясы 30 жылдық тарихында заманға сай өзгеріп отырғанын байқаймыз. Осы өзерістердің барлығы полицияның жұмысын жүйелеуге, халыққа қызмет ету сапасын арттыруға, қылмыстың алдын алуға, болдырмауға, болған күннің өзінде бетін ашып, қылмыскерлерді заң жүзінде жауапқа тартуға бағытталды. Енді бұл міндеттерді тағы да ширай түсуге Президент, Үкімет пен Министрлік тарапынан тиісті шешімдер қабылданып, қолданысқа енгізілуде. Бүгінде Министрліктің Сервистік полиция және қоғамдық орындардағы тірек посттарының жұмысын ұйымдастыру мәселесі құптарлық шешім болды деп есептеймін. Себебі полиция қызметкерлері халыққа жақын болып, ел арасындағы қылмыстық оқиғаларға немесе құқық бұзу фактілері орын алған аумаққа шұғыл жетіп, тез арада шара қолданса, ел алдында абырой-мәртебесі арта түседі. Сол секілді қазіргі «Сергек» камералары да халық көп шоғырланған аумақтарға қойылса, міндетті түрде оң нәтижесін береді деп ойлаймын.
– Полиция ардагері ретінде құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрген кейінгі жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
– Осы сәтте 2011 жылы 11 қарашада болған оқиға ойға оралғаны. Сонда террорист Кариевті тоқтатқан Ғазиз Байтасовтың ерлігін ел ұмытпайды. Өзім Байтасовты бұрыннан қызметте қырағы, антына адал сарбаз жігіт ретінде жақсы танитынмын. Сол күні қарақшыға қалай тұра ұмтылып, алысқанын да көзбен көрдім. Ол расында да өз өмірін бейбіт тұрғындардың жолында құрбан етті. Кейін кешқұрым жергілікті телеарналарға берген сұхбатта оның даңқты батыр Ағәділ Суханбаевтың ерлігін бейбіт күнде қайталаған оғлан екенін айттым. Білетінім, кейінгі жас полицейлер Байтасовтың ерлігін үлгі тұтып, батыр ұлға қарап бой түзесе, осал қызметкер болмайтыны айдан анық.
Біз жемқорлықтың қоғамды бүлдіретін жегі құрт екеніне көзіміз жетті. Сондықтан жергілікті полиция қызметінің құзыретін арттыру керек деп есептеймін. Бұл мәселені қоғам болып, ел болып оңтайлы шешуге үлес қосуымыз қажет. Осы ұстаныммен полиция қызметкерлерінің жұмысына адал әрі өз ісінің шебері болып қалыптасуы маңызды. Ол үшін әуелі құқық қорғау саласының базасын аса қажетті құрал-жабдықтармен толықтырып, жалақы жайын реттеп, әлеуметтік қорғау мәселесін реттеген ләзім. Сондай-ақ оқу-жаттығу жиындарын үзбей ұйымдастырудың да өзіндік маңызы жоғары. Дәл қазіргі уақытта полиция қызметкерлеріне тұрғындар тарапынан қойылатын талап жоғары болған соң, сала мамандары сол талаптың үдесінен шыға білсе нұр үстіне нұр болар еді. Демек, ең әуелі сапалық құрамға басымдық бергеніміз жөн.
Сөзімді түйіндей келе, саладағы әріптестерімді Қазақстан Полициясының 30 жылдық мерекесімен құттықтағым келеді. Қызметте қырағылығымен көзге түсіп жүрген мамандардың жұмысына табыс тілеймін! Халықтың қауіпсіздігі жолында күндіз-түні тыным таппай атқарып жүрген еселі еңбегінің жемісін көріп, Қазақстан Полициясының мәртебесін арттыра берсін дейміз!
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Сәндібек Піренов.

Comments are closed.